Accessibility links

Орталық Азияда совет кезінен жалғыз президент қалды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Токио, 7 қараша 2016 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Токио, 7 қараша 2016 жыл.

2016 жылы Орталық Азияда тәуелсіздік алған жылдарғы тұңғыш басшылар қайтыс болып, кейбір елдерде қазіргі президенттер жеке билігін нығайта түсті.

2016 жылы Орталық Азияда Өзбекстан мен Тәжікстанның тұңғыш президенттері қайтыс болды. Тәжікстан мен Қырғызстанда конституциялық референдум өтті. Түркіменстан конституциясын көпшілік талқылауынсыз өзгертті. Совет кезінен бері бір ғана президент басқарған Қазақстанда тағы да кезектен тыс парламент сайлауы өтіп, ел наразылығынан кейін билік жер реформасына мораторий жариялауға мәжбүр болды.

БАСШЫСЫ АУЫСҚАН ӨЗБЕКСТАН

2016 жылғы Өзбекстандағы басты оқиға Совет одағы кезінен елді үзбей 27 жыл басқарып келген тұңғыш президенті Ислам Каримовтің қазасы болды. 2 қыркүйекте оның қайтыс болғаны ресми түрде хабарланды. Өзбекстанның тұңғыш президентін жерлеуге көрші елдерден Тәжікстан мен Түркіменстан президенттері қатысты. Қазақстан президентінің де әуелде Ислам Каримовпен қоштасу рәсіміне қатысатыны хабарланғанымен, соңынан жоққа шығарылды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл кезде Қытайдағы G20 саммитінде жүрген. Ресей президенті Владимир Путин осы саммиттен қайтар жолда Өзбекстанға соғып, Ислам Каримовтің қабіріне барды. Қазақстан президенті Өзбекстанға Путиннен кейін, Құрбан айттың алғашқы күні барып Ислам Каримовтің отбасымен және сол кездегі президент қызметін уақытша атқарушы Шавкат Мирзияевпен кездесті.

Ислам Каримовтің қазасынан кейінгі шараларда оның отбасы мүшелері арасында үлкен қызы Гүлнара Каримова байқалмады. Қазірге дейін оның қайда, қандай жағдайда екендігі туралы нақты мәлімет жоқ.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Ташкент, 5 желтоқсан 2016 жыл.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Ташкент, 5 желтоқсан 2016 жыл.

Өзбекстан негізгі заңына сәйкес Ислам Каримов қазасынан кейін президент міндетін атқару сенат төрағасына тапсырылуы керек еді. Алайда сенат төрағасы Нигматулла Юлдашев өзінің «тәжірибесіздігін» айтып одан бас тартқаны хабарланды.

Премьер-министр Шавкат Мирзияев президент қызметін уақытша атқарушы болып тағайындалған сәттен бастап Ислам Каримов тұсында қызметтен алынған немесе төмендетілген шенеуніктерді қайтадан қызметке тарта бастады. Бір кезде қысымға ұшыраған өнер адамдары да Мирзияевтің билікке келуімен қарайлас сахнаға қайта оралды. Азаматтықтан шығуға рұқсат беріліп, бизнес өкілдеріне де жеңілдіктер қарастырылды.

Сыртқы саясатта Мирзияев Өзбекстанның көрші елдермен қатынасын оңдауға ынта білдіріп, қазір осы бағытта шаралар жасалып жатыр. Әсіресе, Өзбекстанның Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы қатынасты сауықтыруға назар аударуы аймақта оң бағаланған. Шавкат Мирзияев президент болып сайланғаннан кейін Ташкентке бірінші болып Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев ресми сапармен барып қайтты.

ТӘЖІКСТАН: ӘУЛЕТТІК БИЛІККЕ ҚАДАМ

Тәжікстан 2015 жылы қол қойылған «Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы - ұлт көшбасшысы» туралы заңын 2016 жылы қайтадан жаңартып қабылдады. Президент пен оның отбасына ерекше құқықтар беретін заңда қазіргі үшінші президент Эмомали Рахмон «ел тәуелсіздігінің негізін қалаушы» мәртебесіне ие болды. Жоғары оқу орындарында Эмомали Рахмон туралы лекциялар енгізіліп, оны дәріптеу жалғаса түсті.

2016 жылы өткен конституциялық референдумда ел Эмомали Рахмонның президенттік өкілеттік мерзіміне қойылған шектеуді жоюға және президенттікке кандидаттың жасын 35-тен 30-ға дейін азайтуға дауыс берді. Бұл Эмомали Рахмонның ұлы Рустам Эмомалидің президенттік сайлауға түсіп, мұрагері болуына жол ашты.

Президенттің қызы Озода Рахмон 2016 жылға дейін сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарып келген. Былтыр бір жылдың ішінде Озода Рахмон екі рет жаңа қызметке тағайындалды. Ол әуелде президент әкімшілігінің басшысы болып тағайындалып, соңынан сенат депутаты болды. Эмомали Рахмонның тағы бір қызы Рухшона 2016 жылы сыртқы істер министрлігіндегі басқарма бастығының орынбасары болып тағайындалды.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон.

16 қарашада Тәжікстанда президент күні бірінші рет аталып өтті. Елде бұл күн тек қазіргі президент Эмомали Рахмонға ғана емес, елдің барлық басшыларына да қатысты екені хабарланды. Бірақ тәжікстандықтардың көбі Эмомали Рахмоннан басқа президентті білмейді.

2016 жылы жазда елдің тұңғыш президенті Қаххар Махкамов 84 жасқа қараған шағында қайтыс болды. 1991 жылы Тәжікстан тәуелсіздігін жариялауға тоғыз күн қалғанда парламент наразылығынан кейін қызметтен кеткен Қаххар Махкамов кейін саясатқа да араласпады, мемуар да жазбады.

2016 жылы Тәжікстан Рогун ГЭС-і құрылысын жалғастырды. ГЭС құрылысына қатысудан Ресей бас тартқаннан кейін тәжіктер Италиямен келісімге отырды. Бұған Өзбекстан қарсы болып, 2016 жылы көктемде өзбек премьері Шавкат Мирзияев Тәжікстанға наразылық хатын жолдаған болатын. Күзде Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Рогун ГЭС-і үшін Вахш өзенінің арнасын бұру рәсіміне қатысты.

Ислам Каримов қайтыс болғалы Өзбекстан осы мәселеге қатысты әрқандай бір рай білдірмеді. Жыл соңында Душанбеге Өзбекстан делегациясы барып, екі ел байланысын дамыту мәселесін талқылады.

ТҮРКІМЕНСТАН: ЕКІНШІ ПРЕЗИДЕНТПЕН - ҮШІНШІ МЕРЗІМГЕ

2016 жылы Түркіменстанның тұңғыш президенті, «Түркіменбашы» атауымен танылған өзін өмір бойына президент деп жариялаған Сапармұрат Ниязовтың қайтыс болғанына 10 жыл толды. Күзде Түркіменстанның конституциясы тәуелсіздіктен бері бесінші мәрте өзгертілді. Қыркүйек айында Түркіменстан парламенті елдің жаңа конституциясын қабылдады. Оның жобасын екі жыл бойы арнайы конституциялық комиссия қарап, соңында «азаматтардың құқықтарына кепілдік береді» деген сипаттама берді.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовке орнатылған 21 метрлік ескерткіштің ашылу рәсімінде тұрған адамдар. Ашғабат, 22 мамыр 2015 жыл.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовке орнатылған 21 метрлік ескерткіштің ашылу рәсімінде тұрған адамдар. Ашғабат, 22 мамыр 2015 жыл.

Түркіменстанның бұрынғы конституциясында да бір адамның бірнеше кезеңге қатарынан президент болуына шектеу қойылмағанымен, жасына байланысты шектеу бар еді. Яғни жасы 70-тен асқан адамның президенттік сайлауға түсуіне рұқсат етілмейтін. Былтырғы конституцияда жас шектеуі алынып тасталды да, шектеусіз мерзімге сайлану құқығы қалдырылды. Және ел президентінің өкілеті бұрынғы бес жылдан жеті жылға ұзартылды.

Атап өтер жайт, Түркіменстанның жаңа конституциясының жобасы баспасөзде де жарияланбай, халыққа ұсынылып талқыланбай қабылданған.

Биыл 12 ақпанда Түркіменстанда президент сайлауы өтеді. Екінші президент Гурбангулы Бердімұхаммедов алдағы сайлауға тағы да түспек. Президенттікке кандидат ретінде барлығы тоғыз адам тіркелген. Кандидаттардың құрамына қарағанда облыс әкімдері орынбасарлары деңгейіндегі тұлғалардың басым екені байқалады. Түркіменстанда алдағы уақытта да үлкен өзгеріс болмайды, қазіргі президент үшінші мерзімге сайланып, бұйығы Түркіменстан бұрынғы күйінде қала береді деген болжам айтылады.

ПРЕМЬЕР ПӘРМЕНІН АРТТЫРҒАН ҚЫРҒЫЗСТАН

2016 жылы Қырғызстанда референдум жолымен конституция өзгертіліп, премьер-министрдің құзіреті өсті. Сарапшылар мұны 2017 жылы қазан айында өтетін президент сайлауымен байланыстырды. Қырғызстанда бір адам қатарынан екі мерзімге президент болып сайлана алмайды. Қазіргі президент Алмазбек Атамбаев ендігіде премьер-министр ретінде ықпалын сақтап қалғысы келеді деген пікірлер айтылады.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев конституциялық өзгертулерге қатысты референдум мен жергілікті кеңеш сайлауына дауыс беріп тұр. Бішкек, 11 желтоқсан 2016 жыл.
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев конституциялық өзгертулерге қатысты референдум мен жергілікті кеңеш сайлауына дауыс беріп тұр. Бішкек, 11 желтоқсан 2016 жыл.

Конституциядағы өзгерістер бойынша үкімет басшысы министрлерді қызметке тағайындау-босату мәселесін президент және жергілікті кеңештердің мақұлдауынсыз дербес шеше алады. Премьер-министр бюджеттің шығыс бөлігін ұлғайтатын заң жобаларын да бөгей алады. Бұған қоса премьер мен оның орынбасарлары отставкаға кеткеннен кейін де парламентте депутаттық мандаттарын сақтап қалмақ.

2016 жылы Қырғызстан Қамбар ата ГЭС-і мен Жоғарғы Нарын сарқырамасы ГЭС-інің құрылысын міндетіне алған Ресеймен арадағы келісімнің күшін жойды. Себеп - Ресей жағының құрылысты уақытында бітіре алмауы болды. Ресей жағы өздері осыған жұмсадық деген 37 миллион долларын өтемақы ретінде қайтаруын талап етті. Алайда ГЭС құрылысы шығынын тексеру үшін құрылған депутаттық комиссия шығынның бұдан екі есе аз екенін айтады. Әзірге дау одан әрі жалғасып отыр.

Тәуелсіздік алғаннан бері екі бірдей революцяны өткерген Қырғызстан 2010 жылы елден кеткен бұрынғы президент Құрманбек Бакиевті 2016 жылы да Беларусьтан қайтаруға тырысқанымен ресми Минск Беларусь азаматтығын алған Бакиевті қайтара алмайтынын білдірді.

ҚАЗАҚСТАН: ЕЛ ЖЕР РЕФОРМАСЫН ШЕГЕРТТІ

Қазақстан 2016 жылы да мерзімінен бұрын парламент мәжілісі сайлауын өткізгенімен, жаңадан сайланған мәжіліс құрамының 40 пайызы бұрынғы депутаттардан жасақталды. Мәжіліс сайлауын мерзімінен бұрын өткізуді депутаттар «әлемдегі жүйелі дағдарысқа қарсы тұру» шараларымен байланыстырған. Өз мерзімімен сайланса, қазіргі алтыншы мәжілістің сайлауы 2017 жылы өтуі керек еді. Сарапшылар сайлау уақытында өтсе де оның құрамы аса қатты өзгермейді деген болжам айтқан. Қазақстан 2017 жылы басқа халықаралық шара - ЭКСПО көрмесін өткізуге әзірленіп жатыр.

2016 жылы Қазақстанда жер реформасына қарсы ел наразылығы билікті шешімін өзгертуге мәжбүр етті. Үкімет көктемде шілденің 1-інен бастап елде ауыл шаруашылығы жерлерін азаматтарға жеке меншікке аукцион арқылы сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартуды жоспарлап отырғанын жариялаған. Сәуір-мамыр айларында бірнеше қалада өткен наразылық акциялары кейін жер реформасын жүргізу кейінге шегерілді. Үкімет жер комиссиясын құрып, елде жер реформасын жүргізуге бес жылға дейін мораторий жариялады. Жер реформасына қарсы митингіге қатысқан азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян сотқа тартылып, бес жылға түрмеге қамалды.

Атасы мен немересі. Алматы облысындағы Асы жайлауы. 31 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет.)
Атасы мен немересі. Алматы облысындағы Асы жайлауы. 31 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет.)

Орталық Азияда Қырғызстан мен Тәжікстанда ауыл шаруашылығы жері шетелдіктерге жалға беріліп келеді. Сыншылар 1999 жылдан бері Қытаймен арадағы шекараны белгілеген Орталық Азия елдерінің алғанынан бергені көп екені туралы айтып жүр. Сарапшылар жерді жекеменшікке және жалға беру туралы жоспарын жариялайтын кезде Қазақстан үкіметі халықтың реакциясы қандай болатынын болжап, біліп отыруы керек еді деп есептейді.

2016 жылы Қазақстан президентінің қызы Дариға Назарбаева жаңа қызметке тағайындалды. Ол соңғы үш жылда жыл сайын қызмет ауыстырып отырған. 2014 жылы мәжілістің вице-спикері болған Дариға Назарбаева 2015 жылы премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарды. 2016 жылы Дариға Назарбаева сенат депутаты болып тағайындалды.

Бұған дейін Орталық Азияда билік мұрагері жайлы болжам тура келген жағдай болған. Шавкат Мирзияевтің Өзбекстанның болашақ президенті болатыны 2013 жылдан бастап айтылды. Алайда аймақтағы басқа елдер туралы әзірге бірдеңе деу қиын. Нұрсұлтан Назарбаев Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін Орталық Азияда ғана емес, жалпы постсоветтік кеңістікте Совет одағы кезеңінен қалған жалғыз президент болып отыр.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG