Accessibility links

Расул Жұмалы: «Өзбек-тәжік қатынасы тұтас Орталық Азияға әсер етеді»


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (ортада) мен Өзбекстан премьері Шавкат Мирзияев (оң жақта) Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың жаназасында тұр. Самарқан, 3 қыркүйек 2016 жыл.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (ортада) мен Өзбекстан премьері Шавкат Мирзияев (оң жақта) Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың жаназасында тұр. Самарқан, 3 қыркүйек 2016 жыл.

Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін Өзбекстан-Тәжікстан арасында «жылымық» байқалды. Екі ел қатынасының Орталық Азияға әсері жайында Азаттыққа сұхбат берген сарапшы Расул Жұмалы оны уақытша деп бағалайды.

29 қыркүйекте Душанбеге сапарлаған Өзбекстан сыртқы істер министрі Абдулазиз Комилов Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен кездесуде екі ел қатынасын қайта қарастыру жайлы мәлімдеді. Өткен аптада БҰҰ-да сөйлеген сөзінде де ол соңғы бірнеше жылда дағдыға айналған Өзбекстанның Тәжікстандағы Рогун ГЭС-іне қарсылығы жайлы айтпады. Ислам Каримов қайтыс болғанда жаназасына Эмомали Рахмон да қатысты. Бұл шекара, су ресурстарын пайдалану мәселесінде үнемі дауға ұрынып келе жатқан осы екі ел қатынасына және Орталық Азиядағы ынтымақтастыққа қаншалықты әсер етеді. Қазақстандық сарапшы Расул Жұмалы Азаттыққа сұхбатында осы мәселеге тоқталды.

Азаттық: - Соңғы бір айдағы екі ел арасындағы «жылымық» Ташкент пен Душанбеге не береді?

Расул Жұмалы: - Меніңше, бұл – уақытша құбылыс. Өзбекстан сыртқы істер министрі Абдулазиз Комиловтың мәлімдемесі конъюнктуралық сипатқа ие. Екі ел арасында шекара дауы, контрабанда, жалпы аймақтағы қауіпсіздік мәселесін шешуде алшақтық бар. Ең негізгі түйткіл екі ел арасындағы су энергетикалық мәселе шешілмей келеді. Болашақта да өзендерді бұрып, ГЭС-ке пайдалану кезінде Тәжікстан тұтынатын судың көлемі ұлғая түседі. Өзендердің төменгі ағысында орналасқан елдер, соның ішінде халқының көпшілігі ауыл шаруашылығымен айналысатын Өзбекстан үшін бұл үлкен проблемаға айналады.

2012-2013 жылдары марқұм Ислам Каримовтің өзі де бұл мәселенің шешілмеуі соғысқа алып келуі мүмкін деп айтқан болатын.

Вахш өзеніндегі Рогун су бөгеті құрылысы. Тәжікстан, 13 қазан 2011 жыл. (Көрнекі сурет.)

Вахш өзеніндегі Рогун су бөгеті құрылысы. Тәжікстан, 13 қазан 2011 жыл. (Көрнекі сурет.)

Азаттық: - Өзбекстан сыртқы істер министрі Абулазиз Комилов өз елінің Рогун ГЭС-і құрылысына қарсылығын сол 2013 жылдан былтырға дейін БҰҰ мінберінен айтып келді ғой.

Расул Жұмалы: - Иә, екі ел арасындағы бұл түйткіл әлі де қалып отыр. Неліктен «жылымық» байқалып отыр дегенге келсек, бұны Өзбекстандағы биліктің ауысуымен және Рогун ГЭС-і құрылысындағы негізгі инвестор Ресейдің қаржылық мүмкіндігінің шектелуімен байланыстыруға болады. Ресейдің Рогун ГЭС-іне уәде еткен инвестициясы келген жоқ және су станциясы құрылысы да тоқырап қалды.

Бірақ ертелі-кеш ГЭС бәрібір салынады. Себебі Тәжікстанда электр қуаты жетіспейді. Басқасын былай қойғанда, астанасы Душанбенің өзінде жарық шектеліп беріледі. Түйткілден шығудың жолы – электр қуаты көлемін ұлғайту.

Бұрындары судың қайтарымы ретінде өзеннің төменгі ағысы бойында отырған Өзбекстан мен Қазақстан Тәжікстан мен Қырғызстанға төмендетілген бағамен газ, мазут, көмір жіберіп компенсация беріп келген болатын. Бірақ соңғы кездері оның бағасы өсе бастады. Тәжіктерді бұл қатты алаңдатады.

Сондықтан да Өзбекстан жағының Тәжікстанмен байланысты қайта қарастырамыз деп мәлімдеуін Рогун ГЭС-і құрылысының тоқырауымен байланыстыра аламыз. Оның сыртында бұл желтоқсан айында Өзбекстанда болатын президент сайлауы алдында президенттікке кандидат, қазір президент қызметін уақытша атқарушы Шавкат Мирзияевтің сыртқы саясатта белгілі бір көзқарас қалыптастыру әрекеті де болуы мүмкін.

Азаттық: - Ауғанстанмен шекаралас Өзбекстан мен Тәжікстан арасындағы қатынас Орталық Азияда шешуші роль ойнай ала ма? Екі ел қатынасының оң немесе теріс болуының Орталық Азиядағы өзге елдерге әсері қандай?

Ауғанстанмен шекара аймағында шолғында жүрген тәжік шекарашылары. 7 наурыз 2016 жыл.

Ауғанстанмен шекара аймағында шолғында жүрген тәжік шекарашылары. 7 наурыз 2016 жыл.

Расул Жұмалы: - Тоқсаныншы, екі мыңыншы жылдары Ауғанстан факторына қатысты Өзбекстан мен Тәжікстан арасы ушыққан болатын. Содырлардың Тәжікстан арқылы Өзбекстан жеріне өтіп, шабуылдар жасағаны белгілі. Өзбекстан сол кезде қатаң мәлімдемелер жасады. Өзбекстан Тәжікстанды қауіпсіздік шараларын атқара алмағаны үшін айыптап, тіпті Тәжікстан аумағына кіріп содырларға тойтарыс бере алатындығын мәлімдеген.

Тәжікстанда жағдай ушығатын болса, Тәжікстан мен Өзбекстан арасында шиеленістер пайда болса, бұл бүкіл Орталық Азия аймағына кері әсер етері анық. Естеріңізде болса, тоқсаныншы жылдары Тәжікстандағы азамат соғысы кезінде аймақта босқындар мәселесі туындады.

Өзбекстан мен Тәжікстан арасындағы су-энергетикалық мәселелер осы екі елдің ғана емес, тұтас аймаққа да қатысты. Тәжікстан мен Қырғызстаннан келетін ірі өзендердің суын Өзбекстаннан кейін су аяғындағы Қазақстан да пайдаланады. Қазақстанның оңтүстігіндегі диқандардың шаруашылығы да су ресурстарына өте тәуелді. Су жетпей қалса, экономикалық-әлеуметтік мәселелер туындайды.

Совет заманында Орталық Азияда су мәселесін ортақ комиссия ұзақ мерзімге есептеп, шешіп, реттеп отыратын. Қазір аймақтағы су мәселесін реттеу қысқа мерзімге ғана жоспарланады. Яғни, су мәселесі тараптарды қанағаттандыратындай көлемде шешілмей келеді. Басқасын былай қойғанда, совет заманымен салыстырғанда қазір Тәжікстан мен Қырғызстаннан келетін су көлемі табиғи түрде де қысқарып келеді. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін мықты саяси ерік-жігер керек. Бірақ біз аймақтан сондай деңгейдегі саяси ерік-жігерді байқап отырған жоқпыз.

Азаттық: - Өзбекстан президенті қызметін уақытша атқарушы болып бекітілгеннен кейін Шавкат Мирзияев елдің сыртқы саясатта Орталық Азия елдерімен қатынасына баса мән беретінін жариялады. Мұны Өзбекстанның жаңа ұстанымы деп айтуға бола ма? Егер айтуға болады десек, бұл Орталық Азияда бірдеңені өзгерте ме?

Саясаттанушы Расул Жұмалы.

Саясаттанушы Расул Жұмалы.

Расул Жұмалы: - Орталық Азияда халқы ең көп және осы аймақтағы елдердің барлығымен де шекараласып отырғаннан кейін Өзбекстанның сыртқы саясаты, сыртқы экономикалық саясаты әрине, маңызды. Каримовтың заманында байланыстар шектеліп, Өзбекстан тұйық, жабық мемлекетке айналды. Өзбекстан көрші елдеріне тәуелділіктен айрылуға ұмтылды. Мәселен, Өзбекстан астық тұтынуда бұрын Қазақстанға тәуелді болатын. Алайда көп шығын жұмсап оны реттеп алды.

Бұған дейін Өзбекстанның тұйықтығы аймақтық ынтымақтастыққа нұқсан келтіріп келгенін ескергенде Мирзияевтің мәлімдемелеріне үмітпен қарауға болады. Сыртқы саясаты, сыртқы экономикалық саясаты өзгеретін болса, әлеуеті зор Өзбекстанмен байланыс оңды ынтымақтастықтың басы болмақ. Өкінішке қарай бұл әлеуетін Өзбекстан әзірге пайдаланбай келеді.

Осы арада айта кетуге тура келеді, Орталық Азиядағы бес мемлекеттің өзара сауда қатынасы олардың сыртқы сауда байланысының бар болғаны бес пайызын құрайды. Аймақтағы барлық елмен шектесетін Өзбекстанның изоляциялық саясаты өзгеретін болса, Ташкенттің өзіне де, аймақ елдеріне де тиімді болар еді. Бірақ бұған қаншалықты Шавкат Мирзияевтің ерік-жігері жетеді, оны уақыт көрсетеді.

Азаттық: - Сұхбат бергеніңізге рақмет.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    Алматы бюросының бас редакторы. Азаттық радиосында 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған.

XS
SM
MD
LG