Accessibility links

Тәжік билігі Берлиндегі акция үшін белсенділердің туыстарын жарықсыз қалдырды


Эмомали Рахмон Берлинге сапарлағанда тәжік белсенділері оның көлігіне жұмыртқа лақтырған.
Эмомали Рахмон Берлинге сапарлағанда тәжік белсенділері оның көлігіне жұмыртқа лақтырған.

Душанбе шетелдегі оппозиция белсенділерінің Тәжікстандағы туыстарын жарықсыз қалдырды. Бұл шара Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмонның Германияға сапары кезінде президент көлігіне жұмыртқа лақтырған оппозиция мүшелерінің әрекетіне жауап болып отыр.

Тәжікстанның авторитар билігі электр жарығын саяси қарсыластарына ықпал ету тетігі ретінде пайдаланады. Жақында шенеуніктер бірнеше оппозиционердің үйіндегі жарықты өшіріп тастаған.

Шетелде тұратын 4 белсендінің ата-анасы кейінгі күндері жарықсыз қалғанын хабарлады. Шенеуніктер белсенділердің жақындарына "Балаларыңыз билікті сынағаны үшін жарықсыз қалдыңыздар" деп ашып айтқан.

Өткен айда оппозиция өкілдері Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмонның Германияға сапары кезінде президент көлігіне жұмыртқа лақтырып, наразылық акциясын өткізген. Акцияға қатысушылар – шетелде тұратын тәжіктер. Енді белсенділердің елде қалған туыстарына қысым жасалып отыр.

Фархор ауданында тұратын 72 жастағы Ойшамо Абдуллоеваның сөзінше, жарықты өшіруге келген жұмысшылар "жоғарыдағылардың бұйрығын" орындап жатқанын айтқан.

– "Ақшасын уақтылы төлеп жүрміз ғой, жарықты неге өшірдіңдер?" деп сұрадым. "Жоғарыдағылардың бұйрығы, ұлыңыз Германияда Тәжікстан президентін сынапты" деген жауап қайырды, – дейді ол.

Тәжік белсендісі Шароффидин Гадоевтың анасы Ойшамо Абдуллоева.
Тәжік белсендісі Шароффидин Гадоевтың анасы Ойшамо Абдуллоева.

Абдуллоева – 28-29 қыркүйекте Германияда тәжік президентіне қарсы акцияға қатысқан, "Группа 24" оппозициялық қозғалысының бұрынғы басшысы Шароффидин Гадоевтың анасы.

Нидерландыда тұратын Гадоев "Тәжікстанның дамуы мен реформалар үшін" деген қозғалыс құрып, шетелдегі оппозициялық топтар коалициясы – Ұлттық альянс құрылтайшыларының бірі болған.

Берлиндегі демонстрацияны "Группа 24" қозғалысы мен Ұлттық альянс ұйымдастырған.

Наразылықтан кейін билік Гадоевтың қарт анасы мен шетелде тұратын белсенділердің ондаған туысын ұстап, тергеген.

– Ұлым – 38-де, мен оның сөзі мен әрекетіне жауап бере алмаймын, – деді Гадоевтың анасы Азаттыққа.

"ЖОҒАРЫДАН ТҮСКЕН ТАПСЫРМА"

Көрші Восей ауданында тұратын, "Группа 24" көшбасшысы Сухроб Зафардың өгей шешесі Ойша Мирзоева 12 қазанда Кадучи ауылындағы үйіне үш электрик келіп, жарықты қиып кеткенін айтты.

– Олардың арасында аудандық энергетикалық компанияның басшысы да болды. "Коммуналдық төлем бойынша қарызымыз бар ма?" деп сұрадым. "Жоқ" деді. Жоғарыдан тапсырма түсіпті, "Қарсылығыңыз болса, биліктегілермен өзіңіз сөйлесіңіз" деп кетті, – дейді Мирзоева.

“Группа 24” көшбасшысы Сухроб Зафардың өгей шешесі Ойша Мирзоева.
“Группа 24” көшбасшысы Сухроб Зафардың өгей шешесі Ойша Мирзоева.

Еуропада тұратын тәжік оппозиционер, Берлиндегі наразылыққа қатысқан белсенді Фарход Одинаевтың қарт анасы да электр жарығынсыз қалған.

13 қазанда полициямен бірге келген электриктер белсендінің үйіне кіріп, жарықты қиып кеткен.

Азаттық аталған жағдайлар бойынша пікір алу үшін билік өкілдеріне хабарласып көрді, бірақ еш жауап болмады.

Тәжік диссиденті Фарход Одинаев.
Тәжік диссиденті Фарход Одинаев.

Human Rights Watch ұйымының дерегінше, Берлиндегі наразылықтан кейін Тәжікстан полициясы шетелде жүрген белсенділердің 47 туысын ұстаған.

Құқық қорғау ұйымының 6 қазанда жариялаған есебінде "Қарт ата-әжелер, тіпті, 1,5 жасар балаға дейін ұсталды. Полиция оларды қорқытып-үркітіп, қатыгездік танытқан" делінген.

Орталық Азиядағы 10 миллион халқы бар кедей мемлекетте билікке қарсы көзқарасқа орын жоқ. Билік оппозициялық партияларға тыйым салып, белсенділерге қысым көрсетіп, шетелге кетуге мәжбүрлеген. Тәжікстан оппозициялық қозғалыс мүшелерін шетелде де қудалайды.

Тәжік оппозициялық белсендісі Шароффидин Гадоев.
Тәжік оппозициялық белсендісі Шароффидин Гадоев.

Билік Еуропада тұратын ондаған оппозиционерге терроризм және экстремизмге қатысты күмәнді айып тағып отыр.

2019 жылы Гадоев Мәскеуге сапары кезінде билік өзін ұрлап әкетіп, Душанбеге жеткізгенін айтқан. Кейін ол Батыс елдерінің көмегімен Еуропаға оралған.

2019 жылы Одинаев Тәжікстанның өтінішімен Беларусьте ұсталып, босап шыққанға дейін 43 күн түрмеде отырған.

2015 жылы Стамбулда "Группа 24" қозғалысының негізін қалаушы Умарали Куватовты атып кетті. Куватовтың қазасынан бірнеше күн бұрын Мәскеуде ресейлік оппозиционер Борис Немцовты өлтірген.

Азаттықтың Тәжік қызметі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG