Accessibility links

Туысына үйленуге тыйым күшіне енерде той да көбейді


Некелесу рәсімін күтіп тұрған тәжік жастары.
Некелесу рәсімін күтіп тұрған тәжік жастары.

Тәжік шенеуніктері немерелес ағайындардың үйленуіне тыйым салатын заң күшіне енер қарсаңда некелесу жайлы өтініш берушілер көбейгенін айтады.

Тәжікстанның оңтүстіктегі Қорғантөбе қаласында тұратын құрылысшы Әлішер маусымның ортасында үйленіп алды. Тәжікстанда жаз ортасында үйлену тойын жасау дәстүрге айналмаған, әсіресе мұсылмандардың қасиетті айы – Рамазанда үйлену өте сирек кездеседі. Тәжіктердің басым бөлігі тойды күз айларына қалдырады, өйткені сол уақытта Ресейден тапқан қаражаттарын алып мигранттар келеді.

ЖАҢА ЗАҢ

Жастардың биыл тез үйленуге деген құлшынысын шілденің 1-і күні күшіне енетін даулы заңмен түсіндіруге болады. Ол заңда немерелес адамдардың арасындағы некеге тыйым салынбақ.

– Мен немере қарындасыма үйлендім. Жақын туыстардың некелесуіне тыйым салатын заң күшіне енбей тұрып ресми түрде үйленіп алуға тырыстық, – дейді Әлішер.

Тәжікстанның барлық аймағындағы азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі қызметкерлері соңғы айда осындай себеппен өтініш берушілердің көбейгенін айтады.

– Бұрын-соңды болып көрмеген мөлшерде өтініш түсіп жатыр. Олардың көбі – туыстар, – деді Душанбедегі азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің аты-жөнін жасырған қызметкері Азаттықтың Тәжік қызметіне.

Үйлену тойы. Тәжікстан, 26 сәуір 2015 жыл.
Үйлену тойы. Тәжікстан, 26 сәуір 2015 жыл.

Тым жақын туыстардың үйленуіне тыйым салатын заң бірнеше жылға созылған дау-дамайдан соң қаңтар айында қабылданған. Бұқаралалық ақпарат құралдары (БАҚ) беттерінде және парламентте қоғамдық пікір екіге жарылды. Тыйым салуды қолдайтындар «ағалы-інілердің балалары үйленсе, олардан туған балаларда туа бітті ақау мен генетикалық сырқат қатері жоғары болады» дейді. Тыйым салуға қарсы шыққандар «туыс некелерден туған балалардың науқас болып туатынын ғылыми түрде зерттеп дәлелдеу қажет» деді.

Денсаулық министрі бүкіл ел бойынша 25 мың мүгедек баланың тіркелгенін айтады, оның 30-35 пайызы – туыстардың некелесуінен туған. Мемлекеттік БАҚ пен үкіметтегі шенеуніктер қандас туыстар некесінің қандай зияны бар екені туралы қоғамды хабарландырып, бейресми кампания жүргізіп жатыр.

– Біз жастармен сөйлесіп, осындай некенің салдары туралы ескертеміз. Өзім бір-біріне үйленбек болған 60 шақты туыс жұппен сөйлестім, – дейді женсаулық сақтау министрлігінің әлеуметтік қорғау және отбасы істері жөніндегі департаментінің жетекшісі Шерали Рахматуллаев.

Тәжікстандағы үйлену тойы.
Тәжікстандағы үйлену тойы.

«ТУЫС ЕКЕНДЕРІН АНЫҚТАУ ҚИЫН»

Бірақ бұндай кеңеске құлақ асып жатқандар аз сияқты. Душанбелік мұғалім Манзура Әбдірахманова сондай жастардың бірінің – Ашт ауданының солтүстігіндегі жиенінің үйлену тойына барып келген.

– Ол өзінің немерелес ағасына, апайының ұлына тұрмысқа шықты, – дейді ол.

Әбдірахманованың айтуынша, отбасы қолайсыз уақытта – Рамазан айында және жазда үйлену тойын өткізген, оған күшіне енетін заң жобасы себеп болған.

Ресми статистика бойынша, 2016 жылдың бірінші тоқсанында 60-қа жуық жақын туыстар бір-біріне үйленген. Бірақ оны алдыңғы жылмен салыстыру мүмкін емес, себебі қажетті деректер жоқ. Билік бұл сан әлдеқайда көп деп күмәнданады.

Тәжікстандағы үйлену тойларының бірі. (Көрнекі сурет)
Тәжікстандағы үйлену тойларының бірі. (Көрнекі сурет)

– Неке куәлігін алуға өтініш берген жұптардың туыстар екенін анықтау мүмкін бола бермейді. Мысалы, шығыстағы Бадахшон тұрғыны оңтүстіктегі Вахдат қаласындағы немерелес ағасына үйленеді. Билік олардың туыс екенін қалай анықтайды? Бұл біз үшін өте қиын міндет, – дейді Шерали Рахматуллаев.

Соңғы уақытта тәжік дәстүріне сай әкесінің атын фамилия етіп алу көбейді, бұған қарап адамдардың туыс екенін анықтау тіпті қиындады.

Маусымның ортасында немере қарындасын алған Қорғантөбе тұрғыны Әлішер Ресейге маусымдық жұмысқа кетіп барады. Ол немерелес туыстардың үйлену қаупі туралы естігенін айтады, бірақ «оған қатты алаңдамайды».

– Алдыңғы туыстарымның көбі немере туыстарына үйленген. Балалары аман-есен, – дейді ол.

XS
SM
MD
LG