Accessibility links

Бес жарым мыңдай қызметкер еріксіз «демалып жатыр»


Бос жұмыс орындары жайлы хабарландыру жазылған тақтаның алдында тұрған тәжікстандықтар. (Көрнекі сурет)
Бос жұмыс орындары жайлы хабарландыру жазылған тақтаның алдында тұрған тәжікстандықтар. (Көрнекі сурет)

Экономикалық дағдарыс кесірінен жұмыс берушілер мәжбүрлі түрде ақысыз демалысқа жіберген тәжікстандықтардың көбі әрі-сәрі. Олар "жұмыс беруші қайта жұмысқа шақырып қалар" деген үмітпен өтемақы талап етуге жүрексінеді.

Тәжікстанның статистика агенттігі дерегінше, биылғы жылдың алғашқы үш айында мәжбүрлі түрде ақысыз демалысқа елдің 5 мың 400 тұрғыны кеткен.

32 жастағы Тахмина Шодиева 7 ай бұрын елдегі коммерциялық банктердің бірінде жұмыс істеген, бірақ әкімшілік оны мәжбүрлі демалысқа жіберіп, өтемақы да төлемеген.

Банк басшылығы «банктің жағдайы жақсарғаннан кейін жұмысқа қайта шақырамыз» деп уәде еткен. Сондықтан ол дәл осындай жағдайға ұшыраған өзге әріптестері сияқты тіпті өтемақы да талап етпеген. Бірақ Тәжікстанның еңбек кодексі бойынша жалақы төленбейтін мәжбүрлі түрдегі демалыс берген жұмыс беруші қызметкер жұмысқа орналасқанға немесе бұрынғы жұмысына қайта қабылданға дейінгі уақытқа толық немесе жартылай жалақы төлеуге міндетті.

Тәжікстан астанасы Душанбе көшесіндегі жастар. (Көрнекі сурет)
Тәжікстан астанасы Душанбе көшесіндегі жастар. (Көрнекі сурет)

41 жастағы Абували Шафиев бірнеше ай бұрын мәжбүрлі түрдегі ақысыз демалысқа кеткенге дейін «Тәжікстандарт» агенттігі филиалдарының бірінде жұмыс істеген. Ол бұрынғы жұмысына қайта шақыратынына сенбейді.

Абдували экономикалық дағдарыстың кесірінен қазір мемлекеттік ұйымдардың көбі қызметкерлерін мәжбүрлі түрде демалысқа жіберіп жатқанын айтады.

Мұндай «демалысқа» іліккендер ішінде бірнеше айдың жалақысын өндіріп алуға тырысатындар аз екенін статистика агенттігі зерттеуі көрсеткен. Мысалы, мәжбүрлі түрдегі демалысқа кетуіне байланысты үш ай бойы жұмыс істемеген 5 мың 400 адамның 2 мың 500-і жұмыс берушіден бір тиын да өндіре алмаған.

Заңгер Лутфулло Салиховтың айтуынша, мемлекеттік және жеке меншік кәсіпорындардың көпшілігі жұмыстан шығару немесе мәжбүрлі түрдегі ақысыз демалысқа жіберу кезінде әдетте қызметкердің мүддесін көздемейтін ішкі келісім-шарттарға сүйенеді.

Оның сөзінше, жұмысты уақытша тоқтату немесе жұмыс көлемін бір айдан кем емес мерзімге уақытша азайту қажеттігі туса, штат қысқаруына байланысты қызметкерді жұмыстан шығармау мақсатында әрі ұжымдық шартта өзгеше қарастырылмаса, жұмыс беруші қызметкердің келісімімен оған жалақы мүлде төленбейтін немесе жартылай төленетін демалыс бере алады. Бұл кезде төленетін жалақы мөлшері жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы келісім бойынша белгіленеді әрі қызметкердің алатын жалақы мөлшерінен кем болмауы тиіс.

– Қазір кәсіпорындарымыздың көбі банкроттыққа ұшырап, төлем қабілетінен айырылғаннан кейін қызметкерлерін жұмыстан шығарып жатыр. Мұндай қызметкерлердің үш ай бойы 400 сомони көлемінде өтемақы төлейтін халықты жұмыспен қамту қызметіне жүгінуіне болады, – дейді заңгер.

Душабелік жастар. (Көрнекі сурет)
Душабелік жастар. (Көрнекі сурет)

Елінде қалған бала-шағасын асырап жүрген тәжік мигранттарының көбі Ресейдегі қаржы дағдарысына байланысты жұмыс орнынан айырылған. Екі жыл бұрын ғана мигранттар Тәжікстанға жылына елдің жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) жартысын құрайтын ақша – 4 миллиард АҚШ долларын жіберіп тұрған. Мигранттар жұмыссыздығы ішкі еңбек нарығына да әсер етті. Былтыр елдегі мемлекеттік кәсіпорындардың көбі қызметкерлерін қысқарта бастаған

Тәжікстандық жас экономист Фирдавс Пулодидің айтуынша, Тәжікстанның тұрғындарының 1 пайызы жұмыс орнынан айырылса, бұл мемлекет кірісінің немесе ЖІӨ-нің 1 пайызын жоғалтуға тең болады.

– Мемлекеттің негізгі материалдық кіріс көзі көлемі кемуінің толып жатқан жағымсыз салдары бар. Мысалы, халықтың сатып алу қабілеті нашарлайды. Сондықтан жалақысы аз болса да жұмыс орнымен қамтамасыз ету ЖІӨ көлемінің азаюын тежей алмайды, – дейді ол.

Тәжікстанда жұмыссыздар саны біртіндеп ұлғайып келеді. Статистика агенттігі дерегінше, елде қазір 55 мың жұмыссыз адам ресми тіркелген. Сарапшылар Тәжікстанда жұмыссыздардың нақты саны бұдан анағұрлым көп деп болжайды.

Азаттықтың Тәжік қызметінің мақаласы.

XS
SM
MD
LG