Accessibility links

«Анкарадағы жарылысты тұрғындар террористік топтан көреді»


Жарылыста қаза тапқан адамдармен қоштасу рәсімі. Анкара, 14 наурыз 2016 жыл.
Жарылыста қаза тапқан адамдармен қоштасу рәсімі. Анкара, 14 наурыз 2016 жыл.

Анкарадағы Гази университетінде журналистика докторантурасын оқып жүрген қазақстандық студент Түркия қазақтарының тыныс-тіршілігі мен соңғы кезде бұл елде жиілеген жарылыстар жайлы әңгімелеп берді.

Түркия астанасы Анкара қаласындағы Гази университетінде (Gazi Üniversitesi) журналистика мамандығы бойынша докторантурада оқып жүрген Мырзахан Байболовтың «Анкарада тұрып жатқанына үш жыл болған». Ол Азаттыққа Түркия қазақтарының тыныс-тіршілігі мен соңғы кезде бұл елде жиілеген жарылыстар жайлы әңгімелеп берді.

Анкарадағы жарылыс
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:32 0:00
Жүктеп алу

Азаттық: –Түркия қазақтарымен жиі араласып тұрасыз ба?

Мырзахан Байболов: – Жергілікті қазақтармен мүмкіндігінше жиі араласып тұрамын. Стамбулда қазақтардың мәдени орталығы бар. Сонан кейін Зейтінбурда біршама қазақ шоғырланған. Сол жере тұратын ақсақалдармен бірнеше рет жолығып сөйлестім. Бір байқағаным, өзім қатарлы, 30-ға дейінгі жастар ана тіліне шорқақ. «Мүлдем білмейді» деп айтуға болмайды, бірақ түрік тілін араластырып сөйлейді. Әрине, өскен, күнделікті өмір сүріп жатқан ортасы түрік болғандықтан, оларды сөгуге болмайды.

Азаттық: – Наурыздың 13-і күні Анкарада тағы бір теракт болды. 34 адам қаза тапты, кем дегенде 125 адам жараланды. Түркия астанасында кейінгі кездері бұдан басқа да бірнеше жарылыс болып, ондаған адамдар қаза тапқан еді. Жарылыстардан кейінгі психологиялық ахуал қандай?

Анкарада тұратын қазақстандық студент Мырзахан Байдолов.
Анкарада тұратын қазақстандық студент Мырзахан Байдолов.

Мырзахан Байболов: – Жарылысты жасаған Күрд жұмысшылар партиясы (PKK - Partiya Karkerên Kurdistanê) екені айтылды. Бірақ мына мәселенің аражігін ажыратып алған дұрыс. Қазіргі ақпарат құралдарын қарап отырсаңыз, бұл түріктер мен күрдтердің арасында болып жатқан мәселе секілді болып көрінеді. Жарылысты жасаған PKK террористік ұйымымен қатар «Күрдістан» деген (Ирак пен Сириядағы күрдтер автономиясы мәселесін айтады – ред.) де жоба бар. Бұл - Түркияның шығыс аймақтарын, Иракты, Сирияны қамтитын ерекше жоба. Бұл 1984 жылдан бері қарай Түркияның бас ауруына айналып кеткен.

Оқи отырыңыз: Түркия күрд автономиясынан көбірек сескенеді

Өткен жылы Түркияның қазіргі билік партиясы («Әділет және даму» партиясы) PKK ұйымымен бір келісімге келгендей болған еді. Билік партиясының өкілдері мен аталған ұйым өкілдерінің «қаруды тастап, ынтымаққа келу» туралы үндеу жариялағандарына наурыздың 22-сі күні бір жыл толады. Сол тұста қарапайым халық «Атыс тоқтайды, [үкімет] әскеріне алынған балаларымыздың өлімі азаяды» деп шынымен қуанған еді. Бірақ өкінішке қарай жарылыстар керісінше көбейіп кетті. Өткен жылдың шілдесінен бастап Түркияның бірнеше қаласында жарылыс болды. Бірақ жергілікті халықтың жарылысқа еті үйрене бастағанын аңғаруға болады. Мәселен күнделікті жаңалықтардан көлік апаты болғанын, адамдар қаза тапқанын естисіз. Бірақ сіз соған бола көлікті тастап, жаяу жүрмейсіз ғой. Сол секілді бұл жағдайларға да қоғам ептеп үйренген сияқты. Мәселен, күнделікті бір-екі сарбаз (үкімет солдаттарын айтады – ред.) шәйіт болып жатыр. Жаңалықтардан қарайды да «PKK - Түркияда тұрақсыздық жасауға ұмтылатын ұйым, сарбаздар отан қорғау жолында шейіт болды. Иманды болсын» деп қабылдайды. Әскерилер жаназасын жергілікті телеарналар тікелей көрсетіп жатады. Қарап отырамыз. Көбі - отбасылы азаматтар. Балаларын, ата-анасын көрсетеді. Бірақ соның көбінде өздерін «отан қорғау жолында шейіт болды» деп сабырға шақырады.

Азаттық: – Қала тұрғындары арасында жарылысты басқа ұйымдарға телу немесе сыртқы күштерден көру секілді әрекеттер байқалмай ма?

Жарылыс болған жерді тексеріп жатқан полиция өкілі. Анкара, 13 наурыз 2016 жыл.
Жарылыс болған жерді тексеріп жатқан полиция өкілі. Анкара, 13 наурыз 2016 жыл.

Мырзахан Байболов: – Ондай болжамдар айтылмайды. Жергілікті телеарналар оқиға орнынан шынайы ақпарат таратады. Мәселен, соңғы болған жарылысқа қатысты ақпараттарды Түркия уақытымен кешкі сағат 7:00-ден бастап, бірнеше сағат бойы қарадым. Оған дейінгі жарылыстарда да сөйттім. Тіпті өткен жылы қазан айында үлкен жарылыс (Анкарадағы теміржол бекетінде болған жарылыстан 100-дей адам қаза тапқан – ред.) болған жерге журналистік қызығушылығыммен барып қайттым. Сол жолғы жарылысты осы PKK-ның Сириядағы бөлімі жасағаны айтылды. Ал осы жарылысты да PKK ұйымы жасауы мүмкін деген болжам айтылып жатыр.

Азаттық: – PKK мұндай жарылысты не себепті жасауы мүмкін?

Мырзахан Байболов: – Қазір Түркияның шығыс аудандарында PKK ұйымымен қатты күрес жүріп жатыр. Мәселен, Түркия қарулы күштері осыдан бірнеше күн бұрын 70 содырды өлтіргенін мәлімдеді. Соңғы жарылыс PKK ұйымының Түркия әскері операцияларына қарымта ретінде жасалуы мүмкін.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.

XS
SM
MD
LG