Accessibility links

Түркия қарулы күштерінде не болып жатыр?


Түркия президенті Тайып Режеп Ердоған. Ресей, 9 тамыз 2016 жыл.

Түркия президенті Тайып Режеп Ердоған. Ресей, 9 тамыз 2016 жыл.

2011 жылы төрт жұлдызды генерал Билгин Баланлы Түркия армиясы бас штабы басшысы болып тағайындалады деген болжам болған. Алайда сол жылы Баланлының басынан бағы тайып, жүздеген генерал, адмирал және жоғары шенді офицер қатарында ол да тұтқындалған еді.

Билгин Баланлыға 2011 жылы премьер-министр болған Режеп Тайып Ердоғанды және оның «Әділет және даму» партиясын (АКР) биліктен кетірмек болды деген айып тағылды. Сол жолы Түркия қарулы күштерінен 700-дей адам айыпталып, қамауға алынған.

ГҮЛЕННІҢ 2011 ЖЫЛҒЫ «БҮЛІГІ»

2014 жылы Баланлы мен басқа да жүздеген офицер бостандыққа шықты. Олардың «астыртын топқа» қатысы болғанын дәлелдейтін ешқандай нақты айғақ табылмады. Биылғы сәуірде Түркия соты «офицерлер ойдан шығарылған жалған арыз негізінде айыпталған, үкіметке қарсы ешқандай «астыртын топ» болмаған» деген қорытынды шығарды.

2011 жылы төңкерісшілердің астыртын тобы болды ма, болмады ма - әйтеуір НАТО-дағы екінші ірі армия саналатын Түркия Қарулы күштерінің ірі лауазымды басшылары қызметінен кетіп, олардың орнына қазір АҚШ-та тұрып жатқан аса ықпалды діндар Фетхулла Гүленнің жақтастары отырды.

2003 жылы премьер-министр болып сайланғалы Ердоған Гүленнің құпия қозғалысына ашық қолдау білдірмесе де, оларды шеттеткен жоқ. Себебі ол зайырлы мемлекет болуды жақтайтын қарулы күштер мен әділет органдары елге қауіп төндіретін исламистер мен этникалық сепаратистерді қатарларынан үнемі шығарып, өз араларын тазартып отырады деп сенді.

Керісінше Ердоған үкіметі армияның қолайына жақпады, 2008 жылы Түркия конституциялық соты Ердоғанның «Әділет және даму» партиясы басшыларын саясаттан аластау мәселесін де қарастырды.

Ердоған билігі орныққан бірнеше жылдың ішінде гүленшілердің «батасын» алмай үкіметте жоғары лауазымды қызметке жетіп, бизнесте тиімді келісім-шарт жасасу мүмкін болмай қалды. Гүленнің жақтастары әскер, қауіпсіздік қызметі, әділет органдары, білім және ақпарат салаларын тегіс жаулап алды. Сөйтіп, елде көзге көрінбейтін жаңа дихотомия қалыптасты. Зайырлы армия мен сот жүйесіне гүленшілер дендеп енді, тіпті Ердоған үкіметінің өзінде Гүленнің жақтастары болды.

Осындай ықпалының арқасында 2011 жылы гүленші прокурорлар мен судьялар «Ердоған үкіметін төңкеріспен құлатпақ болды» деген сценарий бойынша армия мен әділет саласындағы жоғары шенді тұлғаларға айып тақты. Шындығында олар Түркияның батыстық үлгідегі зайырлы құрылымдарын қиратуды көздеген еді.

2011 жылы тұтқындалып, сотқа тартылған Баланлы «бұл астыртын топтың (өзін төңкеріс жасамақ болды деп айыптағандарды айтады – ред.) мақсаты – қыранның басын кесу болды» деген. Генералдың айтуынша, «гүленшілер» сол кезде-ақ зайырлы генералдарды орнынан кетіріп, өз адамдарын әскер басшылығына қоймақ болған. Шілденің 15-і күні, төңкеріс әрекетінен бір айдан соң, өткен аптада Hurriyet басылымына сұхбат берген Баланлы «Төңкеріс әрекетінен соң қыран қанаты мен құйрығынан айырылды. [Қарулы күштер] 2011 жылдың алдындағы қуатына жетуі үшін әлі 8-10 жылдай уақыт керек болады» деді.

ЕРДОҒАННЫҢ ҚАРЫМТА ШАБУЫЛЫ

Егер 2011 жылғы 700-ге тарта офицерді, соның ішінде генералдар мен адмиралдарды тұтқындау Түркия қарулы күштерінің «басын кесу» болса, онда шілденің 15-і күнгі төңкеріс әрекеті мен одан кейінгі оқиғалар Ататүрік құрып кеткен «зайырлы да демократиялық республиканы» қорғау үшін құрылған институтқа (армияны айтады - ред.) одан да ауыр жарақат салғаны анық.

Бұдан бес жыл бұрын гүленшілер қозғалысы қарулы күштерге шабуылын бастағанда Ердоған үкіметі жай ғана бақылап отырған. Өйткені Ердоған «зайырлылар бізді биліктен кетіруді жоспарлап жүр» деп, әскерден секем алған. Сондықтан ол гүленшілердің еркін қимылдауына мүмкіндік берді. Армия генералдарына жасалған қысым туралы сұрақ қойылғанда Ердоған мен оның министрлері әдетте «соттың бейтарап, сот ісіне ешкімнің араласуға қақысы жоқ» екенін айтумен құтылатын.

Дегенмен 2013 жылдан бастап сол гүленші прокурорлар мен судьялар Ердоғанның өзіне, оның отбасы мүшелері мен жақын серіктеріне қарсы әрекетке көшті. Олар Ердоғанды жемқор етіп көрсету үшін оның баласымен әңгімесі деген аудиожазба таратты, алайда бұл айыптың ешқайсысы сотта дәлелденбеді.

Енді Ердоған гүленшілерге қарымта шабуылын бастады. Ол үкіметті, полицияны, әділет органдары мен қарулы күштерді, ақпарат құралдары мен білім беру мекемелерін гүленшілерден тазалауға көшті.

Болмай қалған төңкеріс Ердоғанның гүленшілерді қуғындау шарасын бастауына үлкен мүмкіндік берді. Түркия ішкі істер министрі Ефкан Аланның айтуынша, төңкеріс әрекетінен соң 76 мыңға тарта мемлекеттік қызметкер жұмыстан кеткен. Олардың барлығына «Гүлен қозғалысына қатысы бар» деген айып тағылды. «Тұтқындалғандардың 3 мың 83-і – полиция офицері, 7 мың 248-і - солдат, 2 мың 288-і судьялар мен прокурорлар, 199-ы аймақтағы шенеуніктер, 4 мың 161-і азаматтық қызметкерлер» дейді министр. Бұлардың арасында 150 генерал мен адмирал және әскери ұшқыш бар.

Мұның Түркия әскеріне тигізетін кесірі де ауыр болмақ. Генерал не адмирал дәрежесіне жету үшін 20 жылдай уақыт қарулы күштер қатарында қызмет ету қажет, ал әскери ұшақ ұшқыштары 8-10 жыл үздіксіз қызметтен соң тағайындалады. Оның үстіне Ердоған үкіметі Түркияның қарулы күштерін орталықсыздандыру бойынша көп өзгерістер енгізді. Төтенше жағдай кезінде жер, әуе және әскери теңіз күштерінің командирлері бұрынғыдай бас штаб басшысына емес, азаматтық үкіметтегі тиісті министрлерге тікелей есеп беріп отыруы керек. Ал бас штаб басшысы енді Ердоғанның өзіне есеп беріп отырады.

Кей сарапшылар бұл өзгеріс қоғамды демократияландыруға жәрдемдеседі деп санайды. Енді біреулер бұл керісінше Түркия қарулы күштеріндегі меритократияны жояды деген қауіп айтады.

Аббас Жавадидің блогы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG