Accessibility links

Twitter жұмбағы: Гүлнара Каримованың өзі ме?


Гүлнара Каримова, Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы.

Гүлнара Каримова, Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы.

Twitter-де өзін "Гүлнара Каримовамын" деп таныстырған аккаунт иесімен Азаттықтың Өзбек қызметі тіке хабарласып дәлел сұрады.

Өзбекстанда марқұм Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримованың Twitter желісіндегі белсенділігі қызу талқыланып жатыр. Президент мұрагері ретінде саналған Каримова екі жыл бұрын жемқорлық дауына ілініп, көпшілікке көрінбей кеткен еді.

Қазанның басында өзін Каримова деп таныстырған қолданушы Twitter-де ақпарат жаза бастағанда оған көпшіліктің назары бірден ауды.

Жазбаларды тексеріп көрген Азаттықтың Өзбек қызметі "Zabitaya1972" деген қолданушының Каримова емес екенін анықтады. Гүлнара Каримова 2014 жылы үйқамаққа алынғаннан бері Twitter-де ештеңе жазбаған. Оның қыркүйекте әкесінің жерлеуіне қатыспағаны, ұзақ уақыттан бері үнсіз қалғаны, белгісіз мекенде үйқамақта отырғаны түрлі алып қашпа сөздің шығуына түрткі болған.

Каримованың атынан Twitter-де ақпарат таратушылардың мақсаттары белгісіз. Үкіметті сынайтындардың ойынша, бұл істің артында Өзбекстан қауіпсіздік қызметі тұруы мүмкін. Twitter-дегі бұл жазбаларда Ислам Каримов дүние салған соң ықпалын күшейте бастаған президент міндетін атқарушы Шавкат Мирзияевтің есімі аталады.

Мирзяев 2014 жылдан бері үйқамақта отырған Каримованың құқықтық жағдайына қатысты түсінік берген емес. Бірақ өзбек билігі Гүлнара Каримоваға әкесін жерлеу рәсіміне қатысуға рұқсат етпеген, көңіл айту жазбаларында есімін отбасы мүшелерінің тізіміне қоспаған. Бұл тыйым да көп жайттан хабар береді.

Қазанның 2-сі күні "Афина" есімді қолданушы пайда болған соң "Каримованы үй қамақтан Ташкенттегі жүйке ауруларын емдейтін ауруханаға ауыстырды" деген ел аузындағы алып қашпа сөздер растала түскендей болды. Өзін "Каримова" деп көрсеткісі келген "Афина" еркінен тыс қамалып отырғанын жазды. Балаларын көргісі келетінін, солар үшін тірі жүргенін де қосып қойды. Шешесінен кешірім сұраған хатын да жариялады.

Бұл жазбалар әлеуметтік желідегі оқырмандардың бірден қызығушылығын арттырды. Каримованың қарсыластары мен жақтастары бұл жазбалардың шын-өтірігін талқыға салды.

Көпшілік бұл аккаунтты шынымен Каримованыкі деп қабылдады. Немесе "Афина" деген қолданушының жазбалары Каримованы жақсы білетін, оған өте жақын бірді-екілі адамның қолтаңбасы деп түсінді.

"Балаларын көргісі келетін" жазбасына қатысты оқырмандардың аяушылығы туған соң "Афина" кенеттен президенттің міндетін атқарушы Шавкат Мирзияев пен Каримовтар отбасының басқа мүшелеріне, әсіресе, Өзбекстанда көп алдына жиі шығып жүрген Гүлнара Каримованың сіңлісі – Лола Каримова-Тилляеваға сын айта бастады.

Қазанның 9-ы күні "Афина" орыс тілінде "Қонақтар да келіп қалды. Атуға апара жатқан сияқты" деп жазды.

Аккаунт келесі күні де жазбаларын жалғастырды, бірақ пікірлерінің реңкі мүлдем өзгеше болып шықты. Бірнеше күн бойы "Афина" өз атынан, кейде кімнің атынан екені түсініксіз түрде, Каримованы коррупцияға, түрлі қылмысқа, тіпті сексуалдық құлдыққа қатысы бар деп айыптайтын твиттер шығарды.

Осы мерзім аралығында "Афина" ықпалды әлеуметтік желі қолданушыларымен және оппозициялық басылымдармен тіке байланыс орнатуға талпынды. Ол Азаттыққа қазанның 12-сі күні хабарласты. Ол Каримова туралы жазған мәтіндерін мақала ретінде басуды сұрады.

Twitter-де бірнеше сағатқа созылған чат кезінде "Афина" өзін "шын Гүлнарамын" деумен болды. Бірақ Азаттықтың Гүлнараның өміріне қатысты қойған сұрақтарына "Афина" бірнеше мәрте тура жауап бере алмады. Мысалы, "Афинаны"ң сөзінше, Гүлнара бір кездері сабақ алған Сән технология институты - Бостонда. Шындығында бұл оқу орын Нью-Йоркте орналасқан.

Twitter қолданушысының кім екенін дәл анықтау үшін соңғы амал ретінде Азаттық "Афинаға" үш саусағын көрсетіп селфи түсіріп, тіке жіберуді сұрады. Ал "Афина" әйел адамның ноутбук үстіндегі төрт саусағының фотосын жіберді. Ноутбукте Гүлнара Каримова 2015 жылға дейін Twitter-де жазған постыларындағы жырларға ұқсас өлең жолдары көрініп тұрды. "Бұл әдемі жыр өзіңіздікі ме?" деп сұрағанда, "Афина" "Иә, рақмет, кейде ішіме сыймай кетеді" деп жауап берді. Бірақ бұл мәтін The Huffington Post сайты 2015 жылы жариялаған романтикалық ақыл-кеңес мәтінінің бір үзіндісіне ұқсас болып шықты.

Бұрынғы Өзбекстан президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримова (сол жақта) мен кіші қызы Лола Каримова-Тилляева

Бұрынғы Өзбекстан президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримова (сол жақта) мен кіші қызы Лола Каримова-Тилляева

Азаттыққа Мирзияев үкіметіне қатысты әшкере дүниелерді жариялауды өтінген "Афина" өзінің Каримова емес екенін ақыры мойындады. Бірақ Каримоваға "көмек қажеттігін" хабарлады. Кейіннен Twitter-дегі сұхбатты ағылшыннан орыс тіліне көшіп жалғастырған "Афина" өзін "Гүлнәрдің қызы Иман" екенін жазды. Сөзіне дәлел ретінде Иманның фотосын жіберді. Онысы бұрынырақта әлеуметтік желіде тараған фотодан аумайды. Алайда "Афина" аккаунттың кім екенін анықтауға қатысты Азаттықтың қосымша сұрақтарына жауап бермей, жазбаны тоқтатып тастады. Бірақ, сол күні кешірек жазбасын Гүлнара Каримова ретінде қайта жалғастырған "Афина" Азаттықпен алдыңғы әңгімеде сәйкеспей қалған кейбір биографиялық мәліметтерін түзетіп бақты.

Гүлнара Каримова ретінде ақпарат тарататын "Афинаға" Twitter қолданушылары да сезікпен қарап, мұның артында Өзбекстанның қауіпсіздік қызметі тұр деп күдіктенеді. Мысалы, шын Гүлнара Каримовамен Twitter арқылы екі жыл бұрын сөйлескенін айтқан "AkhmadxonUSA" атты қолданушы "Афина" аккаунтын "Каримова жақтастарын арандатқысы келетін қауіпсіздік қызметінің жобасы" деп біледі.

Өзбекстан үкіметін сынап, әжуалаумен айналысатын белгілі вебсайттың редакторы өзіне "Афина" хабарласып, Мирзияев үкіметіне қарсы әшкерелеуші құжаты бар екенін айтқан.

Азаттыққа "Афина" жіберген мәтінде Өзбекстандағы адам құқықтары мен Батыс үкіметтері насихаттайтын басқа да құндылықтардың маңызды екені көрсетілген. Жазбада Гүлнараның ұлы Ислам үлкен Каримовтің "шынайы мұрагері" екені де айтылады. Бұл мәлімдемелер Ислам Каримовті өзіне ұстаз санап, өзін оның саяси ізбасары ретінде көрсетіп жүрген Мирзияевтің сөздеріне қайшы.

Қыркүйектің басында дүние салған Өзбекстан президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримова соңғы жылдары жемқорлық дауына ілініп, үйқамаққа алынған еді. Қамаларынан бұрын Гүлнара Өзбекстанның қауіпсіздік қызметінің басшылығына қатысты сын-жазбалар жариялаған. Каримовтің кіші қызы Лола Каримова-Тилляева мен шешесі Татьяна Каримова Гүлнараның бұл әрекетін құптамайтындарын білдірген.

(Мақала Ной Таккер мен Әзиз Нурдың материалы негізінде әзірленді).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG