Accessibility links

Каримов әулетінің дәурені өтті


Ислам Каримов әулеті (солдан оңға қарай): кенже қызы Лола, әйелі Татьяна, немересін ұстап отырған өзі және үлкен қызы Гүлнара.

Ислам Каримов әулеті (солдан оңға қарай): кенже қызы Лола, әйелі Татьяна, немересін ұстап отырған өзі және үлкен қызы Гүлнара.

Ислам Каримовтың қазасы оның Өзбекстанда тұрғысы келетін жақын туыстарының жағдайын қиындататын түрі бар.

Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде Өзбекстандағы ең құдіретті әулет – Каримовтар отбасынан жергілікті халық қорқып келді. Президент Ислам Каримов дүние салып, ол күндердің бәрі келмеске кетті. Бұл жайт оның Өзбекстанда тұрғысы келетін отбасы мүшелерін қиын жағдайға қалдыруы мүмкін. Бұл жерде әңгіме оның үлкен қызы Гүлнара мен кіші қызы Лола туралы болмақ.

Оның жесірі (Каримовтың екінші әйелі) Татьяна Акбаровна Каримоваға бәлендей қауіп төне қоймас. Ол көбіне халық назарынан тасада өмір сүрді. Татьяна Каримованың әке-шешесі кезінде ықпалды болғанын әрі олар қолдамағанда Каримовтың жоғары лауазымды қызметке көтерілуі неғайбіл болғанын айта кеткен дұрыс.

Каримов жетім өсті. Нақтырақ айтсақ, ол тастанды бала болды. Азаттық радиосы оның балалық шағы туралы бұрын да жазған. Өзбекстан Совет Одағы құрамында болған кезде әйелінің туыстары оны коммунистік партияның жоғарғы баспалдақтарына қарай бағыттап жіберген. Ал қазір Татьяна Каримова – жай ғана қартаң әйел. Ел ішінде оны марқұм күйеуінің саясатымен байланыстыратын кісі табыла қоймайды.

Есесіне көбі айына 200-300 доллар ғана жалақымен күнелтетін Өзбекстан халқы екі қыздың аста-төк өмірін жақсы біледі. Швейцарияда шығатын Bilan журналының жазуына қарағанда, апалы-сіңлілі Каримовалардың ол елде көп мүлкі бар. Журналдың 2009 жылғы «Швейцариядағы ең бай 300 адам» деген рейтингінде Гүлнара әйелдер арасында 9-орын иеленген. Оның байлығы 570-665 миллион доллар аралығында бағаланған. 2011 жылы Каримовалардың байлығы 1 миллиард долларға жетеді деген де ақпарат шықты. Лоланың зайыбы Тимур Тилляев осындай деректер жариялағаны үшін Bilan журналын сотқа берді.

Өзбекстан халқы швейцариялық журналдың рейтингінен хабарсыз болар. Елдегі мемлекеттік ақпарат құралдарының мұндай тақырыптарды мүлде қозғамайтыны анық. Егер апалы-сіңлілі Каримовалар ел ішінде елеусіз ғұмыр кешкенде бұл мәселе мүлде талқыланбаған да болар еді.

ГҮЛНАРА КАРИМОВА

Гүлнара Каримова шалқып-тасып өмір сүрді. Оның тек шетелде ғана емес, Өзбекстанда да бизнесі көп болды. Мәселен, оның жастарға арнап Өзбекстанда түсірілген фильмдерді көрсететін «Форум» телеарнасы Гүлнараның өз басындағы жағдайға қатысты ақпаратты мүлде берген емес. Телеарнадан ол ұйымдастырған қайырымдылық концерттері туралы хабарлар өте жиі берілетін, олардың бәрінде Каримова концертке қатысушы адамдармен бірге көрсетілетін.

АҚШ-тағы сән мектебін бітірген Гүлнараның сән шоулары да «Форум» телеарнасынан үнемі беріліп жататын, ол кадрлардың арасында әрдайым Каримованың бейнесі жүретін. Хабарлардың арасында берілетін мультипликациялық көріністерде Гүлнараға қатты ұқсайтын қыз гүлді алқапты кезіп өтіп, биік таудың үстіндегі күнге қарай өрмелейді. Сюжетпен қатар жанға жайлы әуен ойнайды. Гүлнара Каримованың музыкалық клиптері де осы телеарнадан үзбей беріліп отыратын.

Лола (сол жақта) Өзбекстанға қайтып келмейтін тәрізді, ал Гүлнараның қазір қайда екені белгісіз.

Лола (сол жақта) Өзбекстанға қайтып келмейтін тәрізді, ал Гүлнараның қазір қайда екені белгісіз.

WikiLeaks-тегі Өзбекстанға қатысты ең даулы дипломатиялық хаттардың бірінде Гүлнара «Өзбекстандағы жұрттың ең жек көретін адамы» деп сипатталады. Бірде «Форум» телеарнасы бұл сөздің жаны бар екенін байқатып қойды. Операторлар әдемі киінген Каримованың көшеде кетіп бара жатып үйлену тойын тойлап жүргендердің мерекесінің шырқын бұзғанын көрсетті. Басында той тойлап, көңіл көтеріп жүрген той қонақтары Гүлнара екі жаспен суретке түскісі келіп танымайтын адамдарға киліккенде жиналғандардың түрі өзгеріп, өздері түксиіп сала берді.

Кейіннен шетелде көлеңкелі қаржылық операцияларға қатысқан Гүлнара Каримованың басына бұлт үйірілді. Өзбекстанда келісім-шартқа қол қою үшін ірі көлемде пара берді деп айыпталған компаниялармен Гүлнараның есімі қатар аталды.

Алдымен Өзбекстанның жоғары лауазымды қызметкерлеріне, кейіннен өз анасы мен сіңлісіне түрлі айып таға бастаған соң 2014 жылы ол бейресми түрде үйқамаққа алынды.

Гүлнара Каримова жұрттың көзіне түспегелі, өзі туралы ешқандай ақпар бермегелі бірнеше айдың жүзі болды. Ол тіпті қыркүйектің 3-і Самарқанда әкесінің жерлеу рәсіміне де қатыспады. Әлі расталмаған ақпаратқа қарағанда, Гүлнара қазір шетелде тұрып жатыр. Енді оның жуық арада елге қайтуы неғайбіл.

ЛОЛА КАРИМОВА

Гүлнараның сіңлісі Лола 2008 жылдан бері Өзбекстанның ЮНЕСКО-дағы елшісі қызметін атқарады. Жаңа президент билікке келген соң ол бұл қызметімен қош айтысуы мүмкін. 10 жылдан астам уақыт бойы Лола екі бірдей қайырымдылық ұйымын қаржыландырып келеді. Олардың бірі – жетімдер мен мүгедек балаларға көмектесетін «Сен жалғыз емессің» ұйымы, ал екіншісі - мүгедек балалардың оқуына және медициналық ем-домына жәрдемдесетін «Балаларды әлеуметтік бейімдеудің ұлттық орталығы». Осы екі мекемені қаржыландыру арқылы Лола ел ішінде біраз бедел жинады.

Жоғарыда айтылғанындай, Bilan журналы Лола Каримова-Тилляеваның миллиондаған долларлық мүлкі бар деген мәлімет таратты. Соңғы 2014 жылғы болжамға қарағанда Лола мен оның күйеуінің 100-200 миллион доллар тұратын дүние-мүлкі бар. Лоланың өзі «бұл - тым асыра көрсетілген мәлімет» дейді.

Британияда шығатын The Daily Mail мен америкалық The New York Times басылымдары Лола мен оның ерінің Голливудтан 58 миллион долларға зәулім үй сатып алғанын хабарлаған. Бұған қоса Real Estalker сайтында Тилляевтар отбасының 2010 жылы Женевадан 41 миллион долларға үй сатып алғаны туралы жазылды. The New York Times ақпаратына қарағанда, Голливуд аймағында Лола мен оның жұбайының басқа да үйлері бар. Мұнымен қоса Лола ЮНЕСКО-дағы елші қызметін атқаруға барғанда Париждегі пәтерінде тұрады. Лола Каримова-Тилляева «бұл табыстың бәрін жолдасым тауып жатыр» дейді. Күйеуі екеуі ұзақ жылдан бері шетелде тұрады.

Лола Самарқанда өткен әкесінің жаназасына қатысты. Оның шетелде тұруға үйренгенін әрі әкесі биліктен кеткен соң елде оны әспеттей қоятын адамның жоқ екенін ескерсек, елге қайтып оралуы екіталай. Әпкесінің қалайша үйқамаққа алынғаны оның әрдайым жадында тұратын болар.

Ислам Каримовтің жесірі Татьяна Каримова мен қызы Лола Каримова жерлеу рәсіміне қатысты. Ташкент, 3 қыркүйек 2016 жыл.

Ислам Каримовтің жесірі Татьяна Каримова мен қызы Лола Каримова жерлеу рәсіміне қатысты. Ташкент, 3 қыркүйек 2016 жыл.

Демек, Каримовсыз Өзбекстан дегеніміз Каримовтың қыздарынсыз Өзбекстан болып шығады. Ел ішінде олардың бұлайша шеттетілуіне ешкім қайғыра қоймайды.

Каримовтың алғашқы некесінен туған ұлы Петр Ресейде тұрып жатыр. Бірақ ол Өзбекстан тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері бірде-бір рет әкесінің туған еліне аяқ баспаған деген сөз бар.

Сонымен бірге Каримовтың қарындасы мен інісі бар. Ата-анасы жас күнінде Исламды балалар үйіне өткізіп, басқа балаларын қастарына алып қалған. Содан да болар, Ислам Каримов олармен мүлде араласпады десе болады. Жиені Жәмшид тәуелсіз басылымға өзбек үкіметін сынап мақала жариялағанда қауіпсіздік күштері оны күштеп психиатриялық ауруханаға жатқызған еді. Ислам Каримов оған селт етпеген.

Брюс Панниердің блогы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG