Accessibility links

Ұлт және Мемлекеттік сыйлық


:Жазушылар одағы 2008 жыл, 16 шілде
:Жазушылар одағы 2008 жыл, 16 шілде

Мемлекеттік сыйлықты табыс ететін уақыт жақындаған сайын, әсіресе жазушылар қауымының, кімдердің бағы жанатындығын тағатсыздана күтіп, алаңдап отыратын үйреншікті әдеті бар.

Бір жағынан алғанда бұл заңдылық та. Өйткені ендігі тұста халықтың Мемлекеттік сыйлықты алған жазушыны, ұлттың мұңын жоқтап, сөзін сөйлейтін тұлға биігіне көтерілген азамат ретінде қабылдайтындығы - ақиқат. Ендеше ұлтының мақтанышына айналу кез-келген ақын-жазушының арманы болуы табиғилық емес пе?
Мемлекеттік сыйлықты алған белгілі бір ақынымыз ұлтын қаралап мақала жазып, халқына тасадан тас атты
Алайда қарапайым сыншы ретінде Мемлекеттік сыйлықты иеленген ақын-жазушылардың бәрінің ұлы мәртебелі Сөздің қадірін қашырмай, қиын кезеңдерде, ылғи да қайран қазағының қасынан табылып жүргеніне күманданам. Қатты күманданам. Мысалы осыдан екі жыл бұрын Алматыдағы қазақтардың үйлері қиратылғанда, Мемлекеттік сыйлықты алған белгілі бір ақынымыз ұлтын қаралап мақала жазып, халқына тасадан тас атты. Ал, осындай марапаттың құрметіне бөленген тағы бір үлкен жазушымыз Ислам дінін масқаралаған шығарма жазып, ақыр соңында басы бәлеге қала жаздап, әрең құтылды. Жұрттың бәрі «шындықты тура айтатын наркескен» деп, мақтап жүрген, осы сыйлықты алған, тағы бір атақты жазушымыз қазақтың жері сатылатын кезде биліктің сөзін сөйлеп, күйбең қақты. Қаршадай кезінен әдебиетте аты шыққан, білгір, данышпан деп жер-көкке сиғызбай жүрген бір жазушымыз қаймана қазақтың басындағы сын сағаттардың бәрінде де, жоғарғы жақта қалғып-шұлғып, тойған қозыдай томпиып, үнсіз отырады. Үлкен қызметте жүрген, Мемлекеттік сыйлықты иеленген тағы бір ақын президентпен кездескенде оппозицияның күстаналап, өзіне әжептәуір «бедел» жинағандай болды. Мемлекеттік сыйлықты алған бір топ ақын-жазушылар президентке «тарихты сізден бастайық» деген мағынадағы хат жазып, жарымсақтанды. Мемлекеттік сыйлықты алған тағы бір жазушы.... Айта берсек мұндайлар көп, Қайсысын тауысамыз.
ҚАЗАҚТА ДА ҰЛТТЫҚ РУХ БОЛҒАН
Орыс жазушысы Достоевский «Жазушының күнделігі» атты еңбегінде «Қорқыныш әдебиеттегі құлдықты туғызады. Ал, әдебиетте құлдық болмауға тиіс» деп, жазыпты. Ия, расында да жазушының сөзімен келіспеске амалың кем. Өйткені әдебиеті құлдыққа бойұсынған елдің ұлттық рухы күйреп, азып-тозуы басталады. Сондықтан да ұлтының азаттығын армандаған орыс жазушылары әдебиеттегі құлдықтан құтылу үшін аз зардап шеккен жоқ. Біз мысалға келтірген сөзді айтқан, рухани тәуелсіздікті аңсаған Достоевскийдің өзі биліктің қаһарына ілігіп, өлім жазасына кесіле жаздаған. Биліктің айтқанына көніп, айдағанына жүргісі келмеген ақындары Пушкин мен Лермонтов дуэльде қаза тапты. Орыстың құлдық болмысын әшкерелеген жазушы Гоголь азапты жағдайда дүние салды. Ұлтының азалы шындығын ашына айтқан жазушы Толстойға проваславиелік шіркеу лағнет айтып, әйгілі философ Чаадаевты орыс билігі «есінен ауысқан жынды» деп, жариялады. Кеңес одағының саясатына бағынғысы келмеген, қызыл империяның шеңгелінен босануды аңсаған орыстың көптеген ақын-жазушылары эмиграцияда қаңғырып өлді.
Сіз бізді дұрыс түсініңіз. Біз өткен тарихта қазақтың ақын-жазушыларында мұндай асқақ рух мүлде болған емес, дегенді айтқымыз келіп тұрған жоқ. Болған. Және болғанда қандай!
Ай, хан, мен айтпасам білмейсің,
Айтқаныма көнбейсің,
Шабылып жатқан халқың бар.
Аймағын көздеп көрмейсің.
Қымыз ішіп қызарып,
Мастанып қызып терлейсің,
Өзіңнен басқа хан жоқтай
Елеуреп неге сөйлейсің?
Бұл- әйгілі абыз Асан-Қайғының жүрегінен шер болып төгілген өксік-өкініш.
Ай, заман-ай, заман-ай,
Түсті мынау тұман-ай,
Істің бәрі күман-ай!
Баспа-тана жиылып
Пана болған заман-ай,
Құл-құтандар жиылып
Құда болған заман-ай.
Арғымағын жоғалтып,
Тай жүгірткен заман-ай,
Азаматын құлатып
Жұрт талық болған заман-ай.
Бұл –заманының қайғы-қасіретін мейлінше шынайы, әрі табиғи жеткізген Бұхар жыраудың кеудесін қақ жарған зарлы толғауы. Және осылар ғана емес. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы ұлттық рух майданындағы Абай салып берген жолды жалғастырып әкеткен Ахмет, Міржақып, Мұстафа, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Мұхтар, Әлихан секілді қазақтың нарқасқа ұлдарының туындылары мен Кеңестік империяның қылышынан қан тамып тұрған уақытта да елдік мұратты сатпаған ақын-жазушылардың шығармаларындағы айтылған кесек ойлардың бәрі де, сөнуге айналғанмен, сол ұлттық рухтың әлі өше қоймағандығының көрінісі.

ЖАҒЫМПАЗ ЖАЗУШЫЛАРДЫҢ ЖАРЫСЫ
Әйтсе де бүгінгі таңда Мемлекеттік сыйлықты алып жатқан ақын-жазушылардың туындыларында сол ұлттық рухтың нышаны байқала ма? Және сол марапатқа бөленгендердің бәрі шын мәнісінде ұлт мақтаныш тұтуға лайық тұлғалар ма? Әй, қайдам!
Соңғы жылдары "Мемлекеттік сыйлық шығармаға емес, адамға беріледі" деген әңгімелер жиі-жиі айтылып жүр
Соңғы жылдары қоғамда, «Мемлекеттік сыйлық шығармаға емес, адамға беріледі» деген әңгімелер жиі-жиі айтылып жүр. Басқаша сөзбен айтсақ, биліктің тілін таба алатындар ғана оны ала алатын көрінеді. Қазақ болған соң, ұлттық рухтың соншалықты төмендеп кеткендігін білдіретін мұндай әңгімеге сенгің келмейді. Бірақ қанша сенбеуге тырыссаң да, Мемлекеттік сыйлыққа ие болған және соны алуға талпынған ақын-жазушылардың соңғы жылдардағы құлшыныстары мен іс-әрекеттері ел арасында айтылып жүрген әңгімелердің астарында шындық бар екенін аңғартқандай.
Алдымен бір «данышпанымыз» президентті қайта-қайта мақтап көріп, бағы жанып кетті. Мұны байқап қалған Мемлекеттік сыйлықтан үміткер бір ақынымыз жатса-да, тұрса да президентті мақтайтын ауруға ұшырады. Ақыр соңында айы оңынан туып, оның да жолы болды. Осылайша президентті мақтау бірте-бірте Мемлекеттік сыйлықты алуды көздеген ақын-жазушылардың арасында дәстүрге, келе-келе жарысқа айналды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда бұл аламан бәйгеге кімдер қатыспады дейсіз. Ақыр соңында тұлпар деп жүргеніміздің жабы торы, сұңқар деп жүргеніміздің бар-жоғы қарқылдауық қарға екеніне көзіміз жетті.
Ақын-жазушылардың біреуісі мақтауын келістіріп Нұрсұлтанды айбыны асқан Абылайханға теңеді. Екіншісі –Вашингтонға. Үшіншісі –Бәйтерекке. Төртіншісі –Айға. Бесіншісі –Күнге. Алтыншысы –Нұрға. Жетіншісі –Мұхаммед пайғамбарға. Сегізіншісі –Аллаға. Тоғызыншысы –Тәңірге. Оныншысы –Құдайға. Ақыр соңында сыйлыққа үміткер ақын-жазушылар қазақтың сөздік қорын әрі-бері қотарып, Президентке теңеу таба алмай, әбден қиналды.
МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҚТЫ ҚАНДАЙ ЖАЗУШЫЛАР АЛАДЫ?
Кеңес үкіметін қанша жамандасақ та, ол уақыттары әдебиетте танылған, халықтың арасында беделі бар ақын-жазушылардың шығармалары Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жататын. Өткен жолы Мемлекеттік сыйлықты Алдан Смайыл деген жазушының алғанын естігенімде, қарапайым оқырманды айтпағанда, әдебиет сыншысы ретінде менің өзім де аң-таң қалдым.
Бірден айтайын. Шығармаларын оқымағандықтан, мен ол жазушының Мемлекеттік сыйлықты алған туындысының оған қаншалықты лайық екендігі туралы ештеңе айтқым келмейді. Бірақ өз басым ондай жазушының бар екенін, Мемлекеттік сыйлықты алғанда бір-ақ білдім. Таяуда Ресейдегі «Литературная газета» басылымында жазушы Юрий Поляковтың халықаралық беделі зор марапат ретінде мақталып жүрген Букер сыйлығының ешкім танымайтын, көлденең көк аттыларға бұйырып жатқаны туралы мақаласы жарық көрді. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы да соның кебін киген секілді.
Өз басым әдебиет саласындағы шығармаларды іріктейтін (егер шынымен де ол шығармалар оқылып жүрсе) комиссия мүшелерінің кейбіреуінің көркем шығармаларды сараптай алатын біліктілігіне күманым бар. Айталық әдебиет саласындағы сыйлықты беруге төрелік жасайтын мәдениеттанушы Ақселеу Сейдімбек, академиктер Сейіт Қасқабасов пен Мырзатай Жолдасбеков бүгінгі қазақ прозасы мен поэзиясын зерттеп, осы тақырыпта еңбек жазып жүрген сыншылар емес. Прозаик немесе ақын деп те оларды ешкім танымайды. Сондықтан да олардың бұл тақырыпты терең білетіндігіне де, шешім шығарарда обьективті бола алатындықтарына да сенбеймін. Егер де жазғандары бар болса, айтсын. Ақталсын!
Мемлекеттік комиссияның қарауына келіп түскен шығармаларды, оның мүшелері оқымайды да екен
Үстіміздегі жылы жазушы Герольд Бельгер «Начнем с понедельника» апталығына мақала жазып, Мемлекеттік комиссия мүшелігінен шыққаннын және алдағы уақытта өз шығармасын осы сыйлықты алуға ұсынбайтынын мәлімдеді. Комиссияның жұмысынан әбден көңілі қалған жазушы Герольд Бельгердің айтуынша, сыйлықты кімге беру керектігін шешу барысында ақын-жазушының таланты емес, оның лауазымы жоғары шенеуніктермен қаншалықты жақсы қарым-қатынаста екендігі, туыстығы, жерлестігі, шешуші рөл атқарады. Ал, Мемлекеттік комиссияның қарауына келіп түскен шығармаларды, оның мүшелері тіпті оқымайды да екен.
МИНИСТРДІҢ ДОСЫ БОЛСАҢ - МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҚ СЕНІКІ
Тағы бір айта кететін мәселе Мемлекеттік сыйлықты беру тәртібі көп жағдайда сол салаға келген министрдің көңіл-күйіне орай сан құбылып отырады. Айталық дүниеден озған ақын-жазушылардың шығармаларын Мемлекеттік сыйлыққа ұсыну тәжірибесі қазақ әдебиетінің тарихында бұрын-соңды болған оқиға емес. Алайда дүниеден ерте озған қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевқа Мемлекеттік сыйлықты бергізу үшін бұл ереже бұзылды. Кейіннен қазақ поэзиясына өзгеше тереңдік әкелген, ерте опат болған ақындар Жұмекен Нәжімеденов пен Әбдіраштың Жарасқанының туындылары осы сыйлыққа ұсынылғанда ереже өзгеріп, дүние салған ақын-жазушыларға Мемлекеттік сыйлық қайтадан бұйырмайтын болды.Ал, Мемлекеттік сыйлықтың соңғы ережесіне сәйкес қайтыс болған ақын-жазушыларға қайтадан берілетін болыпты. Мұны қалай түсіну керек? Басқасын айтпағанда, аруақтарды алалау имандылыққа қайшы әрекет емес пе? Мүмкін, Мемлекеттік сыйлықты бермес бұрын, енді қайтып өзгермейтіндей етіп, оның ережесін бір ретке келтіріп алғанымыз абзал шығар. Әйтпесе Алматының ауа райы секілді қайта-қайта құбылған ережеден, жұрт түгіл, ақын-жазушылардың өздері шатаса бастады.
Шығармаларды Мемлекеттік сыйлыққа ұсыну жүйесінде берекесіздіктің көп екендігін жазушы қауымы талай айтқан
Сонымен қатар шығармаларды Мемлекеттік сыйлыққа ұсыну жүйесінде берекесіздіктің көп екендігін жазушы қауымы талай айтқан. Мәселенки, Қазақстан Жазушылар одағында ақын-жазушылардан іріктелген комиссия жұмыс істейді. Бір қызығы сол комиссия құлатып жіберген шығармалар да, басқа бір ұйымнан ұсынылып Мемлекеттік сыйлықты алып кете береді.
Дәлел керек пе? Келтірейік. Жазушы Алдан Смайылдың Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармасын Қазақстан Жазушылар одағының проза секциясы өткізбей қойғанымен, «Егемен Қазақстан» газеті арқылы ұсынылып, бәрібір жолын тауып алып кетті. Мемлекеттік сыйлыққа әрең қол жеткізген сол жазушы, қазір осы комиссияның беделді де, белді мүшесі. Күлесіз бе, жылайсыз ба?
Түрлі басылымдар, жоғарғы оқу орындары, қоғамдық мекемелер арқылы ақын-жазушыларды Мемлекеттік сыйлыққа ұсыну бүгінгі күні үйреншікті құбылысқа айналды. Олардың пікірін керек қылмаса, Қазақстан Жазушылар одағындағы Мемлекеттік сыйлық жөніндегі комиссия арамтер болып, кім үшін, не үшін жұмыс істеп жатыр? Егер қаламгер қауым ол комиссияның жұмысына риза болмаса немесе ондағы адамдардың шығармаларды адал саралайтындығына күманданса, онда дауысқа салу арқылы оны қайтадан жасақтап, құрамын өзгертейік.
Қалай болған күнде де Мемлекеттік сыйлық мәселесіне немқұрайлы қарауға болмайды. Себебі, басқа ел қазақ халқының ұлттық ой-өресінің қаншалықты өскенін немесе құлдырағанын Мемлекеттік сыйлықты алған шығармалармен өлшейді. Ал, бүгінгі жағдайды зерделей келіп, ел басқаратын көсемдер Мемлекеттік сыйлыққа ұлттық мақтанышымызды, оның ой-өресін көрсететін символ ретінде қараудан қалған ба деп қорқасың. Ал, осы марапат жолындағы қазақтың рухани кеңістігіндегі жанталасты көрген соң, алғандардан гөрі, келешекте Мемлекеттік сыйлықты алмағандар немесе жазушы Герольд Бельгер секілді одан бас тартқандар әдебиеттің тарихында абыройлырақ болып қала ма деген ойға батасың? Сіз не дейсіз, оқырман!
XS
SM
MD
LG