Accessibility links

Путин Украинада ядролық қару қолдануы мүмкін бе?


Ресей президенті Владимир Путиннің суретінен коллаж.
Ресей президенті Владимир Путиннің суретінен коллаж.

"Соғыс шегіне жеткенде ядролық қару көмегімен күш теңестіру", "Ядролық маневр арқылы батысқа белгі беру", "Путин ядролық қару бар құрамды Украинаға жөнелтіп жатыр". Кейінгі күндері шетел басылымдарында осындай тақырыптағы материал көбейді. Жоғары лауазымды шенеуніктердің ақпаратына сүйенген журналистер Ресей жаппай қырып-жою қаруын қолдануға дайын екенін көрсету үшін ядролық қару сынағын өткізуі мүмкін деп жазып жатыр.

Италиялық La Repubblica газетінің болжамынша, Ресей жақын уақытта "Посейдон" ядролық торпедасын қолдануы мүмкін. Ядролық қарумен жабдықталған, қашықтан басқарылатын суасты аппараты алысқа жетіп жарылып, ядролық цунами туғызады. Бұл торпеданы "ақырзаман қаруы" деп те атайды. The Times журналистері "ядролық сынақты поляр шеңберінің арғы жағында немесе Қара теңіз акваториясында "Белгород" суасты кемесінің экипажы жүргізуі мүмкін" деп топшылайды.

Британдық The Times басылымы Путин Украина шекарасына ядролық пойыз жібергенін жазды. Журналистер дерегінше, оны әдеттегі эшелон сияқты етіп жіберген, бағытын жер серігінен бақылау қиын, ал вагон ішінде баллистикалық зымыран мен тактикалық ядролық қару болуы мүмкін. Бұл – жою ауқымы бірнеше километрге ғана жететін, қуаты аз ядролық қару түрі.

– Одан да мықты арсенал бар. Бұрынғыдай әлі сақтаулы тұрған шығар. Бұл қару кезінде СССР мен оның қарсыластарының артиллериясында болған атом снарядтары тобына жатады. Басқаша айтқанда, атом минасы. Кезінде Совет одағының диверсиялық топтарында бірнеше килотоннаға жететін ядролық құрылғылар болатын. Диверсантқа бұл құрылғыны жасырын түрде дұшпан жеріне жеткізіп, тастап кетіп, жарып жіберу жүктелетін, – дейді Ресей қорғаныс министрлігі ғылыми-зерттеу институтының бұрынғы офицері Владимир Бекиш.

"Посейдон" – Ресейдің ядролық қару орнатылған торпедосы.
"Посейдон" – Ресейдің ядролық қару орнатылған торпедосы.

Украинаның жалған ақпаратқа қарсы күрес орталығы Арктикадағы "Белгород" суасты кемесі туралы хабарлар Ресей пропагандасына пайдалы екенін, НАТО ядролық торпеда тиелген кеме туралы ақпарат жарияламағанын айтты.

Бірақ 4 қазанда Украинадағы тағы бір ресми мекеме – Стратегиялық коммуникациялар және ақпараттық қауіпсіздік орталығы – "Радиациялық қауіп кезінде не істеу керек?" деген нұсқаулық жариялады. Ресейлік зымыран күштерінің бұрынғы офицері Владимир Бекиш ядролық соққы жасау ықтималдығы 90 пайыз деп бағалайды. Сарапшының пікірінше, стратегиялық қару қолдану туралы шешімді жоғары жақта қабылдайды. Ал тактикалық қару қолдану мәселесі майданда-ақ шешіле береді. Кремль әр офицерді қадағалап отыра алмайды.

– Жедел-тактикалық немесе тактикалық зымыран – майданда қолданылатын қару. Полк командирі, зымыран дивизионы командирі бар. Оларға зымыран қолдану құқығы әлдеқашан беріліп қойған. Өйткені майданда спутник, радио, мобильді байланыс болмай, әскери басқару жүйесі бұзылуы мүмкін. Мұндайда Кариб дағдарысы кезіндегі жағдай қайталанады. Совет зымырандары Кубада тұрған кезде зымыран әскерін басқаратын адамға АҚШ-қа соққы жасау туралы шешімді өз бетінше қабылдау құқығы берілген, – дейді Владимир Бекиш.

Америкалық соғысты зерттеу институты бұл мәселеге байланысты оптимистік көзқараста.

– Кремль, оның ішінде Дмитрий Медведев ядролық қару қолданамыз деп қоқан-лоқы жасап жатыр. Дегенмен Ресей Украинада ядролық тактикалық қару қолдануы мүмкін деуге негіз аздау деп ойлаймыз. Олар Украинаны қорқытып, шегінуге мәжбүрлеуге тырысады. Батыс мемлекеттеріне сес көрсетіп, Украинаға көмек жіберуді тоқтатқысы келеді. Бірақ Путин шынымен ядролық қару қолдануға барады деп ойламаймыз. Мұның бірнеше себебі бар, – дейді Соғысты зерттеу институтының ресейлік бағытын басқаратын Кларк Мейсон.

Сарапшы бұл сөзіне екі дәйек келтіреді. Біріншіден, ядролық қару қолдану Кремльді НАТО мен АҚШ-қа қарсы соғысқа итермелейді. Тараптар Мәскеудің ядролық шабуылына ядролық қару қолданбай, конвенциялы жауап беруге келіскен. Екіншіден, қазір Ресейде тактикалық ядролық соққыдан кейінгі басымдықты пайдаланып, Украина жерін басып алатын әскер жоқ. Кәсіби дайындықтан өткен жауынгерлерінің көбі жеті ай майданда жүріп, соғысқа жарамай қалған немесе қаза тапқан.

Ресей сыртқы істер министрлігі ядролық соғысқа жол бермеу керек деген пікірге қосылатынын мәлімдеді. БҰҰ-ның зерттеулер институтында ядролық қауіпсіздік бойынша сарапшы болып істейтін Павел Подвиг бұл мәлімдемені былай түсіндіреді:

– Тактикалық ядролық қаруды майданда қолданудың еш мәні жоқ. Оның үстіне, қазіргі соғыс өз бетінше жүріп жатыр. Ресей билігі ядролық қару қолдану туралы шешім қабылдаған күннің өзінде сарапшылар ядролық қарудың көмегімен ештеңе істеу мүмкін емесін түсінеді деп ойлаймын. Ресей Украина мен Батыс елдерін шошыту үшін ядролық қаруды бейбіт тұрғындарға қарсы қолданатын болса, бұл дегеніміз ондаған, жүздеген мың адамды қырып-жою деген сөз. Ядролық қаруды майданда қолдану ықтималдығына келсек, Ресейде соғыстағы жағдайды өзгертуге жарылғыш заттар жетпеуі мүмкін. Бұл соғыстың бір ерекшелігі, онда қара құрым әскер жоқ. Белгілі бір әскери эффектіге қол жеткізу үшін әр Humvee-ге (америкалық әскери жүк көлігі) ядролық бомба тастау керек. Ресейде екі мың жарылғыш заряд бар деп айтып жүр ғой, бірақ нақты жағдай сәл басқаша. Бір мыңнан екі мыңға дейін заряд – ол бөлшектеуге жататынын қоса алғандағы жалпы саны.

"Настоящее время" тілшілері Юрий Баранюк пен Ксения Соколянскаяның материалдарынан аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG