Accessibility links

Тілшілерді өлтіргендердің 90 пайызы жазаланбайды


1999 жылы сербиялық журналист Славко Чурувияны (суретте) өлтіргендер сол күйі табылмады.

1999 жылы сербиялық журналист Славко Чурувияны (суретте) өлтіргендер сол күйі табылмады.

Кейде қылмыскерлер әрекеттері әшкере болып қалмау үшін ізіне түскен журналистердің көзін жояды. Оларға тілшіні өлтіру түкке тұрмайды, өйткені мұндай қылмыстардың 90 пайызы ашылмай қалады.

Көшеде хаос басталғанда әдетте бірінші болып қару нысанасына журналистер ілінеді.

Украинада да солай болды. Осы жылдың алғашқы алты айында бұл елде жеті журналист пен олардың көмекшілері оққа ұшты. Өйткені қақтығысқан екі тарап та куәлерді және өз жақтарына шықпаған адамдарды өлтіруге тырысады.

Қаза болғандардың бірі – Киевте шығатын «Вести» газетінің тілшісі Вячеслав Веремий. Сол кездегі президент Виктор Януковичті қолдаған «титушкаларды» камераға түсірген оны белгісіз біреулер ақпанның 19-ы кеудесінен атып кеткен.

Ресейге қосылуды жақтайтын «Хочу в СССР» басылымының редакторы Сергей Долговты да ақпанның 19-ы күні Днепропетровск қаласының маңында біреулер ұрлап әкетіп, өлтірген.

Журналистерді өлтірген қылмыскерлердің бірде-бірі табылмады, тиісті жазаларын алмады.

ҚЫЛМЫСКЕРЛЕРДІҢ ЖАЗАЛАНБАУ СЕБЕПТЕРІ

БҰҰ қарашаның 2-сін Журналистерді өлтіргендерді жазасыз қалдырмау күні ретінде атап өту туралы шешім қабылдаған. Осы дата қарсаңында АҚШ-та орналасқан «Журналистерді қорғау комитеті» (CPJ) әлемде кісі қолынан қаза тапқан тілшілер туралы есебін жариялады. Есептегі мәліметтерге жүгінсек, әлемде журналистерді өлтірген қылмыскерлердің 90 пайызы сотқа тартылмай, жазадан құтылып кетеді.

Жаңа есептегі мәліметтерге қарағанда, соңғы 10 жыл ішінде әлемде 370 журналист кәсібіне бола әрі кек алу мақсатында өлтірілген.

Анық көру үшін суретті басыңыз.

Анық көру үшін суретті басыңыз.

Олардың көпшілігі - соғыстан хабар таратқан тілшілер емес - жемқорлық, қылмыс, адам құқықтарының бұзылуы және саясат тақырыбына жазған жергілікті журналистер.

Есепте «Қылмыстық топтар, үкімет немесе армия қызметкерлері, заңсыз жасақтар, қарулы топтар және басқалар ел ішіне үрей таратып, өз әрекеттеріне БАҚ көп назар салмауы үшін журналистерді қасақана өлтіреді» деп жазылған.

Мұндай қылмыстарға тапсырыс бергендер мен орындағандардың 90 пайызы ешқашан жазаланбайтындықтан, журналистерге қатысты мұндай әрекеттер көбейіп барады. «Көп жағдайда журналистер үндемей қалуға немесе басқа елге қашып кетуге мәжбүр болады» дейді есеп авторлары.

Есепте «БАҚ өкілдеріне нысаналы шабуыл жасаудың кесірінен әлем жұртшылығының Сириядағы соғыс, Мексикадағы есірткі саудасы, Пәкістандағы әскерилер ықпалы, Ресейдегі жемқорлық туралы толық ақпарат ала алмай отырғаны» жазылған.

Авторлардың айтуынша, кісі өлтірушілердің жазаланбауының бір себебі – биліктің бұл қылмыстарды ашуға деген ниетінің болмауы. Екінші себеп – қақтығыстар. Қылмыскерлер көбіне жемқорлықтың, саяси ықпалдың, қорқытып-үркітудің, құқық қорғау саласының қауқарсыздығының кесірінен жазадан құтылып кетіп жатады.

«ӘРЕКЕТ КЕРЕК»

Журналистерге қарсы қылмыс жасағандарды жазасыз қалдырмау күнінің қарсаңында ЕҚЫҰ-ның баспасөз бостандығы жөніндегі өкілі ұйымға мүше елдерді «журналистерге қарсы қылмыс жасағандарды тауып, сот арқылы жазалау бойынша нақты шаралар атқаруға» шақырды.

Қазанның 30-ы күні жарияланған мәлімдемесінде ЕҚЫҰ-ның баспасөз бостандығы жөніндегі өкілі Дуния Миятович: «Қылмыскерлерді жазалау үшін биліктің ерік-жігері керек. Бірақ көп жағдайда ондай жігер тіпті мүлде жоқ болып жатады. Қылмыскерлерге кіжіну, оларды айыптаған риторика жеткіліксіз - қылмыскерлерді тауып, жазалау керек» дейді.

Миятович кісі қолынан қаза тапқан әйгілі журналистердің біразының есімдерін атады. Оларды өлтірген қылмыскерлер жазаланбаған. Бұл тізімде сербиялық Славко Чурувия (1999), Грузияда туған украиналық журналист Георгий Гонгадзе (2000), сербиялық журналист Милан Пантич (2001), белорус журналисі Вероника Черкасова (2004), черногориялық журналист Дуско Йованович (2004), Мәскеуде болған америкалық журналист Павел Хлебников (2004), әзербайжан журналисі Елмар Хусейнов (2005), Ресей журналисі Анна Политковская (2006), өзбек журналисі Әлішер Саипов (2007), ұлты армян түркиялық журналист Грант Динк (2007), ресейлік журналистер Наталья Эстемирова (2009), Хаджимурат Камалов (2011) және Ахмеднәби Ахмеднәбиев (2013) аталды.

(Чарльз Рекнагельдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG