Мақалалар

Серік Әбдірахманов: ГКЧП Назарбаевты тұтқындамақшы болды

21.08.2008

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылғы «тамыз бүлігі» кезіндегі әрекеті - жұмбақ. Куәгерлердің бірі оның қамауға алына жаздағанын айтса, біреулер ол Мәскеуден жоғары лауазым күтті деседі.

"Тамыз бүлігі" сол кездегі Қазақстанның жоғарғы элитасын қатты әбігерге түсірді, деп еске түсіреді 1991 жылы Қазақстан президентінің кеңесшісі әрі Жоғары Кеңестің депутаты болған Серік Әбдірахманов. Ол алғашқы болып Жоғары Кеңес отырысында ГКЧП-ны ашық айыптап мәлімдеме жасағанын, ал Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төңірегіндегі бір топтың «төңкерісті» қолдауға шақырғанын айтады.
 
«ГКЧП күшейіп, үндеулерін үдете бастаған кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың қасында жүргендер одан қашқақтай бастады. Әркім өз кабинеттерінен Мәскеуге телефон шалып, «сендерді күтіп отырған – мен-менмін!» деп жанталасты. Тіпті, мен сол кезде, тамыздың 19-ында, Ташкенттен Совет Одағының ішкі істер министрлігінің арнайы полкы Назарбаевты қамауға алу мақсатында шықты деген мәлімет алғанмын. Себебі, ол - Совет Одағы деңгейінде демократияшыл топтың өкілі, белгілі тұлға болды», - дейді Әбдірахманов.
 
Серік Әбдірахманов тамыздың 19-ы күні түнде Нұрсұлтан Назарбаевтың кабинетінде екеуара ГКЧП төңірегінде пікір алмасқандарын айтады.

«Мен өз пікірімді ашық айттым. Назарбаев терең ойға шомып жүрді... Бір кезде оның көмекшілері есік қағып, ГКЧП-ның атышулы баспасөз-мәслихаты басталғанынан хабар берді. Біз теледидарға үңілдік. Қарасам, сол комитеттің төрағасы Янаевтың қолы қалтырап отыр екен. Мен Назарбаевқа: «Нұреке, мұндай адам қалай ел билейді?!» дедім. Ол кісі де орысшалап оларды сөзбен сыбап алды. Меніңше, сол күні Назарбаев олардың келешегі мен мүмкіндігі бойынша бір тоқтамға келіп, олардың бұрыстығына көзі жетті»,
- дейді Серік Әбдірахманов.

Алайда, Нұрсұлтан Назарбаевтың «тамыз бүлігі» кезінде бір шешімге келе алмай, өз ұстанымын ашық жариялауға батпағанын айтады, сол күндері Қазақстанның Жоғары Кеңесінің төрағасы қызметінде болған Серікболсын Әбділдин.

«Назарбаев қатты састы. Ол не істерін білмеді. Жалтақ саясат ұстанды», - деп есептейді Әбділдин.

Ол сол кезде Нұрсұлтан Назарбаевпен тығыз қарым-қатынаста болып, бірге әрекет жасағандарына сендіреді.

«Назарбаев күш қай жақта басым болса, сол жақты қолдауға шешім қабылдады. Мен күш қай жақта емес, әділеттілік қай жақта болса, сол жақты ұстану қажеттігін айттым», - дейді Әбділдин.
 
Бұрынғы совет елдерінің кейбір басшылары оқиғаның «бүлік» екендігін батыл айтып, нақты бағаларын берген кезде Назарбаев үнсіз қалған болатын, дейді 90-шы жылдары «бейресмилер» атанған алғашқы қоғамдық ұйымдардың өкілі Жасарал Қуанышәлі. Өйткені, «егер ГКЧП талап еткендей, бұрынғы Одақ сақталып қалса, Назарбаевтың оның премьері болсам деген дәмесі болды. Екінші жағынан, Михаил Горбачев те оған сол орынды уәде еткен болатын», - дейді Жасарал Қуанышәлі.
 
Ресей президенті Борис Ельцин Совет Коммунистік партиясының бас хатшысы Михаил Горбачевті "тамыз бүлігін" қолдаушылардың тізімін дауыстап оқуына мәжбүрлеуде,  23 тамыз, 1991, Мәскеу.  
Десек те, Нұрсұлтан Назарбаевты Одақтың үкімет басшысы ету пиғылы керісінше ГКЧП үшін «отқа май құйғандай» болғандығын баяндайды, ГКЧП оқиғасын зерттеу бойынша құрылған комиссияны басқарған ресейлік саясаткер, қазіргі Ресей Федерациясы Есеп палатасының төрағасы Сергей Степашин «Известия» газетіне 2006 жылы 6 тамыз күні берген сұқбатында. «Өйткені, бүлік басында тұрған көптеген шенеуніктерге Назарбаев үкіметінен орын табылмас еді. Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдың шілдесінде Совет Одағының үкімет төрағасы болса (солай болуы да тиіс еді), ол Одақты сақтап қалар еді», - деген Степашин.
 

Алайда, 90-шы жылдардың басында Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге егеменді Қазақстан мемлекетін құру бойынша жұмыс атқарған Серікболсын Әбділдин Назарбаевтың премьерлігі туралы ақпарат Қазақстанның бірінші президенті төңірегіндегі көп аңыздың бірі ғана дейді.
 
Төтенше жағдай бойынша мемлекеттік комитетті (ГКЧП) 1991 жылы 18 тамыздан 19 тамызға қараған түні Совет Одағының бірқатар жоғарғы лауазым иелері құрған. Олар 20 тамыз күні «Тәуелсіз мемлекеттер Одағын құру» туралы уағдаластыққа қол қойдырмай, Совет Одағының күйреуін болдырмауға тырысты. 21 тамыз күні өзін-өзі өлтірген ССРО Ішкі істер министрі Борис Пугодан өзге ГКЧП-ның басқа мүшелері тұтқындалды.
 
 
Бұл форумда жариялануды қалайсыз ба?
Аты-жөні *
Мекені
E-mail
Пікір *
Пікіріңізді білдірместен бұрын Форум ережелерін оқып шығыңыз

Пікірлер 1-3 (жиыны 3)
Кімнен: Жасарал Қуанышәлин Қайдан: Алматы
27.12.2008 22:58

Ойпырмай, жарамсақтық пен жандайшаптықтың да түр-түрі болады екен!
"Сол кездегі Н. Назарбаевтың байсалды саясаты біздің елімізге тәуелсіздікті табыс еткенін естен шығаруға болмайды", - дейді бұл сабазыңыз. Жаным-ау, сонда, 15 республиканың 14-і, соның ішінде... метрополия - Ресейге дейін өз тәуелсіздіктерін жариялап кетіп, көштің орнында сопайып жалғыз қалған Қазақстанның тәуелсіздігін жарияламағанда, не істеуге тиіс еді Назарбаев?! Әлде, сол мелшиген қалпы жарияламай отыра беруге тиіс пе еді?! Ал, олай болса, бұл не қылған "байсалды саясат"?!
Көкем-ау, отар елдің өз тәуелсіздігін, қайталап айтам, метрополиядан соң жариялауы - ешқандай да "байсалды саясат" емес, нағыз масқара, ұят, сүйекке таңба салған сорақы саясат болғанын мектеп оқушысы да түсінуге тиіс қой! Ал, соны түсінбейтін, немесе, түсінгісі келмейтін ересек адам жөнінде не айтуға болады? Бұл көрсоқырлық дегеннің шегі жоқ-ау деймін, сірә...


Кімнен: Тәңірберген Қайдан: Алматы
04.09.2008 01:21

19-21 тамызда Ақ үйдің (Ресей үкіметінің ғимараты) маңында демонстранттар қатарында болдым. ГКЧП-ға бірінші қарсы шыққан А. Ақаев болды. Нұрсұлтан Назарбаев пен Кравчук ең соңынан ГКЧП-ге қарсы шығатынын мәлімдеді. Екі ірі республикалардың мұнысы дұрыс та болған тәрізді. Өйткені "Одақ сақталсын" деген референдумға қол қоюшылар 57 пайыз болғанын есте шығармағанымыз абзал. Негізі сол кездегі Н. Назарбаевтың байсалды саясаты біздің елімізге тәуелсіздікті табыс еткенін естен шығаруға болмайды. Президентіміздің сол кезеңдегі әрбір қадамы ұтымды болды. Ал ГКЧП-ге қарсы шыққандар қатарынан табылған біздерге радиодан үндеулер жарияланып, ген. Лебедьтің танкілерінің маңында оны-мұны үлестіріліп жатты. Метро ерте жұмысын тоқтататын. Соңғы күні 3 адам қаза тауып, әйтеуір "Тамыз бүлігі" басылды. Артынша тәуелсіздікте жетті...


Кімнен: Жасарал Қуанышәлі
28.08.2008 19:20

Мақалада айтылғанға қосарым - тап осы ТЖМК-нің бүлігі алдында, 1991 жылдың 14-тамызы күні, мен бірнеше жолдасыммен Алматыда, бұрынғы ЦУМ жанындағы алаңда, "Одақтық шартқа" қол қоюға қарсы саяси аштыққа отырған болатынмын. Өйткені, бұл шарт жүзеге асса, ештеңе өзгермейтіні, тәуелсіздік тек арман болып қалатыны айқын-тұғын. Сондықтан мен "Федерация емес, конфедерация!" деген талап қойдым. Бір қызығы, ТЖМК да, бірақ қарама-қайшы себеппен - ол шарт одақтас республикаларға тым көп еркіндік береді деп, қол қоюға қарсы болды. Сөйтіп, қол қою тоқтағандықтан, яғни, ТЖМК-ның "көмегімен" талабым орындалғандықтан, 19-тамызда мен де аштығымды тоқтататынымды мәлімдедім. Және 23-тамыз күні болған ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің төтенше сессиясында 15 минут сөз сөйлеп, конфедерация идеясын айттым. Соны естіп отырған Назарбаев 25-тамыз күні мұны өз атынан КСРО Халық депутаттарының съезінде қайталады. Бірақ, түптеп келгенде, өмір шындығы біздің арманымыздан да асып түсіп, Алла тағаланың әмірімен көп ұзамай СОКП мен КСРО құлады да, бүкіл одақтас республикалар толық тәуелсіздікке ие болды...

Пікірлер 1-3 (жиыны 3)
Мәтін көлемі