Сенбі, 26 мамыр 2012, Алматы 05:52

ӘЛЕУМЕТ

Әкімнің басқаруымен Шаңырақтағы баспаналар тағы күрелді, тұрғындар болса қайрансыз

Алматының Шаңырақ ықшам ауданының тұрғындары бүгін тағы да дүрлікті. Тұрғындардың айтуынша, Алатау ауданы әкімі бастап келген топ жаңадан бой көтеріп келе жатқан үш құрылысты ауыр техникамен күреп кеткен.

Мәтін көлемі - +
Шаңырақ тұрғындарының айтуына қарағанда, мамырдың 5-і күні Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнзоров бастаған әкімшілік өкілдері, полиция және бір экскаватор түскі сағат 12 шамасында елдімекенге кірген. Олар тұрғындармен сөзге келместен және өздерін таныстырып жатпастан-ақ ауыр техниканы іске қосып, Шаңырақ-1 және Шаңырақ-2 ықшам аудандарының арасындағы сайда орналасқан екі баспана құрылысы мен бір үйдің іргетасын күреп тастаған. Мұны көрген тұрғындар оқиға орнына көптеп жинала бастаған сәтте-ақ олар көліктеріне мініп кете барған.

Күрелген бір баспананың иесі Зарина Бақбергенованың айтуынша, бұл жерді ол осыдан бес жыл бұрын 3 мың долларға сатып алыпты, қолында растайтын қағазы да бар.

– Бүгін біздің үйдің іргетасы мен көршінің үйін бұзып кетті. Әкімшілік тек 2008 жылдан бастап салына бастаған заңсыз үйлер бұзылады деп айтып жатқан сияқты еді. Ал, бұл үйдің іргетасы 2004 жылдан бері тұр. Жақында аудан әкімінің орынбасары үйге телефон соғып, 12 мың теңге айыппұл төлеңіз деп айтқан болатын. 507-ші кеңсеге барып, төленген ақшаның түбіртегін өткіздім. Ол өзінің қолындағы тізімде Бақбергенова деп жазылған тұсын түртіп қойды да, үйдің құжаты беріледі деді. Ал, енді бүгін келіп үйдің іргетасын бұзып кетіп отыр, - деп шағым айтады Зарина Бақбергенова.

Шаңырақ тұрғыны Назгүл Базарбаева халық қаһарына мінсе билікте отырғандарға қиын соғатынын ескертеді. 5 мамыр 2009 ж.
Алатау ауданының әкімшілігі биылғы жылдан бастап әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтыру ісіне белсенді кіріскен-ді. Шамамен 12 мың теңге тұратын бұл қағазды алса, үйдің мемлекеттің актісі дайындалады екен дегенге мықтап сеніп алған жергілікті халықтың көбінде осындай хаттама бар. Ал, шын мәнінде, бұл хаттама жылжымайтын мүлікті құжатпен рәсімдеу жағын қарастырмайды, дейді онымен танысқан заңгерлер.

Онда азамат жерді өз бетімен басып алып, құрылыс жүргізіп жатқаны жазылған. Ал, осыған қатысты нұсқауда Жер кодексінде көрсетілген заң бұзушылықты осы нұсқауды алған күннен бастап заңда көрсетілген мерзім ішінде жою қажеттігі көрсетіліп, егер азамат нұсқауда көрсетілген шарттарды орындамайтын болса заңға сәйкес жауапқа тартылатындығы ескертілген.

Қолында осындай нұсқауы бар Шаңырақ тұрғыны Зарина өзіне тиесілі деп есептейтін мүліктің осылай бұзылғандығына сене алар емес.

– Бұған дейін де екі рет келіп бұзып кетіп еді. Енді олар түнде келіп өзімді түрмеге қамап тастайды деп айтып жатыр. Сол рас па? – деп сұрайды шошынған кейіптегі Зарина.

Тұтқиылдан келіп бірнеше баспананы бұзып кеткендер қайта соға ма деп қауіптенген Шаңырақ тұрғындары көпке дейін тарамады. 5 мамыр 2009 ж.
Солай дей тұрғанмен де ол көрші-қолаңның көмегімен бұзылған дүниелерді қалпына келтіретіндігіне сенімді. Ал, жиналған халық болса, экскаватормен бірге әкімшіліктегілер қайтып келуі мүмкін деген күдікпен, біраз уақыт бойы сол жерден тарқамай тұрды.

Зейнеткер жасындағы Назгүл Базарбаева халықты бұлай ашындыра беруге болмайтындығын ескертті.

– Патша – кеме болса, халық – теңіз. Ал, халықтың толқуы күшті. Билік соны ұқсын. Патша кімнің күшімен «қалқып» жүр? Халықтың күшімен. Халық толқыса өте ұят нәрсе болады, – деді Назгүл Базарбаева.

Бұл мәселеге байланысты түсінік алу мақсатымен Алатау аудандық әкімшілігіне хабарласқан Азаттық тілшісіне хатшы қыз әкімнің өзі қалалық әкімшілікке жиналысқа кеткендігін, ал 507-ші кеңседе отыратын аудан әкімінің орынбасары Ибрагим Қуатбекұлы Шаңыраққа кеткелі бері бүгін жұмысқа оралмағандығын айтты.

Аудан әкімінің тағы бір орынбасары Қайрат Айтбеков заңдастырылмаған үйлерді күреу мәселесі бойынша әзірге Азаттыққа ештеме айта алмайтындығын жеткізді.



CАЙТЫМЫЗҒА ТІРКЕЛІҢІЗ!

Құрметті оқырман!

Комментіңізді неғұрлым жылдам шығарып, Азаттық журналистеріне тікелей сын-ескертпе немесе ұсыныс айтып, өзге оқырмандармен ашық пікір алмасқыңыз келсе, сайтымызға тіркеліңіз.

Тіркелу үшін мына жерді басыңыз

Тіркелген соң сайттың оң жақ шекесіндегі «Кіріңіз» деген терезе арқылы еніп, пікір жаза аласыз.

Құрметпен,
Азаттығыңыз
Бұл форум жабық. Бірақ, Азаттықтың Facebook-тағы парақшасында жалғастыра аласыз: www.facebook.com/azattyq
Пікірлерді іріктеу
Пікір
     
Кімнен: Дат-Алаш Қайдан: Алматы
06.05.2009 00:05
+0 / -0
Әй, Иттің ғана күшіктері-ай, халықтан да, Құдайдан да қорықпайтын болды ғой. Енді мұнысы алайяқтық қана емес, асқандық қой. Қашанғы жерге қарап отыра береміз? Неге бас көтеріп, қол біріктіріп, санамызды оятпаймыз?

Кімнен: Малай Қайдан: Шаңырақ
06.05.2009 12:23
+0 / -0
Теңізді қозғалысқа түсіретін қуаты күшті жел қажет, ол жел қайда?

Кімнен: Оқырман
06.05.2009 14:40
+0 / -0
Ондай жел азаматардың бәрі шетте жүр. Ал осындағылар илғи жерлер ғой:

Кімнен: Ақмет Қайдан: Алматы
10.05.2009 19:34
+0 / -0
ей, қарапайым қазақ халқым! сендер жер алғанда неге сайдың ішінен аласыңдар, ертең су көтерілсе барлығың су ішінде қаласыңдарма деп қорқамын. Өзіміз енді ғана 67пайыз болғанда, оларды енді су түбінен көргім келмейді. Әкім Ахметжан Есімов