Accessibility links

Кедендік одаққа бірігу Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерін ДСҰ-нан алшақтата түседі


Қазақстан, Ресей және Беларусь үкіметтерінің басшылары кедендік одақ құру жөнінде келіссөз өткізуде. Мәскеу, 9 маусым 2009 ж.
Қазақстан, Ресей және Беларусь үкіметтерінің басшылары кедендік одақ құру жөнінде келіссөз өткізуде. Мәскеу, 9 маусым 2009 ж.

Әлемнің ақпарат құралдары Қазақстан, Ресей және Беларусь кедендік одақ құру туралы келісімге келіп, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуға байланысты келіссөздерде ортақ ұстанымда болу жөнінде ұйғарым жасасқандарын хабарлайды.



ҮШ ЕЛ ЕНДІ КӨПТЕГЕН МӘСЕЛЕ БОЙЫНША БІРІГЕ ҚИМЫЛДАМАҚ


«Интерактив инвестор» сайты Қазақстан, Ресей және Беларустің Дүниежүзілік сауда ұйымымен (ДСҰ) аталған ұйымға енуде жаңаша, біріккен негізде келіссөздер жүргізе бастайтынын хабарлайды.

Ресей 153 мемлекетті біріктіріп отырған ДСҰ-на енбеген елдер ішіндегі экономикасының көлемі ең үлкені болып табылады. Қазақстан да, Ресей де ДСҰ-на мүше болу жөніндегі келіссөздерді 1990-жылдардың ортасынан бері жүргізіп келеді, алайда Қазақстан өзінің бұл ұйымға мүше боп енуін (негізінен Ресейдің осыны кейін қалдыр деп қысым жасауынан) бұған дейін үздіксіз шегеріп келген болатын.

Бұл елдер енді ДСҰ-ның мүшесі болу жөніндегі келіссөздерді бөлек-бөлек жүргізбейтін болды деп хабарлайды «Синьхуа» агенттігі. Агенттіктің хабарлауынша, үш ел үкіметтері бірыңғай кеден тарифтерін келер жылдың қаңтарының бірінші жұлдызынан бастап енгізу туралы келісімге қол жеткізіпті.

Сонымен қатар, бұл үш мемлекет кедендік одақты құру туралы ресми рәсімдерді жасауды 2011 жылдың 1-інші шілдесіне қарай аяқтауды көздеп отыр. Ресейдің премьері келісім-шартқа қол қоюдан соң, өз елінің Еуроодақпен қарым-қатынасын, әсіресе ортақ еркін сауда аймағын құру ісінде, жетілдіруге ниетті екенін мәлімдеген.

«Едитпресс» сайты Ресейдің ДСҰ-ның мүшесі боп, осы ұйымға ену процесі бұл елдің армиясының өткен жылы тамыз айында Грузия аумағына басып кіруі нәтижесінде кейінге қалдырылған еді деп жазады.

Себебі, Грузия ДСҰ-ның мүшесі болып табылады. Ал бұл халықаралық сауда ұйымына мүше боп кіру үшін оның әрбір мүшесінің мақұлдауын алу керек. Грузия өз жерінің тұтастығын қамтамасыз етпейінше – Ресей армиясы Абхазия бен Оңтүстік Осетиядан кетіп, Грузияның жерінің тұтастығы қалпына келмейінше – Ресейдің ДСҰ-на мүше болуына келісім бермеуге бел буып отыр.

«Тайвань ньюс» сарапшылардың енді ДСҰ мүшелігіне өтудің Ресей үшін қиындап кеткені туралы пікірлерін келтіреді. Себебі, Ресейдің жаңа кедендік одақтың екі мүшесімен қатар түрде ғана ДСҰ мүшелігіне енуге қадам жасайтыны туралы мәлімдемесі, Беларустің де ДСҰ-на мүшелікке өту үшін даяр болатын кезін Ресейдің күтуінің қажеттігін талап етеді. Ал ДСҰ-ның мүшелері қойып отырған Беларустың экономикасын ДСҰ талаптарына сай етіп қайта құру процесін аяқтау Лукашенко үкіметі үшін әлі ауылы алыс нәрсе боп отыр.

РЕСЕЙ ТМД АУМАҒЫНДА ТЕК ӨЗІНІҢ ЫҚПАЛЫН ҒАНА АРТТЫРУҒА МҮДДЕЛІ


Ресейдің «Альфа банк» компаниясының экономисті Наталья Орлова: «ДСҰ мүшелігі Ресей үшін еш пайда әкелмейді. Ресей таяуда ғана өзі үшін тақау көршілерімен қарым-қатынасын дамытқаны әлдеқайда маңызды деген болатын» деп жазады аталған сайт.

«Ванкувер сан» өткен сейсенбіде Ресей премьер-министрі Ресейдің ДСҰ мүшелігіне өтуі тек өзімен кедендік одақты құрған екі мемлекетпен қатар ену арқылы ғана іс жүзіне асады деп мәлімдегенін атап көрсетеді.

Бұл шара Ресейдің аталған халықаралық сауда одағына енуі мүмкіндігінің аясын айтарлықтай тарылтады. Аталған кеден одағы құрылғанын жариялап тұрып, Ресей премьер-министрі: «ДСҰ мүшелігіне өту талпынысы оның елі мен бұрынғы ССРО мемлекеттері арасындағы интеграцияның тереңдеуіне бөгет боп отыр» деп мәлімдеген. Ресей, дейді аталған басылым, бұған дейін АҚШ пен Еуропа одағын саяси себептер бойынша өзінің осынау ғаламдық сауда ұйымына мүше болуына бөгет боп отыр деп сынаған болатын.

Халықаралық валюта қоры да осы айда Ресей өзінің ДСҰ мүшелігіне өтпек қадамдарының арынын бәсеңдетті деп хабарлаған еді. «Ванкувер сан» аталған кедендік одақ құру шарасын (Ресей тарабынан берілген) «келесі айда Ресей жеріне сапарлап келмегінің алдындағы АҚШ президенті Барак Обаманың бетіне тиген шапалақ» деп бағалаған. Барак Обама мен Ресей президенті осы жылдың сәуір айында өз елдерінің үкіметтеріне Ресейдің ДСҰ мүшелігіне өтуін биыл аяқтау үшін арнайы тапсырма беретіндіктері жөнінде өзара келісімге келген болатын.

РЕСЕЙ АЛДАҒЫ УАҚЫТТА БАТЫС ЕЛДЕРІНЕ ҚЫСЫМ ЖАСАУДЫ КҮШЕЙТПЕК

Басылым Қытай, Ресей, Үндістан мен Бразилия басшыларының келесі айда Екатеринбург қаласында кездесетінін жазады. Бұлар онда ДСҰ аясынан тыс өзара қарым-қатынасын дамытуды талқыламақшы. Әлемде алтын-валюта қоры бойынша үшінші орынды алатын Ресей, бүгінде дүние жүзін баураған экономикалық дағдарысты пост-советтік аумақта өзінің ықпалын күшейту үшін пайдаланып кетті деп атап көрсетеді аталған сайт.

Бұған дейін ешбір елдер тобы ДСҰ мүшелігіне кедендік біртұтас одақ ретінде өтіп көрмеген еді дейді одан әрмен «Ванкувер сан». Мұндай шара аталған одақты құрушы пост-советтік мемлекеттердің ДСҰ мүшелігіне өтуін қазіргіден бетер қиындатып жіберді. «Ресейдің ТМД аумағында өзі үстемдік етер кедендік одақ құрмақ ниеті ол үшін таяу мерзімді ішіндегі (бәрінен) маңызды мақсат болып табылады» дейді аталған сайт беттерінде сарапшы Роланд Нэш.

Бір көңіл аударатыны, ол Ресейдің соңғы жылдар ішінде өзінің ықпалы толық жүрмейтін кейбір дүниежүзілік және халықаралық ұйымдарға мүшелікке өтем деп мәлімдеп алып, оған кереғар шара қолданып келе жатқаны.

Мәселен, кедендік одақ құра отырып, Ресей премьер-министрі өз елінің келер уақыттарда Еуроодақпен еркін сауда аймағын құру мақсатында арадағы қарым-қатынастарды жетілдіруге күш салады деп мәлімдеді. Ресей тарабынан сонымен қатар, ДСО мүшелігіне ену ісінің маңызды боп қала берері жөнінде де сөз болды.

Ресейдің қазіргі премьер-министрінің кезінде үш рет жария түрде бұрынғы ССРО-ның ыдырағанына қайғыратынын айтқаны мәлім. Сонымен қатар, Ресей әлемнің әр түпкірінде, соның ішінде өз аумағынан әлдеқайда алыстағы аймақтарда өз белсенділігін қарқынды түрде арттырып жатқаны өтірік емес.

Және де Ресейдегі билік элитасы өзімен бақталас санайтын батыс мемлекеттерінің ықпалын әлсірету мақсатындағы өз іс-әрекетінің тегеурінін өсіріп отыр. Мәселен, оның әлем мемлекеттерінің халықаралық алтын-валюта қорын жасауда әрі халықаралық саудада АҚШ долларын қолданып келгенін сынауы, өткен бір жылдары Ресей рублін доллар орнына дүниежүзілік валюта ретінде халықаралық алыс-берістің құралына айналдырмақ әрекетін бастауы, т.т. бұған мысал бола алады.

Сонымен қатар, Ресей басшылары бүгінгі әлемдік экономикалық дағдарыстың тууына батыс елдері - соның ішінде АҚШ - ерекше жауапты, яғни кінәлі деп әртүрлі формада мәлімдемелер жасаудан танбай келеді.

Демек, соңғы он жыл ішіндегі Ресей басшылығының айтып келе жатқан мәлімдемелері мен жасап жатқан іс-әрекетін салмақтай отырып, келесідей тұжырымға келуге болады: Ресей өзінің бүкіл әлем бойынша бұрынғы ССРО уағындағы ықпалын қалпына келтіруді көздейтін стратегиялық жоспар жасап, соны іс жүзіне асыру әрекетіне кірісіп отыр.

Қазіргі дүниежүзілік дағдарыс аяқтала сала, Ресей батыс елдеріне – әсіресе ең алдымен АҚШ мемлекетіне – көрсетер өзінің қысымын жаңа, жетілген деңгейде өсіретін болады. Мұндағы Ресей мұраты – әлемнің әр түпкірінде аталған қарсыластарын олардың дүниежүзілік саясаттағы шептерінен ығыстырып, орнын өзі иемдену болып табылады.
XS
SM
MD
LG