Келесі бағдарлама





Мультимедиа


 

Қазақстан

Қарағандылық экологтар Арқаның азынаған жел қуатын су шығаруға тегін пайдаланудың тетігін тапты

Желдің күшімен жер астынан су тартатын қондырғысы бар шаруа қожалығы. Қарағанды облысы, қыркүйек, 2009 жыл.

29.09.2009
Саят СЕРİК

Қуаң жерлерді игеру бағдарламасын бірлесіп іске асыруды бастаған жергілікті және халықаралық қоғамдық ұйымдардың қолдауымен қарағандылық шаруа қожалықтары желдің күшімен жер астынан су сорып шығаратын құрылғыны пайдалануда.

СУ ТАПШЫЛЫҒЫ ЖАЙЫЛЫМДЫ ЖЕРДІ ТАРЫЛТТЫ

Мал аяғы жететін жайылымды жерлерге малшылардың жете алмауы мәселенің шешімін алыстатып тұр. Шөбі құнарлы шығатын алыс жерлердегі малшылардың өмір сүруіне қолайлы болатындай ауыз су мен мал ішетін судың жоқтығы жайылымды кеңейтуге қолбайлау. Сондықтан мал басы өскенімен, баяғы қыстауы мен жайлауының шөбін қайта-қайта отаудан шыға алмау, сол жерлердің қуаңдануына әкеліп жатыр.

Бұл проблеманы алғашқы болып мал шаруашылығымен айналысып жүрген шаруа қожалықтары сезінуде. Мал аяғы жеткен жердің шөбі мен суын тауысып, өсімдіктің түрленіп өсуіне мүмкіндік болмағаннан жайылым аумағы тарылып барады. Осылайша, шопан мал басының өсуіне кедергі болатын жағдайды айтып дабыл қақса, эколог мамандар жердің қуаңдауынан экологиялық мәселенің ушығатынын ескертіп отыр.

Қуаң жерлерді игеру бағдарламасын іске асыру жобасын қарағандылық «Экоорталық» қоғамдық қоры мен халықаралық «Жаһандық экологиялық қоры» бірлесіп жүргізе бастады. Ол үшін «Жаһандық экология қоры» осы шаруа қожалықтарының иелеріне желдің көмегімен жер астынан су сорып шығаратын құрылғы сатып алуды ұсынып отыр. Арнайы құрылғыны сатып алу үшін шаруа қожалықтарының жұмсаған қаражаттарының тең жартысын «Жаһандық экологиялық қоры» өз мойнына алған.

ЭКОЛОГТАР ЖОБАСЫ ЖЕРДІ ҚУАҢДАНУДАН САҚТАУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕДІ

Осылайша қарағандылық «Экоорталық» қоғамдық қоры мен халықаралық «Жаһандық экологиялық қоры» бірлескен жобасы аясында бірден екі мәселені шешуге болады дейді мамандар. Ол – арнайы желдің көмегімен су соратын қондырғылар арқылы мал шаруашылығының жайылым аясын кеңейтумен қатар жердің қуаңданып кетуіне жол бермеу.

– Мысалы, бір жерде тіршілік иесінің өмір сүруі үшін керекті зат – су болмаса ол жерде тіршілік болады деп айту қиын. Сондықтан шаруа қожалықтары әдеттегі қоныстанатын жерлерінен басқа жерді жайылым ете алмайды. Осының салдарынан желіне берген жер қуаңдана бастайды. Қуаңданған жердің топырағы бетіне шығып күнге шағылысқаннан кейін ол барлық тіршілік ету қасиеттерінен айырылады. Ол топырақ өзіне жақын орналасқан жерлерді де улау қасиетіне ие. Ал бүлінген жер қалпына қайта келуі үшін кемінде 100 жыл қажет, – дейді балама энергетика саласы бойынша ұлттық сарапшы Валерий Жильцов.

Қазіргі таңда аталған жоба аясында желдің қуатымен су шығару қондырғысын Қарағанды облысының Қарқаралы және Шет аудандарының шаруа қожалықтары сатып алып, қолданысқа енгізген. «Әлішер» шаруа қожалығының иесі Төлеген Әреновтың айтуынша, бұл құрылғының бұрынғы моторлы су сорғыш насостарға қарағанда тиімділігі мол. Су сору үшін тәулігіне 4-5 литр бензин жағатын моторға май мен күтім керек.

– Менің осы құрылғыны сатып алғаныма 3 ай болды. Даладағы азынаған желдің көмегімен суың келіп тұрады. Бірақ менде қазір ол біреу-ақ.. Келешекте жағдайға қарай тағы да 2-3 қондырғы сатып алсам деп отырмын. Оның тағы бір ерекшелігі, тіпті жел болмай қалғанның өзінде қолмен оңай бұрап-ақ жер астынан су шығаратын тетіктері бар екен, – дейді «Әлішер» шаруа қожалығының иесі Төлеген Әренов.

Меруерт Құрмашева, «Экоорталық» қоғамдық қорының атқарушы директоры. Қарағанды, қыркүйек, 2009 жыл.
«Экоорталық» қоғамдық қорының атқарушы директоры Меруерт Құрмашеваның айтуынша, әзірге Украинада шығарылатын бұл қондырғылардың осал жері – оның подшипниктері болып шыққан.

– Қондырғылардағы подшипниктер біздің қатты соғатын желдерімізге есептелмеген сыңайлы. Әкелінген 8 қондырғының 3-уі сынып қалды, – дейді ол.

Шаруа қожалықтары иелері мен «Экоорталық» мамандарының айтуынша, осындай қондырғыларды Қарағандыда да жасауға болады. Арнайы зауыт немесе цех іске қосылатын болса, қондырғылар мен оның қосалқы бөлшектерін шетелдерден іздеу ісі тиылар еді. Ол үшін бірінші кезекте бұл жобаның тиімділігіне мемлекет тарапынан назар аударылып, бір жылдары қабылданып одан соң жұмысынан хабар болмай кеткен «Қуаң жерлерді игеру» мемлекеттік бағдарламасы осы үлгіде жұмыс істеуі қажет дейді мамандар.
Бұл форум жабық
Пікірлерді іріктеу
     
Пікірлер
Кімнен: Мақсұт Қайдан: Жетісу
29.09.2009 13:31
Тамаша жоба! Біздің Жетісудегі атақты Жоңғар қақпасындағы қысы-жазы азынап тұратын желді дұрыс пайдалана білсе, Алашқа Алланың берген қуат көзінің нақ өзі екендігін Мелс Елеусізов секілді ғалымдардың айтып келе жатқанына 20 жылдан асты. Амал қанша, соны әлі күнге дейін естір құлақ болмай отыр. Әйтеуір, түбі осындай азаматтар шығып, ісімен дәлелдейді деп сенемін. Жарайсыңдар, қазақтар!!

Кімнен: Адам Қайдан: Қазақия
29.09.2009 16:29
Ит өлген жерден қарапайым затты сатып алып келіп, қажеттеріңе қолданғандарыңа, жерден жеті қоян тапқандай,соншама бәрі интернетке жазып,екі қолын шапақтап, балаша қуанған қара байыр қазақтарым-ай. Адамды ұялтатындарың не? Қазақстанда қаншама шаруа қожалықтары бар, солардың ішінде ауылшаруашылық институтында оқып, техника құралдарының редуктрларының жобасын сызып, пайда болған күшті қабылдау, ол күшті көбетіп және бағытын кардан мен креставина арқылы өзгертіп берудің есебін шығарғандарың жоқ па? Әлде, қазақтардың бәрі малын,күрішін, балығын, икрасын, ақшасын беріп оқыған ба?Қазіргі кезде қалаларда жол көлік оқиғасына үшыраған шетелдің автокөліктерін бұзып, сатып жатыр.Солардың ступицалары мен гранаттарын алып,редуктр мен комбайнның ременін қолданып, трубаларды құрастырып желдермен жасап алуға болады. Біреу соны жасап береді екен деп, ауыз ашып қарап отырудың қажеті жоқ. Оны ұйымдастыратын үкіметтегілердің адаммен алысқаннан басқа ісі жоқ. Бірінің бірі көңілдерін табудан қолдары тимейді. Біз,Қазақтар,интернетке ғылыми-техникалық дүниелерді жазып, пікірлесіп,еліміздің иесі ретінде,барлық жауапкершілікті мойнымызға алып, бүкіл халық болып, өзгеріп,бәрін өзіміз жасауымыз керек. Болмаса, бізді ешкім менсінбей, сыйламай кетеді.

Кімнен: Adai Қайдан: Aktau
29.09.2009 17:54
osyndai kondyrgylardy satyp almai-ak Kazakhstanda zhasauga bolady goi,kyruar akhsany dalaga shashatyn adetimiz ozimiz da asheiin,munyn bari akhsa zheudin amaly..

Кімнен: Адам Қайдан: Қазақия
29.09.2009 18:04
Техниканың, жаны жоқ темірдің бағынатын заңы бар.Темір өзгермейді,бұлғақтамайды, ол ешкімді алдамайды, ешкімнен алданбайды, қанша өтініш айтсаң да өзгермейді. Қатып қалған,табиғи бір ғана қарапайым заңдылыққа бағынады. Сол бір ғана қарапайым заңдылықты біліп, үйреніп алсаң, техника саған шексіз қызмет етеді.Ал, адамның табиғатының қулығына құрық бойламайды. Адам мың сан қулық ойлап табады. Енді,сол, қарапайым, өзгермейтін заңға бағынатын темірді түсінбейтін адам, Алланың шексіз дарын беріп жаратқан адамзатының болмсының түгін де түсінбейді. Сол адамзатты түсінбегеннен болар, біздің басшылар, паровоздың алдына түсіп жүгірген секілді, дамыған шетелдіктердің алдына түсіп жүгіреді. Сүйтіп, оларды алдап түсіремін деп саясат ұстап жүргенде, басшыларымыздың өздерін паровоз басып кетеді. Сондықтан,ағайын бырыңғай адаммен алыса бергенше, бірінші темірді түсініп алайық, сосын барып адамның жанына үңілейік. Өйтпесек, Абай атамыз бізге қара сөздерімен ренжігенін қоймас.

Кімнен: Оқырман Қайдан: Қарағандыдан
30.09.2009 10:37
Бұл қондырғылар Қарағандыда бүгін емес, 5 жыл бұрын пайда бола бастаған-ды. Мен бұл халықаралық жобаны жақсы білем. Дүниежүзілік банктен жобаға өте қомақты сома бөлінген болатын. 9 миллион 700 мың доллар. Ең бастысы бұл ақша кредит емес, грант есебінде берілген. Егер онда қарастырылған шаруаның барлығы рет-ретімен іске асқанда фермерлерге өте үлкен көмек болар еді.
Бастапқыда жоба өте жақсы жұмыс істеп тұрды. Соңында жоба жетекшілері бөлінген ақшаны өздері ту-талақай қылды. Сонымен аса керемет нәтиже шыққан жоқ.
Жоба басталғанда Шет ауданы фермерлеріне осындай 8 жел агрегаты берілгенін білем. Әрқайсысының құны 9 мың доллар деді.
Бірақ фермерлер бұл агрегат тиімсіз деп жүрді. Жоба аясында өткен бір семинарда бір жас жігіт (студент) бізге бұдан әлдеқайда арзан, әлдеқайда шыдамды, тиімді қондырғының жобасын жасап шығарғанын айтқан. Бірақ, жоба басшылары оның қондырғысына мән бермеді.
Қазірде Шет ауданындағы осындай агрегаттың көпшілігі сынып тұр.
     
Мәтін көлемі - +