Бейсенбі, 9 ақпан 2012, Алматы 11:48

ӘЛЕУМЕТ

Шенеунік "қазақ тіліне бөлінген қаржыны жымқырды" деп айыпталды

Астана полицейлері жұмыс істемейтін электронды аудармашы-сөздікті шығарды деген күдікпен шенеунікті іздеп жатқанда, Алматыда ресейліктер осыған ұқсас заңды өнімді жұртқа таныстырып, оны саудаға шығарды.

Мемлекеттік тіл - қазақ тілін қолдауға арналған митинг. Алматы, 21 қыркүйек 2008 ж.
x
Мемлекеттік тіл - қазақ тілін қолдауға арналған митинг. Алматы, 21 қыркүйек 2008 ж.
Мәтін көлемі - +

ШЕНЕУНІККЕ СЫРТТАЙ АЙЫП ТАҒЫЛЫП, ІЗДЕУ ЖАРИЯЛАНДЫ

Қаржы полицейлері, 27-ші мамырда, тағы бір бұрынғы шенеунікке қатысты қылмыстық іс қозғағаны туралы мәлімдеді. Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл жөніндегі комитетінің бұрынғы төрағасы Ерден Қажыбек қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, қазақша-ағылшынша-орысша онлайн аудармашы-сөздікті шығаруға бюджеттен бөлінген қаржыны жымқырған деген күдікке ілінді.

Ол аудармашы-сөздік бүгінде жұмыс істемейді және пайдаланылмайды. Бұл істің тарихы 2007 жылдан бастау алады. Сол кезде Мәдениет және ақпарат министрлігі (МАМ) Ерден Қажыбекке үш тілді сөздік шығару туралы тапсырма береді. Заманға сай электронды сөздік шығарудың қажеттілігі жайында ол кездері жоғары мінберлерден талай рет айтылған болатын.

Сол кезде, «2007 жылдың тамыз айында Ерден Қажыбек, МАМ-ның Тіл жөніндегі комитетінің төрағасы болып тұрған кезінде, электронды аудармашыны жасау туралы әлі атқарылмаған үш актіге қол қойып, оның ақысын жүз пайызға төлеген» деп мәлімдеді 27 мамыр күні Астанада өткен брифингте Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстармен күрес жөніндегі агенттіктің (Қаржы полициясы) ресми өкілі Мұрат Жұманбай.

Кейінірек, 20 министрлік пен ұлттық компаниялардың, сонымен бірге мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі 12 мемлекеттік мекеменің шағымдарын тексерген тергеу органдары үш тілді аудармашының шындығында мүлдем жұмыс істемейтіндігін анықтапты.

– Мемлекетке келтірілген шығын көлемі, алдын ала есептеулер бойынша, 65 миллион теңге (430 мың доллардай) шамасында. Айыпталушыға іздеу жарияланды. Қазіргі уақытта оны іздестірудеміз, – деп мәлімдеді журналистерге қаржы полициясының өкілі.

Бұрынғы шенеунік елде ме, жоқ әлде қашып, шетел асып кетті ме? Бұл сұрақтарға Мұрат Жұманбай жауап бере алмады. Ол тек «іздеу жұмыстары барлық бағыттарда жүргізілуде» деп мәлімдеді.

Комитеттің бұрынғы төрағасына қатысты қылмыстық іс жақында ғана қозғалыпты. Бірақ оған сырттай айып тағылып қойды, деп атап көрсетті қаржы полициясының ресми өкілі.

«...БЮДЖЕТКЕ НЕДӘУІР ҚАРЖЫҒА ТҮСТІ!»

Тергеушілер Ерден Қажыбек миллиондаған ақша тапқан деген болжам жасағанымен, әлгі электронды өнімнің қанша тұратындығын қаржы полициясындағылар нақтылап айтқан жоқ.

Алайда, 2007 жылдың қараша айында «Рахат» телеарнасына берген сұхбатында Ерден Қажыбек іс жүргізуді қазақ тіліне аударудың автоматтандырылған жүйесі (бұл сөздік сол кезде солай аталатын) «... бюджетке недәуір қаржыға түсті!» деп мәлімдеген болатын.

Сол кезде қыруар қаржы жұмсалып жатқан мұндай сөздіктің қажеттілігі туралы академик, филология ғылымдарының докторы Ерден Қажыбек «Экспресс К» газетіне былай деген еді:

«Көптеген қазақтар өз фамилияларын ана тілінде дұрыс жаза алмайды. Ал, ғалымдар қазақша диссертация қорғай алмай, тіл мамандары орысша ғылыми терминдерге сай аудармаларды таба алмауда!»

Сол кезде ол жаңа технологиялар «қазақ тілін дамытуға бөлінген қыруар мемлекеттік инвестициялардың» арқасында енгізілуде деп мақтанышпен айтқан еді.

АҚША ТАБУ КЕРЕК, БІРАҚ – ЗАҢДЫ ТҮРДЕ

Қаржы полициясы бұрынғы жоғары дәрежелі шенеуніктің әрекетін әшкерелеп жатқанда кезде Алматыда орысша-қазақша, қазақша-орысша электронды сөздіктің алғашқы нұсқасының тұсаукесері өтті.

Ең қызықтысы, дәл осындай тауарды Қазақстанда Мәдениет және ақпарат министрлігінің шенеуніктері қолға алып жатқан кезде бұл өнімді ресейліктер жасап шығарған. Отандық электронды сөздікті жарыққа шығару мәселесі 2007 жылғы шілде айында өткен үкімет отырысында арнайы қаулымен бекітілгенін сөз арасында айта кету керек.

Сөздікті жасаған ресейлік компанияның бас директоры Григорий Липичтің айтуынша: «арнайы қазақ нұсқасы үшін 2007-2008 жылдары шыққан қазіргі қазақ тілінің жеті сөздігі даярланған. Онда үлкен орысша-қазақша экономикалық сөздік, бизнес-сөздіктер бар. Пайдаланушы өз қалауы бойынша қажетті тақырыптағы сөздікті таңдай алады».

Ресейлік өнім кез-келген тақырыптағы мәтінді қазақшадан орысшаға, орысшадан қазақшаға және орысшадан 10 шет тілдеріне жылдам аударады. Олардың қатарында: ағылшын, неміс, француз, итальян, испан, португал, қытай, түрік, украин және латын тілдері бар.

Бұл жерде аудармашы-сөздіктің ресейлік нұсқасының ауторлары тегін жұмыс істегісі келмейтіндіктерін жасырған жоқ. Олардың мақсаты – заңды түрде ақша табу, сондықтан бұл өнім – коммерциялық тауар. Алматыда өткен электронды сөздіктің тұсаукесеріне қатысып, онымен танысқан жұртқа бұл тауардың болжамды бағасы да ашық түрде айтылды.

БҰЛ АЙЛА-ШАРҒЫЛАР ЕРТІСБАЕВТЫҢ КЕЗІНДЕ ЖҮЗЕГЕ АСҚАН БОЛУЫ МҮМКІН

Ал жұмыс істемей тұрған қазақстандық нұсқаға келсек, қаржы полициясындағылар бұл жұмыспен кімнің айналысқанын, МАМ Тіл комитетінің бұрынғы төрағасы Ерден Қажыбектен бөлек бұл қылмыстық іске қанша адамның тартылғаны туралы ешнәрсе айтқан жоқ.

Бір нәрсе айқын. Бүгінде қаржы полицейлері Ерден Қажыбекті айыптап отырған айла-шарғылар Мәдениет және ақпарат министрлігін Ермұхамет Ертісбаев басқарып тұрған кезде болған.

Қылмыстық істің қозғалғаны жария болған соң, Астананың билік маңындағылар қазірде іздеу жарияланған Ерден Қажыбектің сол кезде Мәдениет және ақпарат министрі болған Ермұхамет Ертісбаевқа қазақ тілінен сабақ бергені жайлы айта бастады.

Бүгінде Қазақстан президентінің кеңесшісі қызметінде отырған Ермұхамет Ертісбаевтың соншама мықты болмаса да қазақша біршама тәуір сөйлеуі үшін Ерден Қажыбек біраз нәтижеге қол жеткізген екен. Мемлекет қаржысын жеке мүддесіне пайдалану ісіндегі сияқты. Алайда, соңғысын тергеу органдары әлі дәлелдеуі керек.

МҰХТАР ШАХАНОВ: «...БҮГІНДЕ КІМ ҰРЛАМАЙ ЖАТЫР?»

Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл жөніндегі комитетінің бұрынғы төрағасы Ерден Қажыбекке бюджет қаржысын жымқырғаны үшін іздеу жарияланғаны туралы хабарды белгілі ақын Мұхтар Шаханов ауруханада жатып естіді.

Бұл жайында ол Азаттық радиосынан білді. Бұрынғы депутат біршама таңданыс білдірді. Ерден Қажыбекті жақсы танитын Мұхтар Шаханов оны парасатты адам деп бағалады.

– Тіл комитетінің төрағасы болып тұрған кезеңінде ол мемлекеттік тілді дамыту мен насихаттауға қатысты көптеген пайдалы іс істеді. Депутат кезімде бұл мақсатқа қыруар қаржы бөлінгенін білемін. Бірақ, нәтижесі де көзге көрініп тұрды. Мен қылмыстық істің егжей-тегжейін білмеймін. Сондықтан, ол ақша ұрлады ма, жоқ па айта алмаймын. Екінші жағынан алып қарасақ, бүгінде кім ұрламай жатыр? Қажет болса, бүгінде кез-келген шенеунікті жауапқа тартуға болады, – дейді Мұхтар Шаханов.
Бұл форум жабық. Бірақ, Азаттықтың Facebook-тағы парақшасында жалғастыра аласыз: www.facebook.com/azattyq
Пікірлерді іріктеу
Пікір
     
Кімнен: Арыстан
28.05.2009 12:22
+0 / -0
"Сарай бұлбылы" Е.Ертісбаевтыңда басына қара бұлт үйрілді деген осы, жіптің ұшы оғанда барады.Анау сор маңдай шенеунік ақшаны бір өзі жеген дейсің ба?. Ертісбаевтан қазақ тіліне жаны ашитын адам шығады дегенге сенбеймін.Ана-тілімізді құртатын осындай іштен шыққан шала қазақтар.

Кімнен: Асан Қайдан: Алматы
28.05.2009 12:37
+0 / -0
Ерден Қажыбектің тендерді қалай өткізгені, Сүлеймен Тоқсанбай деген кісінің еңбегін қалай жегені "Жас Алашта" айтылардай-ақ айтылып еді ("Қолды болған қолжаба", т.б.). Қажыбекті сол кезде-ақ шетелде жүр деп еді, арты қуыс екен ғой.
Бес уақыт намазын қаза қылмайтын энциклопедист шалдың сөзіне біреу сенді, біреу сенбеді. Ал енді ресейліктер шығарды деп отырған мына электронды үлкен экономикалық сөздік те С. Тоқсанбайдікі екеніне күмәнім жоқ. Тоқсанбайды тендерге алдап қатыстырып, қолындағы 80 мың терминнен тұратын кітаптың электронды нұсқасын Ерден Қажыбек алып кеткенін айтып еді шал. Әйтпесе қазақ тілінде экономикалық сөздік жасай алатындай Ресей түгілі Қазақстанда да С.Тоқсанбайдан басқа ешкім де жоқ. Оған дәлел жеткілікті. Сөйткен шалды Е.Қажыбек пен "Дайк-пресс" баспасы тақырға отырғызып кетті. Көз майын тауысып 15 жасаған кітабының өтеуіне бір тиын да ала алмай, алданған шалдың сақалынан сорғалаған жасы,"Құдайдан қайтсын, қайтейін" деген сөзі әлі есімнен кетпейді.
Нақақтан төгілген көз жасы жібермейді екен ғой.

Кімнен: Алашұлы Қайдан: Арқа жерінен
28.05.2009 12:58
+0 / -0
Білмеймын. Кімге сенуге болады енді. Таза былығып біткеніміз бе? Ерден Қажыбекты дұрыс жігіттердің бірі деп естуші едік, сырттай. Қарамағындағы адамдар жақсы пікірде болатын. Бір жиында қазақ тілінің аянышты хәлі, ұлттық мүдде туралы сөлегенде көзіме жас келе жаздағаны бар еді. Сондай адам мынадай іске барды дегенге сенбей-ақ отырмын. Амал қанша... Оз тіліне жаны ашымаған адамға жазаның ең ауырын қолдану керек.

Кімнен: Шындық Қайдан: қазақ елі
28.05.2009 14:37
+0 / -0
Министрлік басшылары қаржы полициясы тексермесе жұмсалған ақшаның нәтижесін сұрамағаны ма? Әрине бұған сол кездегі басшылардың қатысы бар .Балық басынан шіриді деген халықтың қаржысын ұрлаудан басқа олардың жұмысы жоқ қой. Бізге қашан ел қамын ойлайтын ұлыт жанды ел басшысы келер екен.

Кімнен: XAH
28.05.2009 14:42
+0 / -0
Menim oyimwa Respublikamizda keybir kuwter kazakka/kazak tiline jani awytin jandardi adeyi kurtuda.

Кімнен: Әлім Қайдан: Сапақ
28.05.2009 14:50
+0 / -0
Меніңше, бар пәле анау Ертысбаевта жатыр.Ерден байғұс Ертысбаевтың алдауына түсіп қалды-ау деймін. Министрлікте министрдің рұқсатынсыз тендер де өтпейді, ешбір жобаға бір тиын да ақша төленбейді.Мұны көзі ашық жұрттың бәрі де біледі."Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылды" деген осы. Ерденді аяймын. Жақсы азамат, білімді жігіт, ана тіліміздің нағыз жанашыры.Мен оның осыншама ақша жеп қойды дегенге ешуақытта сенбеймін.Қаржы полицицясы оттай береді.Ол полициця-сымақтың қаншалықты білікті екендігін Құлекеевтің ісінде көргенбіз.Адал азаматтарды отауды доғару керек.

Кімнен: Асан Қайдан: Алматы
28.05.2009 14:54
+0 / -0
Алашұлына.
«Елім» деген ерден айналған жақсы-ақ. Бірақ сол «елім, жерім, ұлтым» деп кеуде соғып, теледидардан жылтырап сөйлеп, газетке күркіреп мақала жариялап, «ойбай, ғылыммен шұғылданып әл Фараби ашып жатырмыз» деп жүрген ғалымдарымыз бен «қайраткерлеріміздің» көпшілігі (!) қолына кішкене билік тисе, опырып жеуден, қарауындағы азғантай қызметкерлерді теспей сорудан әсте тартынбайды. Былайғы жұрт «пәлі, болсаң осындай-ақ бол» деп, сырттай сүйініп жүрген адамдардың талайын көрдік. Елдегі ғылыми институттар (мәселен Философия институты, Тарих институты т.б.) мен белгілі баспалардың, жоғары оқу орындарының төбесінде отырған немесе «отырып кеткен» мүйізі қарағайдай «ғалымдардың» ішін көрсең шошисың, жүрегің айниды! Шетінен әртіс. Ілінетін жер болса іліп қалу, жеп қалу. Қарамағындағылардың айлығы шайлығына жетпей жүргенде, солардың несібесінен жырып алған ақшаға рестораннан тамақ ішіп, «Джип» мінеді, қайқайтып коттедж салады. Бала-шағасына пәтер әперіп, үрім-бұтағына жететін ақшаны жинайды. Бизнесмен. Ғылыми бизнесмен десек дұрысырақ болар. Сөйтіп жүріп «Қазақстан» каналындағы ток-шоуларға қатысып, ұлтым-ай, елім-ай деп етегі жасқа толатынын қайтерсің. Өйтіп-бүйтіп депутаттық ілініп, «элита» қатарын толықтырып жүргендер де солар. Белгілі бір баспаны күйретіп, қатеден көз ашпайтын кітаптар шығарған, ғылыми ортада халтурщиктігімен аты шыққан бір дөкейді жоғарыдағылар жақында ғана аттай қалап Астанаға шақырып, тағы бір институттың тізгінін бергенде, ғылымды қойшы... әлгі институттың қызметкерлерін аядым.
Кешегі Мәдени мұра не болды? Иттің жемі болды. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында миллиардтар (!) кетті. Мәдени мұра бойынша үлкен бір сектордың жетекшісі болып шыртиып жүрген дөкей ғалым, шөпкетышар шенеуніктердің бірінің арада екі жылдан кейін өзі басқарып отырған сектордың заты түгілі атын да білмейтінін көрдім. Бірақ ақшасын кертіп жеді. Мәдени мұра бойынша пәлен том кітап шығардық, пәлен шетелдің классиктерін аудардық дейді. Кім аударғаны, қалай аударғаны, қанша ақша жұмсағаны белгілі, нәтижесінде саны бар да сапасы жоқ мыңдаған кітапсымақтың дүниеге келгені анық. Көпке топырақ шашпаймын, арасында бірен-саран ақ-адалдары да бар шығар-ау. Бірақ ондайлар саусақпен санарлық қана.
Қайсібірін айтайық. Адал болсаң өспейсің, арам болсаң өшпейтін жүйе бұл. Мына Ерден Қажыбекте алты аласым, бес бересім жоқ. Бірақ жылтыр бет шөпкетышарларға сенбеймін ешқашан!

Кімнен: tarakti Қайдан: qaraghandi
28.05.2009 15:49
+0 / -0
erdendi qurtqan ertisbai

Кімнен: көрермен Қайдан: зона
28.05.2009 15:59
+0 / -0
Астанада Әміре атындағы республикалық дәстүрлі әншілер конкурсы болуда. Бүгін 2-күн. Ұйымдастырушы ҚР Мәдениет, ақпарат министрлігі. Бірақ ешкім білмейді, Президенттің мәдениет орталығында Консерваторияның бір топ народниктері мен әйгілі әншілер ақ тер-көк тер болып 40 әншінің әрқайсысына 3 әннен айтқызып күніге 300 -ден аса әнді тыңдап, бастары байпақ болуда. Ақпараттық қолдау, салтанат, көрермен дегендерден конкурс жұрдай. Әйтеуір өткізе салу керек болғасын амалсыз өткізіп жатқаны көрініп тұр. Залда конкурсанттардан басқа адам жоқ, бес-алты қатын қалаш жюримен алысып айтысуда. Бір аймақтың әнін меңгерген әнші басқа аймақтың да әнін айтуға мәжбүр, бірақ дұрыс меңгшермеген, оны меңгеруге де уақыттары болмаған, себебі, конкурс небәрі 1 айдың ішінде хабарланып өткізілуде. Қазақ болғаныңа! Қазақтың міністірі болағныңа, тегіңді сенің...

Кімнен: Арыстанбек
28.05.2009 16:00
+0 / -0
"Есебін тапта екі аса" деген шенеуніктердің арасында мода болып тұр ғой.
Айналып келгенде, қара халықты тонау.

Кімнен: Қошқарбай
28.05.2009 20:06
+0 / -0
Қажыбектің қарамағында істегендер "Жіп" мініп жүр деп еді. Сондай былықтардың "нәтижесі" болса керек. Ішіп-жеп жатыр бәрі. Ел деп жүргені некен-саяқ. Сол былық әлі жалғасуда. Өздерінше бірдеңе бағдарлама ойлап тауып соны мемлекет ісінде жүргендерге таңғысы келеді. Оның не екенін өздері де білмейді. Осыны жасауға бәлен пұл кетіп еді дейді. Әйтеуір, ақша жеудің амалы. Мемлекеттік тілге бөлінген ақша ойбай өйтіп жатырмыз, бүйтіп жатырмыз деп қазір де желініп жатыр. Соны істеп отырғандар - мәңгүрттер. Елді ақымақ етіп, мазақ қылып отыр. Ойнап отыр.

Кімнен: Karakyz Қайдан: Алматы
29.05.2009 12:10
+0 / -0
Ерден Қажыбек мырза анатіліне адал азамат. Меніңше, ол шенеуник болуды мақсат еткен адам емес, ол қазақ тілінің мәртебесін көтерем деп соның жолында шенеуник болды, өйткені билик солардың қолында екеніне көзі жетті. Әйтпесе ол кісінің екңбектерімен таныс кез келген ғалым оның ғалымдығына сүйсінеді. Ол - патриот. Қазір қай шенеуник қасына халық сүйенері Мұхтар Шаханов ағамызды ерітіп жүріп жұмыс істейді? Сондай бір шенеуникті көрдік пе? Ерден Қажыбек қазақ тілі тазалығын қадағалайтын Тіл полициясын құруды ұсынған, жүрген жерінде қазақ тілін насихаттаудан шаршамаған, оның проблемаларын еш жасырмай айтудан тайынбаған, қаншама қазақ сөздіктері сол кісінің тұсында 100000 данамен шығарылып, жұртқа тегін таратылды, бұл кеңес үкіметі тұсынан бері қарай, тіпті бүкіл тарихымызда болмаған жағдай. Әрине, мұндай еңбекке ол жалғыз қатысты емес, дегенмен осы игі істердң бастауында Ерден Қажыбек тұрғаны күмәнсіз.
Меніңше, осындай елжанды, ұлтжанды қазақтілді, жаны қазақ азаматтарға қуғын сүргін басталған сияқты, халық арасынан "37-жыл" деген осы кезеңнің сипатын да естіп қалдым. Алла сақтасын, Ахмет, Мағжандардың аруағы риза болсын, осыған жол бермеу керек.
Ерден Қажыбекке тағылған айып дәлелсіз. Ол кінәлі болса да, мемлекеттің ақшасын жеке өзі жегені үшін емес, оны сондай іске итермелегендер бар болуы мүмкін.Мұндай айып ол кісінің адал да апарастты мінезіне, тұлғасына лайық емес деп санаймын.
Қазақтың қара қызы

Кімнен: Арқалық Қайдан: Сарыарқа
29.05.2009 20:53
+0 / -0
Ерден Қажыбек туралы жеке пікірім оңды еді. Ғылыми еңбектерімен, мақалаларымен біраз таныспын.Таза ғылым адамынан ылдым-жылдым шенеунік шыға ала ма? Лабиринттің бір жықпылында сүрінген болар ау.

Кімнен: шынар Қайдан: ақш
02.06.2009 20:06
+0 / -0
Ерденді отырғызу тіпті сорақылық. Ол тек қана тіл комитетінің бастығы ғана болды, оның қолында қандай қаржы болсын? тағы бір азаматтың басы кетті дей беріңіздер. тіпті айтар сөз қалмады. Бұл дегенің нағыз қазақтарға қарсы науқан болды ғой.

Назарға көп іліккен