Accessibility links

Журналист Лұқпан Ахмедьяровтың үстінен миллиондаған теңгенің талап арызы қарша борады


«Уральская неделя» газетінің журналисі Лұқпан Ахмедьяров баспасөз-мәслихатында. Алматы, 14 желтоқсан 2009 жыл.
«Уральская неделя» газетінің журналисі Лұқпан Ахмедьяров баспасөз-мәслихатында. Алматы, 14 желтоқсан 2009 жыл.

Батыс Қазақстанда мемлекеттік мекемелер мен жекеменшік компаниялар журналист Лұқпан Ахмедьяровтан «моральдық нұқсан келтіргені үшін» 102 миллион теңге талап етуде. Журналистерді қорғау ұйымы билік баспасөз бостандығын бұзуда деп мәлімдеді.

ЖУРНАЛИСТЕР ЖӘНЕ ТЕНДЕР

14 желтоқсан күні Алматыда өткен баспасөз-мәслихатында Батыс Қазақстандағы «Уральская неделя» газетінің журналисі Лұқпан Ахмедьяров облыс билігі одан және газеттен келтірген моральдық нұқсанның өтеуі үшін 102 миллион теңге (шамамен 680 мың доллар) ақша талап етіп жатқандығын мәлімдеді.

– Соңғы үш айдың ішінде маған қатысты талап арыздар қарша борады. Әрине, еті үйреніп кетпегенімен, талап арыздар журналистер үшін соншалықты жаңалық та емес. Оның үстіне біздің елде. Бірақ, бұл талаптар қысқа мерзімнің ішінде түсер болса, менің ойымша, мұнда барынша абсолютті талаптар қойылып отырғаны байқалады. Бұл, әрине, алаңдауға себеп болады. Алаңдаушылық болғанда қалай? Меніңше, бұл талаптардың барлығының мақсаты біреу-ақ. Яғни, басылымды, журналистерді қаржы жағынан қысып, жазалау, – деді журналист Лұқпан Ахмедьяров.

Қазіргі уақытта «Тенгизнефтестрой» компаниясы журналист пен «Уральская неделя» газетінен моральдық нұқсан келтіргені үшін 70 миллион теңге (шамамен 467 мың доллар) талап етуде. Сотқа шағымдануға биылғы жылдың 6-тамызында «Уральская неделя» газетінде орыс тілінде жарияланған «Тендер шымылдығының арғы жағында» атты мақала себеп болды.

Бұл мақалада журналист «Тенгизнефтестрой» компаниясы Жымпиты-Қаратөбе газ құбырының құрылысына тендер жариялаудан көп бұрын аталған жобаны іске асыруға кірісті деп жазған.

Бірақ, Лұқпан Ахмедьяровтың айтуынша, болашақ құрылыс болатын жерге тендер жарияланудан көп бұрын техникаларды, құбырларды алып келіп, жұмысшылар кентін салғанын «Тенгизнефтестрой» компаниясының өзі де жоққа шығармайды. Солай бола тұра, компания Л.Ахмедьяровтың «Уральская неделя» газетіндегі мақаласы олардың іскерлік беделіне қандай да бір нұқсан келтірген деп есептейді.

Бұған қоса, Лұқпан Ахмедьяровтың айтуынша, осы мақалаға байланысты «Уральская неделя» газеті мен журналиске қатысты Батыс Қазақстан энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы дәл осындай талап арыз жазып, 20 миллион теңге төлеуін талап етуде.

– Бұлар да, тиісінше, болашақ мердігерлер тендер өтерден көп бұрын құрылыс орнына келгенін жоққа шығармай, бұл тендерде кейінірек осы мердігерлердің жеңгенін растайды. Бірақ, олар да осы мақала арқылы тек «Тенгизнефтестрой» компаниясының ғана емес, сонымен бірге, осы тендерді өткізген мемлекеттік мекеменің де іскерлік беделіне нұқсан келгенін айтуда, – деді журналист Лұқпан Ахмедьяров.

ТАЛАП АРЫЗ БЕРУШІЛЕРДІҢ ҚАТАРЫНА ПОЛИЦИЯ ДА ҚОСЫЛДЫ

Журналистің айтуынша, жоғарыдағы екі талап арыздан соң үшінші талапкер пайда болды. Енді Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінен сондай арыз түскен. Полиция Лұқпан Ахмедьяровтан осыдан үш жыл бұрын жарияланған мақаланы жоққа шығаруын талап етіп, моральдық нұқсан үшін 12 миллион теңге (шамамен 80 мың доллар) ақша талап етуде.

– Біз жазған мақаланың мағынасы мынадай болатын: онда біз полицейлердің біріне сөз бердік. Ол полицияның өз ішінде орын алған алым-салықтар жайында айтып берген. Яғни, төмен қызметте істейтіндердің жоғарыдағыларға ақша беретіндігі жайында, – дейді журналист.

Оның айтуынша, ішкі істер департаменті үш жыл бұрын мақала шыққан бетте өздерінің келіспейтіндігі жөніндегі талаптарын жолдаған.

– Олардың жауап беруге құқы бар болғандықтан, біз бұл талапты сол кезде жарияладық. Арада үш жыл өткен соң олар басылымда жарияланған әлгі жауап біздің оларға берген мүмкіндігімізді жоққа шығару емес деп талап арыз жазған. Олар менен жоққа шығаруды, яғни, олардың пікірінше дұрыс емес болып табылатын басты деректі жоққа шығаруымды талап етуде. Яғни мен полицияда сыбайлас жемқорлық жоқ деп жазуым керек, – дейді Лұқпан Ахмедьяров.

ҚОҚАН-ЛОҚЫ КӨРСЕТУ

Ал, баспасөз-мәслихатына қатысқан баспасөз бостандығын қорғайтын «Әділ сөз» қорының президенті Тамара Калееева газет пен журналиске қарсы берілген талап арыздардың барлығы, осындай жолмен Қазақстанның батыс өңірінде танымал «Уральская неделя» газетін құрту мен принципті журналисті бейтараптандыру әрекеті жасалып жатыр деп ойлауға негіз болады дейді.

Баспасөз бостандығын қорғайтын «Әділ сөз» қорының президенті Тамара Калееева (сол жақта) мен «Уральская неделя» газетінің журналисі Лұқпан Ахмедьяров баспасөз-мәслихатында. Алматы, 14 желтоқсан 2009 жыл.
– Бұл «Уральская неделя» газетіне қарсы беріліп отырған жалғыз талап арыз емес. Мен бүгін таңертеңмен газеттің бас редакторы Тамара Ислямовамен байланыстым. Ол дәл қазір редакцияға қарсы алты талап арыздың берілгенін растады. Бұл талаптарды мемлекеттік мекемелер мен жекеменшік компаниялар берген, – дейді Тамара Калеева.

Оның айтуынша, осыған байланысты қор Қазақстан Журналистер одағымен бірге Бас прокурорға ашық хат жолдамақ болып шешкен.

– Сот кез-келген талап арызды қабылдауға міндетті. Бірақ, осылардың барлығын біріктіре бағалайтын болсақ, онда біз елдің Негізгі заңы бұзылып отыр деп есептейміз. Бұл – Конституцияны бұзу. Өйткені, талап арыздардың мөлшері мен саны редакция мен журналисті қорқытқысы келіп отырғандығын көрсетеді, – дейді Тамара Калееева.

ҮЛГІ БОЛАР ОҚИҒА

«Әділ сөз» қорының президенті, сонымен бірге, «Уральская неделя» газеті мен оның журналисі Лұқпан Ахмедьяровтың тап болып отырған жағдайға байланысты алаңдатушылық туғызатын тағы бір себепті айтты. Биылғы жылдың тамыз айында Оралда тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің арызымен, әкімді жария түрде сынағаны үшін жазушы Алпамыс Бектұрғанов сот үкімімен төрт жылға бас бостандығынан айрылған.
Егер біз Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында бұл жайында бар дауысымызбен айтпасақ, онда біздің Ата заңымыз да брежневтік, сталиндік Конституцияның кебін кимек.


Дәл осы оқиға түрлі аймақтардағы әкімдер тарапынан журналистерді қудалауға жол ашып берді деп есептейді Тамара Калеева.

Жазушы, Батыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы кеңесшісі Алпамыс Бектұрғанов «әкімге жала жапқаны» және «өз кітаптарын бюджет қаржысына заңсыз шығарғаны» үшін жалпы алғанда төрт жылға сотталған. Алайда, Бектұрғановтың өзі мен оның қорғаушысы бұл қылмыстық істердің саяси сипаты бар деп есептейді.

– Егер біз Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында бұл жайында бар дауысымызбен айтпасақ, онда біздің Ата заңымыз да брежневтік, сталиндік Конституцияның кебін кимек. Яғни, сөз жүзінде барлығы жақсы жазылғанымен, іс жүзінде дәл осы конституциялық құқық пен еркіндік аяққа басылады, – деді Тамара Калеева.

Осы мәселеге байланысты түсініктеме алу үшін Азаттық радиосы Бас прокуратураға хабарласқан еді. Алайда, бұл мекеменің баспасөз-хатшысы Сәулебек Жәмкенов тілшіміздің сұрақтарына тек ресми сауал жолданған соң ғана жауап беретіндігін айтты.

Биыл жазда Батыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы кеңесшісі Алпамыс Бектұрғановтың ісі бойынша сотқа журналист Лұқпан Ахмедьяров куә ретінде шақырылған болатын. Сол жолы төреші сотқа тіл тигізгені үшін Лұқпан Ахмедьяровты бес тәулікке түрмеге қамауға шешім шығарды. Журналистің өзінің айтуынша, ол сотқа тіл тигізбеген.

Ал одан бұрын журналист Лұқпан Ахмедьяров Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовке қолайсыз сұрақ қойғаннан соң «ТДК-42» телеарнасынан жұмыстан шығарылған болатын.
XS
SM
MD
LG