Бейсенбі, 24 мамыр 2012, Алматы 22:21

БЛОГСТАН

Мұқағали Мақатаев: «Ащы тіл ақиқатын айтар дәйім...»

Бүгін Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Бұл күні Алматы мен Астананың, басқа да қалалардың жыр сүйер қауымы, ақын рухына өз жырларын арнап, мүшәйралар өткізеді. Ақиық ақынның тұңғиық әлемін оқырмандары алдына ақтарыла жайып салған дүниесінің бірі – «Менің мақсатым» атты жыры.

Мәтін көлемі - +
Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Бағамдап қарасаңыз, мынау жарық жалғанды «тұтас бір үйім» деп есептеген ақын сол отаудың әр керегесі басында ойнаған ән-әуезден де, түндігін желпіген ерке самалдан да терең сыр ұғып, күй тыңдамаққа әуес болған. Сондықтан да «дүниенің мынау қабағын бағып тұратын» сырбаз ақын сол табиғат жарықтықтың тылсым сырларына өзінің түйсік көзімен зер салмаққа ұмтылады.

Әсте, адуынды ақын өлеңді ұйқас құру үшін жазбаса керек. Ақынның жан әуенін, жүрекжарды сырын оқырманына жеткізе алса ғана өлең өзінің киелі міндетін орындамақ. Ал, ондай жыр сөз жоқ, ақынның ішкі шамырқанысқа толы сезім иірімдері арқылы дүниеге келетіндіктен тұтас адамзат баласының мұңын мұңдап, жоғын жоқтар шежіре бір дастанға айналады.

Оң жақта отырған жас жігіт – Мұқағали Мақатаев. Отбасылық мұрағаттағы сурет.
«Мен жырламаймын,

Сырласамын.

Сыры бар замандаспен мұңдасамын».

Шынтуайтына келгенде ақынның шынайы ғұмыры бүкіладамзаттық дәрежедегі осындай жырлар жаза алған сәттерімен өлшенсе керек. Ондай кезде уақыттың өзі бір сәт саябыр тауып, демін алып, ақынға қызығушылықпен қарайтындай.

«Асыққан уақытпен

Адымымды,

Абайлап, анда-санда бір басамын».

Бәлкім, Уақытпен осындай шынайы сырласулары тұсында ғана ақын өзінің қайталанбас ғұмырын кешіп жататын болар. Ал күйкі тірлік соңында жырсыз өткен күндерін ақын шіркін «Миымның ине көзіндей тесігінен уақыт құм сағаттай өтіп барады» (Бауыржан Момышұлы) деп бағалап, көкірегі өртене өкінер... Себебі, Уақыт дегеніңіз Алланың пендесіне сыйлаған сансыз нығметтерінің бірі ғой!

Ішкі бір мінәжаттай өз-өзінен туындамаған жырды дарынды ақын (өзін де, өзгені де алдаусыратпас үшін) ақ қағаз бетіне түсіре де қоймас-ау... Сондықтан:

«Көгендеп жыр қосағын,

Келмейді жыр жасағым.

Бөгендеп бетонменен қоя алмаймын,

Өзінше емін-еркін туласа ағын», дейді Мұқаң.

АҚЫН МҰРАТЫ РУХАНИ МЕРЕЗ АТАУЛЫМЕН КҮРЕСУ

Әсте, мынау жұмыр жер бетіндегі тәтті тірлік, алдамшы да күйбең тұрмыс кімдерді алдаусыратпады десеңші! Майлы ас пен әсіреқызыл дүние атаулы ерік-жігері шамалы адамды Жаратылыстың тылсым сұлулықтарын көре алмайтындай соқыр, тіршілік атаулының жан әуенін тыңдай алмас таскерең, мүсәпір күйінде өмір бойы сүйрелеп өтеді емес пе!

Ал дара туған ойшыл ұлдардың міндеті – өз замандастарын, бәлкім небір келер ұрпақтарды, әлгіндей қатерлерден сақтандырып қана қоймай, қос дүниенің тылсым сырларына олардың рухани көзін ашып, Жаратушы Иеміздің пендесіне берген осыншама нығметтерін бағалай білуіне оларды үндеу болмақ. Сондықтан базбір замандасының бойындағы әлгіндей мүсәпір қасиеттерді өз болмысындағы кемшіліктей қабылдап, сол үшін күйінеді пәруана ақын.

«Улатып май таңдайын,

Ащы тіл ақиқатын айтар дәйім.»

Ал «май таңдайлы» оқырманының жүрегіндегі тоқмейілсу пердесін түріп тастауы үшін сол қалам иесі Ақиқатты тану жолындағы қатаң талапты өзгеден бұрын ең әуелі өзіне қойып, өзінің дара болмысы сол сын тезіне шыдай алған жағдайда ғана өзгелердің май сіңген таңдайларын «тазалап», адамзат болмысындағы мерезді көлеңкелермен күресуге хұқылы болады емес пе! Олай болмаған жағдайда жырыңыз жыр емес, жай әншейін құрғақ ақыл айту болып шықпақ.

Сол себепті «шындықтың ауылындағы қазынаны шыр айнала іздеумен» және мынау жалған дүниедегі әділетсіздік атаулыға қарсы күресумен өткен Мұқағали ақынның жүрегі ең әуелі өз болмысына маза берместен, сезім мен ой арпалысында рухани ғұмыр кешкен.

Мұқағали Мақатаев бір топ жас ақын-жазушылармен бірге. Отбасылық мұрағаттағы сурет.
«Жанынан жалындаған өрт кетпеген,

Жалықпай өзімді-өзім зерттеп келем.

О, жүрегім!

Орныңнан қобалжыма,

Жарамсақ жалғандыққа беттетпеген!»

«Тіптен де мен емес-ті,

«Мен» дегенім,

Сендірмеймін,

Сенбеңдер сенбегенің.

Басқаның жаны-сырын ұғу үшін,

Өзімді зерттегенді жөн көремін».


«АДАМДЫ АДАМ ТҮСІНУ – БІР АҚЫРЕТ»


Бағамдап қарасаңыз, ойлы жандар өзін қоршаған әлемнің қыры-сырына үңілмес бұрын өзінің жан-дүние әлемінің қалтарыс-бұлтарыстарын мейлінше түсінбекке ұмтылады. Өз жан-дүние қалтарыстарына тереңірек үңілген сайын өзін-өзі түсінудің қаншалықты қиын екенін олар мойындайды.Сол себептен де «өзгені түсінген жан-ақылды, ал өзін-өзі түсіне білген жан – ғұлама» деген қорытындыға келіскен олар. Осы бір терең үйлесім сыры аса шебер Алла-Тағаланың жасаған Жаратылыс әлеміндегі ұлы Бірлік заңына келіп сайса керек.

Ислам шарттары бойынша, жүрегіне Иман дәні түскен әрбір жан өз-өзінен күніне, болмаса аптасына, әйтпесе, айына бір рет қатаң түрде есеп алып отыруы тиіс. Демек, ішкі жан-дүниеңді жайып салу дегеніміз өзіңді-өзің артық бағалап, әсте дандайсу еместігі бесенеден белгілі.

«Мендегі бар,

Сенде бар, онда да бар.

Демек, сенің

«Менің» де сонда қалар...

Өз жаныңды алдымен жайып таста,

Жақсылықтың көкесі сонда болар», дейді Мұқағали ақын.

Иә, Мұқаң айтқандай, әрбір иманды көкіректердегі «мендер» біріге келіп, айдынына көз жетпес, түгесіліп болмас тұтас адамзаттық рухани ұлы «Менге», яғни «Бізге» айналар еді.

Сондықтан өзгені жете түсіну үшін өзін-өзі аяусыз азапқа салып, өз жүрегіндегі «Мені» арқылы мынау жалпақ әлемдегі ақаулық атаулыны түзетпекке ұмтылып жүрген осынау пәруана жанның рухани ерліктерін қандай өлшеммен өлшесек жөн болар екен?!

Себебі мынау жалған дүниедегі шынайы ерлік өзгені жеңу емес, ең әуелі жасаған күналарыңды мойындап, өз болмысыңдағы кемшіліктер мен қайшылықтарға қарсы күресіп, соларды жеңе білу болса керек.

«Не шығады бәрін де сүйем деуден!

Бәрін де сүйемін деп, иемденген.

Бәрін де мен де сүйем,

Айтпан бірақ,

Отырып оңашада күйер кеудем...

Күйер кеудем...

Сондықтан күйінемін,

Жасырман, жырымда сол жиі менің,

Жыр жазу, кім біледі, ермек шығар!?

Ақын болу-

Неғылған қиын едің!!!»

Демек мынау жарық дүниенің әрбір сызаты, жарақаты сол «бәрін де сүйген» жүрек арқылы өтіп, жүрек иесін толассыз толғаныстарда қалдырмақ. «Өзім үшін» деп емес, «өзгенің бақыты үшін» деп қиямет қиындықтарға төзген, «көгендеп жыр қосағын, келмейді жыр жасағым», деп алдына биік шығармашылық талап қойып, сол сертінде тұруға мейлінше ұмтылып өткен Мұқағали ақынның жүрегінен сондықтан да «өзінше емін-еркін тулап ағын» жыр төгілген, нұр шашылған.

Осынау адуынды ақынның Ақиқатты тану жолындағы алапат ширығысқа толы шамырқаныстары әрбір жырында атойлап алдыңнан шығады.

Ал, Ақиқат деген - Алланың тоқсан тоғыз есімінің бірі.

Дәл сол себепті де Мұқағали шығармашылығындағы ақынның әрбір «Менінен» оқырман ретінде сен өз Меніңді жазбай танып, қансыраған жүрегің мен сансыраған санаңның аңсаған дауасын жазбай танисың.

Бүгін біз сөз еткен «Менің мақсатым» атты ақынның бір ғана жырынан көкірек көзі ояу қаншама оқырман өз жүрегін мазалаған қаншама сауалдарға жауап алды десеңізші! Алғы күндерде де солай бола бермек.



CАЙТЫМЫЗҒА ТІРКЕЛІҢІЗ!

Құрметті оқырман!

Комментіңізді неғұрлым жылдам шығарып, Азаттық журналистеріне тікелей сын-ескертпе немесе ұсыныс айтып, өзге оқырмандармен ашық пікір алмасқыңыз келсе, сайтымызға тіркеліңіз.

Тіркелу үшін мына жерді басыңыз

Тіркелген соң сайттың оң жақ шекесіндегі «Кіріңіз» деген терезе арқылы еніп, пікір жаза аласыз.

Құрметпен,
Азаттығыңыз
Бұл форум жабық. Бірақ, Азаттықтың Facebook-тағы парақшасында жалғастыра аласыз: www.facebook.com/azattyq
Пікірлерді іріктеу
Пікір
     
Кімнен: Нурғали Қайдан: Шымкент
09.02.2010 20:34
+0 / -0
Өлең жырларын оқырмандарының жүрегіне дөп тигізе білетін ақын Мұқағали Мақатаев қазақтың мыңнан бір тумасы.
Пікір алмасу

Кімнен: Жомарт Қайдан: Ақтөбе
10.02.2010 11:54
+0 / -0
Ия, Мұқағалидай ақын жүз жылда бір туар! Өткенде Фариза Оңғарсынова ақын апамыздың да туған күні, жетпіс жылдық мерейтойы болды. Осы екі ақиық ақын Қазақтың жиырмасыншы ғасырдағы мақтаныштары ғой! Бір біріне деген ақындық, іні қарындастық ізеттері қандай жарасымды еді...

Кімнен: Жомарт Қайдан: Семей
10.02.2010 16:36
+0 / -0
Мұқағали ақын боп туып, ақын боп өлген, табиғи құбылыс!

Кімнен: Алмат Қайдан: Астана
10.02.2010 18:04
+0 / -0
Мен 22демін. Мұқағали ата менің құрдасым сияқты. Өйдейтінім, маған керекті ойдың бәрін айтып кеткен сияқты. Нағыз ақын.
Пікір алмасу

Кімнен: Гүл Қайдан: Алматы
11.02.2010 04:02
+0 / -0
Ақын жүрегін жарып шыққан ойлы жырлар кім-кімнің де көңіл пернесін дөп басып, жанына майдай жағып, сыр бөлісуге шақырып тұруы қандай ғажап! Мен де 44-ке келіп қалдым, ақын шығармаларымен 13 жасымнан таныспын, менің өмірдегі ең жақын сырласым, досым, ақылшым.
Не iстемекпiн алтын, гауһар, жақұтты,
Оларды iздеп өткiзбеспiн уақытты.
Мен бақытсыз бола қойман сiрә да,
Туған елiм болса екен бақытты, – деп жырлаған Мұқағали Мақатаевтың туған елге шексiз сүйiспеншiлiгi кiм-кiмдi болсын тәнтi етедi.

Мұқағали ағамыз бір өлеңінде:
Күн батты,
Міне, кеш кірді.
Жанымнан бір үн естілді.
«Рахатқа бола бес күнгі,
Ренжіте көрме ешкімді!».
Тағы да бір күн кеш кірген,
Тағы да бір үн естілген.
«Азаматсың ғой ес кірген,
Жауласа көрме ешкіммен!»-деп, татулыққа шақырып, өмірді бағалай білуге үйретеді. Жаныңыз жәннәтта болсын, менің аяулы досым!

Кімнен: Өлеңсүйер
11.02.2010 02:04
+0 / -0
Мұқағалидың миына ұлттың коды жазылған.
Марат Қабанбаев

Кімнен: Нағым Қайдан: Қызылордадан
11.02.2010 15:42
+0 / -0
Мұқаң секілді ақын болу енді ешкімнің қолынан келмейді. Мұқаң - сонысымен Мұқаң...
Пікір алмасу

Кімнен: Бауыржан Қайдан: Кокшетау
11.02.2010 19:24
+0 / -0
Қазақ халқының арғы бергі тарихында Абайдан асқан ақын болған жоқ.
Тіпті мен оны ақын деп айтуға да кемсінемін ол -Хаким,кемеңгер. Өзі айтқандай "әрбір ғалым -хакім емес,әрбір хакім- ғалым" демекші,хакім -де өзі ғалым- да өзі. Сонда да мен Абайды туған қазақ келешекте ме, бүгін бе- одан да асқан ұл туарына сенемін. Қызылордалық Нағымның сөзі асылық.Мұқағалидың замандастары Мұхтар Шахановтың,Төлеген Айбергеновтың одан несі кем? (Олжас Сүлейменовты қоспағанда, ол тіпті планетарлық масштабқа шығып кеткен акын кеңес дәуірінің өзінде) Әйтеуір, қазақтың "өлген адамының жаманы жоқ" деп, немесе мақтаудың жөні осы екен деп сыңар езу болмайық.
Мұқағали Мақатаевтың иманы нұр болсын.
Әмин.

Кімнен: Гүлсім Қайдан: Астана
12.02.2010 12:30
+0 / -0
Бауыржан! Абай мен Мұқағалиға Құдай Өзі талант берген. Екеуі де Құдайдың құдыретіне бас иген, жырлаған.
Олжас деген Адамға табын жер енді деп, шайтанның сөздерін айтқан ғой.

Кімнен: Маржан Қайдан: Ақтөбе
12.02.2010 12:32
+0 / -0
Жігіттер, қазаққа 100 Абай да, 100 Мұқағали да көптік етпейді

Кімнен: Серік Қайдан: Семей
12.02.2010 12:34
+0 / -0
Шаханов қазақтың жоғын жоқтап жүрген қайраткер. Бірақ ол талант емес қой. Өлермендікпен ақын боп жүр.

Кімнен: Anaharsis Қайдан: freeland
12.02.2010 22:29
+0 / -0
Қойыңыз, семейлік Серік. тым көпіріп кеттің-ау деймін. Мұхағали лирикалық, романтикалық ақын, ондағы құдірет әрбір сөзге жалын дарытуда. ал Мұхтар толғаныстық ақын, ондағы артықшылық әрбір сөзге мағына сидыруда. Әрине бірінде бары енді бірінде жоқ дегендік емес. бірақ әрқайсысының өзіндік өрнегі бар. Сөзіңнен мен сенің ең ары болғанда 22 жастан кіші екеніңді сездім. Мен де солай ойлайтынмын, сол жаста.
- Анахарсис
Пікір алмасу

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
15.02.2010 16:27
+0 / -0
Әркімнің талғамы әртүрлі ғой,өзім Мұхаңды (Шаханов) оқимын
Және ол кісі "Ильич" туралы бір ауыз өлең жазған емес. Сонысы үшін де қадір тұтамын

Кімнен: Мырза Қайдан: алматы
14.02.2010 17:30
+0 / -0
Бул кисинин козин корген адамдар бар кезде кино тусирип алсада артык болмас еди! Келиндерине арнап тусире бергенше!

Кімнен: Серік Қайдан: Семей
15.02.2010 11:01
+0 / -0
қойыңыз фриландтың жігіті. Сіз де көпіріп кеттіңіз. Шаханов бір қызықты сюжетті таңдап алады да, соны өлеңмен баяндап шығады. Алып бара жатқан ойы шамалы...
Абайдай, Мұқағалидай болмақ қайд-а-а?!
Пікір алмасу

Кімнен: қазақ Қайдан: ауыл
16.02.2010 11:09
+0 / -0
қадірлі бауырларым! әр қайсымыз әр жаққа сүйрелемейік! әр қайсын АЛЛАҺтың қазаққа сыйлаған сыйы деп түсінейік !

Кімнен: Алмат Қайдан: Қызылорда
16.02.2010 15:42
+0 / -0
Шоқынып кеткен Олжасты мақтайтындарды түсінбеймін.

Кімнен: Тәкең Қайдан: Елден
17.02.2010 09:34
+0 / -0
Әрине Мұқағали ұлы ақын. Бірақ көзі тірісінде ақынды менсінбей екі аттап биге шығып жүргендер бүгінгі күндері арамызда әдебиетіміздің дарабоз көсемі кейіпіне түсіп көкіп жүргені де шындық ақиқат. Әлде бұл өмір заңдылығы ма екен!

Кімнен: Гуля Қайдан: Астана
17.02.2010 10:20
+0 / -0
мырза дұрыс айтады. Мұқағалидың көзін көргендер бар кезде кино түсіру керек.

Кімнен: Айдын Қайдан: Астана
17.02.2010 10:22
+0 / -0
Олжас совет кезінде мықты еді. Қазір ол қазақ тіліне, мемлекеттігіне қарсы шығуда.
Пікір алмасу

Кімнен: Мешімбай Ардақұлы Қайдан: қосағаш
17.02.2010 16:47
+0 / -0
Орангутан 70 неше сөзді парықтай алады екен. Олжас Сүлейменов 70ке келгенше,7 сөз білмейтін, орангутаннан да сорлы болып шықты. ол ақын емес. Мұқағали туралы айтуға, мына менің шолақ тілім жетер емес ағайын. ол бүкіл әлемдік, адамзаттық құбылыс қой.

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
17.02.2010 15:37
+0 / -0
Айдынмен келісемін. Олжас планетарлық ортақ адам қалыптастыру керек деп, ұлттық сипатты жоюға шақырып жүр. Ондай ойын сұлу сөзбен бүркемелейді.

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
18.02.2010 12:02
+0 / -0
Азаматсың Мешінбай! Олжас әйеліне, қайын жұртына қызмет етіп кетті ғой.

Кімнен: Мария Қайдан: Алматы
02.03.2010 10:14
+0 / -0
Мұхтар Шақанаов туралы сенің пікірің дұрыс емес Серік ?!. Өте дұрыс емес.Қазақтың таза және өте ұлтқа жаны ашыған соңғы адамдарының бірі. Жарайсың Мұхтар аға! Абай, Мұқағали енді ерекше адамдар.Олар ақындар, олар батырлар, олар қазақтың маңдайына сыймай кеткен арыстар.!!!! Казіргілер,,, кейбір басшылар ,, қу құлқынның құлдары ғой,,,

Кімнен: Мұрат Қайдан: Астана
03.03.2010 08:00
+0 / -0
Мария, атып отырғаның дұрыс қой. Бірақ сол Шаханов ағамыз халық, халық деген кейбір ұрандарын өз атын шығару үшін айтатын сияқты. Дешовый патриотизм. Ал өлеңдерінің мықты еместігі рас қой. Келісесің ғой?

Кімнен: Бабай Омирзак Қайдан: Көксу ауданы
04.03.2010 14:52
+0 / -0
Мұқағали Мақатаев өте дарынды жазушы, қоғамдық мәселелерді жақсы көтере білген.
Заман тынысы!
Ер қанаты ат емес бауырым... енді иномарка!
Жүктеген адам: Жанашыр
7 мамыр 2012 жыл

Заман тынысы! Ер қанаты ат емес бауырым... енді иномарка! Жүктеген адам: Жанашыр 7 мамыр 2012 жыл