Бейсенбі, 24 мамыр 2012, Алматы 22:40

БАСПАСӨЗ ШОЛУЫ

Лондон деспоттық режимдерді әспеттейтін орталыққа айналып барады

«Гардиан» газеті жүргізген зерттеуде адам құқықтарын аяққа таптап отырған елдердегі биліктің беделін көтерумен айналысатын жұртшылықпен байланыс фирмалары жыл сайын миллиондаған фунт пайда табатыны жазылған. Ондай елдердің қатарында Сауд Арабиясы, Руанда, Қазақстан мен Шри-Ланка бар.

Мәтін көлемі - +

ПИАР ЖӘНЕ АЗАПТАУ

Ел алдындағы абыройын көтеру үшін Британияның жұртшылықпен байланыс фирмаларымен келісім-шартқа отырғысы келетіндердің қатарында Ресей, Мадагаскар мен Қытай саясаткерлері де бар деп жазады «Гардиан». Британияның бұқарамен байланыс нарығы қауырт өсіп отыр. Оның көлемі жылына 7 миллиард фунттің маңайына жетті.

Тони Блэрдің бұрынғы баспасөз хатшысының орынбасары Тим Аллен басшылық ететін Portland PR және Hill & Knowlton компаниялары құны жылына 1 миллион фунт стерлингті құрайтын келісім-шартқа қол қою жөніндегі тендерге қатысты. Ол тендер бойынша жеңімпаз фирма мұнайға бай Қазақстан үкіметінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі кеңесшісіне айналуы тиіс еді. Қазақстан Лондондағы BGR Gabara компаниясымен келісім-шарт жасасты дейді «Гардиан».

Фирманың веб-сайтындағы «Абыройлы клиенттерінің» тізіміне Қазақстан енбей қалыпты. Себебі, қазір Қазақстан үкіметі полиция тарапынан жасалған азаптау әрекетіне қатысты БҰҰ-ның тергеу комитетіне берілген арыздың егжей-тегжейі жөнінде түсіндірме беруге даярланып жатыр деп жазады «Гардиан».

Басылым Британиядағы жұртшылықпен байланыс жөніндегі кейбір пиар компанияларының Руанда диктаторы Поль Кагаменің беделін көтеру үшін жанталасып жатқанын тілге тиек етеді. Мұның астарында ол елде тамыз айының 9-ы күні президент сайлауы өтетінін де меңзеген сыңайлы. Мұндай сайлау Руандада 1994 жылдан бері тек екінші рет қана өткізілмек.

«Гардиан» осы африкалық мемлекетте адам құқықтарының аяққа тапталып жатқанына нақты мысалдар келтірген. Жалдамалы журналистердің «Руанда Африканың жаңа ұжмағына айналып келеді-мыс» деген сөздерін дәлел еткен.

ОППОЗИЦИОНЕРДІҢ БАСЫН ШАУЫП АЛУ

Газетте маусым айының 24-і күні журналист Жан Леонард Ругамбагенің атып өлтірілгені айтылады. Ал таяуда ғана осы елдің оппозициялық саясаткері Андре Кагава Руисерека да қаза тапты. Біреулер оның басын шауып алған.

Руанда адам құқықтарын ұдайы аяққа таптап әрі Лондондағы жұртшылықпен байланыс фирмаларының көмегімен өз беделін сырттай жылтыратуға тырысып жүрген жалғыз-жарым ғана режим емес, ондайлар баршылық деп жазады басылым.

Лондонның жұртшылықпен байланыс жөніндегі алдыңғы қатарлы кеңесші фирмалары осындай қызмет көрсету  үшін, осы салада келісім-шартқа қол қою үшін Қытай, Қазақстан, Сауд Арабиясы, Ресей мен Замбияны бетке алып құстай ұшып, шапқылап кетті, деп жазады газет.

«Егер сіз клиентіңіздің абыройын басқарумен айналыссаңыз, ол жеке адам ба, компания ма әлде тұтас ел ме, оған қарамастан, англосаксон елдерінің бұқаралық ақпарат құралдары, әсіресе олардың Лондонда орналасқандары сәттілік әкелетінін есіңізде ұстауға тиіссіз, – дейді Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Лондондағы баспасөзбен байланыс жөніндегі кеңесшісі Айво Гэбэра. – АҚШ-та жұрт назарына ілігу, әрине, маңызды. Дегенмен, тап сол Лондонда айтылған сөз сіздің дүниежүзілік абыройыңызды айқындайды».

Дәл осы тұста басылым Қазақстан жайлы «Амнести Интернешнл» құқық қорғау ұйымының биылғы жылдың басында жарияланған баяндамасы туралы айта кетуді жөн көріпті. Онда себепті негізде және іс жүзінде айыпты екені дәлелденбесе де қамауға алынған адамдарға қатысты бұл елде «азаптау мен басқа да дөрекі де қатал қарым-қатынастың» қолданылуы әлі де тыйылмай отырғаны айтылған.

ЛОББИШІЛЕР ЖӘНЕ АСТАНА МЕРЕЙІ

Ал таяуда Қазақстан Республикасының беделін арттыру үшін келісім-шарт жасасқан алдыңғы қатарлы бір фирманың аға серіктесі: «Біз өзіміздің клиенттің абыройын неғұрлым мінсіз етіп көрсеткеніміз үшін ақы аламыз» дейді.

Шетел мемлекеттерінің мүддесін қорғау Вашингтондағы атақты фирмалар үшін ірі бизнес пен табысты кәсіпке айналды деп жазады «Ньюсуик» журналы.

Шетел мемлекеттерінің мүддесін қорғау кәсібімен айналысу үшін ресми рұқсат алуға ниет білдірген тұлғалар мен ұйымдар берген өтініш саны 2009 жылдың бірінші жартысында 1900-ге дейін жетіпті.

Адам құқықтарын қорғау ұйымдарының белсенділері әлемдегі кейбір аса тағы режимдер беделдерін көтеру үшін өршелене қимылдауға көшкенін айтады. Олар қаржыны да судай шашудан тайынбай отыр. Адам құқықтарын аяққа таптағаны үшін осы елдердің кейбіріне Америка Құрама Штаттары санкция да қолданған екен.

Журнал бұған мысал ретінде абырой-беделін сыртқа мінсіз көрсетуге тырысып отырған Конго, Экватордық Гвинея, Ангола мемлекеттерін келтірген. Осы елдердің бұған миллиондаған доллар жұмсап жатқаны айтылған. Өз беделін лоббишілер арқылы қорғау авторитарлық режимдерге жасалатын қысымның төмендеуіне себеп болып отыр, деп жазады журнал.

Қазақстанның авторитарлық режимі АҚШ-тан лоббишілер жалдап, ЕҚЫҰ төрағасы болды деп атап көрсетеді басылым. АҚШ Конгресінде Қазақстандағы адам құқықтарының ахуалын сынаушыларға қарсы күресте Астананың басым түсуіне тап осы лоббишілер көмектесті деп жазады «Ньюсуик» журналы.



CАЙТЫМЫЗҒА ТІРКЕЛІҢІЗ!

Құрметті оқырман!

Комментіңізді неғұрлым жылдам шығарып, Азаттық журналистеріне тікелей сын-ескертпе немесе ұсыныс айтып, өзге оқырмандармен ашық пікір алмасқыңыз келсе, сайтымызға тіркеліңіз.

Тіркелу үшін мына жерді басыңыз

Тіркелген соң сайттың оң жақ шекесіндегі «Кіріңіз» деген терезе арқылы еніп, пікір жаза аласыз.

Құрметпен,
Азаттығыңыз
Бұл форум жабық. Бірақ, Азаттықтың Facebook-тағы парақшасында жалғастыра аласыз: www.facebook.com/azattyq
Пікірлерді іріктеу
Пікір
     
Кімнен: Ызалы, шарасыз қазақ
06.08.2010 00:25
+0 / -0
Әрине, "Гардиан" мен "Ньюсуик" жазбаса да біздің басшылықтың халықтың қаражатын судай шашып өздерін жарнамалап жүргендігін ішіміз сезіп жүретін. Оны кез-келген көзі ашық, көкірегі ояу адам біледі. Мәселе мынада - қанша жерден ышқынса да фундаментсіз құмға салынған үйдің бәрібір құлайтындығы қандай ақиқат болса, ары таза емес адамның халқының басындағы қиындықтарды пайдаланып еліне жасаған қиянаттары түбінде әшкере болады. Оған тек уақыт керек. Бұл кісілердің "После меня хоть потоп",- деген прицип ұстап жүргенін де білеміз, бірақ қолдан келер дәрмен жоқ, сондықтан ызалымыз, шарасызбыз. Уақыт, ресурс, қаншама мүмкіндіктер босқа кетіп жатыр. "Қазақгейтті" жабу үшін қаншама қаражат желге ұшты...Сондықтан мен...елімнің байлығының әлі де болса келер ұрпаққа аздап қалуы үшін бәрін де кешіруге дайынмын. Пара алдың ба - ештеңе етпес, Америка қорқыта берсін, тек, айналайын, тыныш отыршы, енді ешкімге ақша бермей-ақ қойшы, оттағандар оттай берсін, кімнің аузына қақпақ боламыз. ЕҚЫҰ-сының да қажеті жоқ, оны басымызға майлап жағамыз ба, жалпы шет елдің біз туралы не дегені неге керек, а? Солай емес пе көке?

Кімнен: қажы мұқамбет қаракедей Қайдан: иран.горган
06.08.2010 22:35
+0 / -0
Лондон қартайған Британ империясының ордасы ретінде , баяғы жартас сол жартастықтан танбай жүргені ғой . Айласы асқан бұл ІЛГЕРІ КЕТКЕН елдерде көпшіліктің бабын таппақ үшін , саудаға салған табарлар сияқты саяси дүнйелерді де үгіттей береді . Сонда деспоттық режимдермен байланысы бар мемлекеттер оларды әспеттеуге тура келеді . Ал өзбыр да обыр биліктер осы науқаннын шығынын елдің байлығынан төлеуден тайынбайтыны бесенеден белгілі . Дегенмен ол алпауыттар бұл қарақасқалардан да жағымпаз немелерді тапқан соң ауыстыра бастамаса не жорық .