Accessibility links

Таудағы сел етектегі жұртты уайымға салды


Сел аударып тастаған көлік. Алматы облысы Талғар ауданы, 18 шілде 2014 жыл.
Сел аударып тастаған көлік. Алматы облысы Талғар ауданы, 18 шілде 2014 жыл.

Алматы облысы Талғар ауданында кеше күндіз жүрген селден таудағы жолдар бүлінген. Ресми ақпарат бойынша, селден қаза тапқан не зардап шеккен ешкім жоқ.

Шілденің 17-сі күні Талғар қаласының жоғарғы жағындағы су бөгетінің арғы бетіндегі тауда сел жүргені хабарланды. Бүгін таңертең таудағы селдің зардабын білуге шыққан Азаттық тілшісі бөгеттің төменгі жағында тұрған полиция тосқауылына кезікті. Олар жұртты тоқтатып, әрі қарай тек полиция, төтенше жағдайлар және өрт сөндіру қызметі көліктерін, жол жөндейтін ауыр техникаларды ғана өткізіп жатты. Полицейлердің сөзінше, бөгеттің ар жағындағы тау арасындағы жол тазаланып жатыр.

«БАЛАЛАРЫМЫЗҒА ЖЕТЕ АЛМАЙ ТҰРМЫЗ»

Бөгеттің бер жағында, сел салдарынан суы әлі лайланып ағып жатқан Талғар өзені маңында бір топ бала мен ересектер жиналып тұрды.

Ағаш көлеңкесінде жүктерін ұстап отырған балалардың таудағы лагерьден түскенін біліп, сөйлесуге жандарына барған едік. Бірақ олар әңгімеден тартыншақтады, Едіге есімді жетекшілері де балаларды тілшілер жүрген маңнан аулақ әкетуге тырысты.

– «Маралсай» лагеріненбіз. Бұл балалардың демалыс уақыты бітті. Қазір автобус келген соң әуежайға апарамыз. Бар айтарым осы, – деді

Сел зардабы. Алматы облысы Талғар ауданы, 18 шілде 2014 жыл. (Суретті жергілікті тұрғын Оксана Мусина ұсынған).
Сел зардабы. Алматы облысы Талғар ауданы, 18 шілде 2014 жыл. (Суретті жергілікті тұрғын Оксана Мусина ұсынған).

оқушылардың жетекшісі.

Ол балалардың бөгеттің арғы жағындағы сайда, бірнеше шақырым жерде тұрған лагерьден бұл маңға қалай жеткенін айтудан бас тартты.

Бөгеттен өте алмай тұрған ересектердің біразы өздерін таудағы «Спутник» пен «Маралсай» лагерьлерінде демалып жатқан балалардың ата-анасымыз деп таныстырды.

– Болған жайды естіген соң баламызды алып кетуге келдік. Негізі олардың демалысы ертең бітеді. Бізді таңертеңнен бері лагерь жаққа жібермей тұр, – дейді Кивиржан Нұрметов есімді азамат.

Тау жаққа өте алмай тұрғандардың өзгесі сел жүрген аймақта саяжайы бар тұрғындар екен. Солардың бірі Ирина Мусина бау-бақшасы мен үйін су шайып кеткенін айтады.

– Орманшылар сағат тоғызда хабардар болған. Түскі бірде жүрген селден жарты сағат бұрын ғана келіп, «кетіңдер, кетіңдер» деді. Бақшада жүрген шешем үлгермей қала жаздады. Көршіміздің арқасында аман қалды, – дейді Ирина Мусина.

ВИДЕО: Сел басқан саяжай тұрғыны түсірген видео

Таудағы селдің зардабы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:26 0:00
Жүктеп алу

«ЖОЛДЫ ТАЗАРТҚАН СОҢ АШАМЫЗ»

Сағат түскі 12-ге таман полиция тосқауылының ар жағынан Талғар ауданы әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбекұлы келді. Ол да жұртты бөгеттен әрі өткізбеудің себебін «жолдың кей жерлерін сел шайып кетуге байланысты» деп түсіндірді.

– Қазір ол жақта тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Бүгін бітіреміз. Сосын ары өтуге мүмкіндік ашылады, – дейді ол.

Дәрменияр Қыдырбекұлының айтуынша, күннің ыстығынан таудағы қар еріп, су мөлшері қалыпты жағдайдан үш есе көбейіп сел жүрген – бірақ қазір қауіп жоқ.

– Лагерьлер зардап шеккен жоқ. Балалар демалысын белгіленген уақытқа дейін өткізе алады. Ол жақта тамағы, суы – бәрі алдын ала әкелінген. Көз жеткіземіз десеңіздер, жол ашылғанын күтіңіздер, – деп жұбатты ол «Спутник» пен «Маралсай» лагерьлерінде демалып жатқан балалардың ата-аналарын.

ВИДЕО: Тұрғындар мен әкім орынбасары бөгеттің төменгі жағында

Талғардағы сел
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:37 0:00
Жүктеп алу

Талғар ауданы әкімінің орынбасары селден келген зардап қандай екенін көрсету үшін журналистерді бөгеттің ар жағына өткізуге келісті.

Бөгеттің арғы бетіндегі өзен жағасындағы тал қопарылып, тау суымен домалап түскен үлкен тастар әр-әр жерде үйіліп қалған екен. Өзен табанында бір қырынан жатқан «Жигули» көлігінің маңында полицейлер жүрді. Олар су шайған жол бөлігі, бау-бақша мен орманшылардың үйлері бұдан әрі екі-үш шақырым жерде екенін айтқанымен, ол жаққа жібермеді.

Төтенше жағдайлар министрлігі жарияланған ақпаратқа қарағанда, шілденің 17-сі күні түс кезінде тауда жүрген сел «орман шаруашылығындағы үш үйді, «Спутник» лагеріне апаратын автожолдар учаскелерін, өзен арнасына жақын орналасқан дәмхананың екі жазғы террасасын, жұмыс істемейтін лагерьдің кейбір ғимараттарын» басқан, «Алматы – Қорғас» жолындағы автомобиль көпірін су шайып жатқаны қосымша анықталған».

Министрліктің дерегінше, селден ешкімнің өміріне кесір тимеген, қазір елді мекендерге қауіп жоқ.

XS
SM
MD
LG