Келесі бағдарлама





Мультимедиа


 

Қазақстан

Билік баспалдағында Храпуновпен әріптестікте өскен лауазымды шенеуніктің басына бұлт үйірілді

Қазақстан төтенше жағдайлар вице-министрі болған Абылай Сабдалин.(сурет министрліктің ресми сайтынан алынды)

01.10.2009
Жұлдыз ТӨЛЕУ

Қаржы полициясы Қазақстанның төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министрі Абылай Сабдалинді 45 мың АҚШ доллары көлеміндегі пара беруді ұйымдастырды деген күдікпен тұтқындағанын айтады. Ал бұрынғы тәуелсіз журналистің әріптестері оны жемқорлыққа қатысы жоқ жан деп сипаттайды.

Экономикалық қылмысқа және сыбайласқан жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз хатшысы Дәмежан Есімбекова Азаттық радиосына төтенше жағдайлар вице-министрінің 29 қыркүйекте тұтқындалғанын растады.

- Абылай Сабдалин қаржы полициясының қызметкеріне аса ірі мөлшерде 45 мың АҚШ доллары көлемінде пара беруді ұйымдастырды деген күдікпен ұсталды. Ол параны тергеуге дейін тексеріс бойынша іс-шара қабылдамау үшін ұсынған. Қазіргі кезде тергеу амалдары жүзеге асырылуда. Толық ақпарат ресми айып тағылған соң берілетін болады, - деді Дәмежан Есімбекова.

Сонымен қандай тексеріс, төтенше жағдайлар жөніндегі министрлікте қандай заң бұзушылықтар орын алды?! Бұл жөнінде қаржы полициясы әзірге тіс жармай отыр. Ал Абылай Сабдалиннің тікелей бастығы, төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко мәселенің мән жайын анықтамай жатып, шешім шығаруға асықпауды сұрады.

- Кез келген құқық қорғау орындары прокуратураның бақылауымен жедел тексеру жұмыстарын жүргізе алады. Бұл іске қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Сондықтан мен қандай да бір түсініктеме беруге құқылы емеспін. Тергеу ісіне кедергі болмаймынн. Бірақ бірден айтамын, Сабдалин мырзадан бірден қылмыскер жасаудың қажеті жоқ,-деді Владимир Божко журналистерге берген сұхбатында.

Ал басшыларының бірінің тұтқындалғандығы жөнінде Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Елдор Райымбеков бірінші рет Азаттық радиосы тілшісінен естіп тұрғанын айтты.

- Абылай Сабдалин негізінде іс-сапарда жүрген. Сізден бірінші рет естіп тұрмын. Мен ол кісі жөнінде өте жақсы сипаттама беремін. Ол елге жаны ашитын, ұлтжанды ағаларымыздың бірі, - дейді Елдар Райымбеков Азаттық радиосына.

ЖУРНАЛИСТІ БИЛІК ЖОЛЫНА ХРАПУНОВ ӘКЕЛГЕН ЕДІ

Абылай Сабдалин «Жас Алаш» газетінен кейін, Алматы қалалық әкімшілігінде баспасөз қызметінде жұмыс істеді. 2000 жылдан бастап Алматының сол кездегі әкімі Виктор Храпуновтың көмекшісі болды. Кейін Виктор Храпунов Шығыс Қазақстан облысына әкім болып кеткен кезде, Абылай Сабдалин Шығыс Қазақстан облысы әкімшілігінің жетекшісі қызметін атқарды.

Абылай Сабдалин 2007 жылдан бастап төтенше жағдайлар вице-министрі болып қызмет етіп келген, сол 2007 жылы қараша айының басында Қазақстан президентінің жарлығымен Храпунов төтенше жағдайлар министрі қызметінен алынған болатын.

 Бұдан кейін қазақстандық БАҚ-тар «соңғы қызметі - Қазақстан төтенше жағдайлар министрі болған Виктор Храпунов әйелі екеуі Швейцарияның азаматтығын алып, сонда біржолата қоныс аударды» деген хабарлар таратқан еді. Виктор Храпунов Алматының әкімі болып тұрған кезінде көптеген ғимараттарды, қала маңындағы жер телімдерін заңсыз сатып немесе жалған құжаттар арқылы үлестіріп жіберді, шенеунік жауапқа тартылуы керек еді деген шағымдар қоғамдық ұйымдар мен азаматтық қоғам белсенділері тарапынан әлі күнге дейін айтылып келеді. Бірақ қауесет бойынша қазір Швейцарияда тұрып жатыр делінетін Храпуновқа олардың үні жетер емес, ал Қазақстан билігі жоғары билік эшелонында сондай бір шенеуніктің болғанын ұмытып та кеткендей. 

Абылай Сабдалин Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған соң шығармашылық жолын бастаған «Жас Алаш» газетінің сол кездегі бас редакторы Нұртөре Жүсіп Азаттық радиосына былай дейді.

- Ол журналистика факультетінің түлегі ретінде бірден бізге келген. Мен оны жұмысқа қабылдадым. Бірден өзін жақсы қырынан көрсетті. Өз ісіне өте жауапты болды. Ол саясат бөлімінде жұмыс істеді. Сараптамалары мен саяси болжамдары өте дәл, нақты болатын. Ол сол кездегі «Жас Алаштың» «азулы» жігіттерінің бірі болатын, одан шенеуніктердің өздері аяғын тартатын. Өзі шыншылдықты іздеп жүретін таза жігіт еді. Енді мен мына жағдайға сене алмай тұрмын, - дейді Нұртөре Жүсіп.
 
Бұл форум жабық
Пікірлерді іріктеу
     
Пікірлер
Кімнен: Мен
01.10.2009 22:20
Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің жемқорлардың ұясына айналғаны қашан... Әр облыстағы қарамағындағылардан ақша болсын, бензин болсын, яғни көмейден өтетіннің бәрін талап етіп жұта береді, жұта береді (өзім куә болған оқиға). Не таңданатыны бар?

Кімнен: Абай Қайдан: Астана
01.10.2009 22:21
окиништи-ак жаксы жигит, биреулер аяктан шалып отыр гой, осетин бала болатын

Кімнен: Тәкең Қайдан: Елден
02.10.2009 00:22
Байқап өсу керек екенін кейбір өсімдіктер жаңбыр жауғанда сәттерде байқамай қалады да, су ернесінен асқанда өсімдіктердің көбі зардап шегеді. Өсімдіктерге айтарым жаңбырдың мінезін зерттеу керек...

Кімнен: Адам Қайдан: Қазақия
02.10.2009 01:47
Бірде-бір адам, мемлекетік қызметке тегін жұмысқа қабылданбайды, лауазымды жұмысқа өсірілмейді. Министрдің орынбасарының орны қанша жүз доллар тұратынын астаналықтар білсе де, бізге айтпай құпияда ұстап отыр.

Кімнен: Әлім Қайдан: Сапақ
02.10.2009 10:13
Бұл өзі жақсы жігіт болуы да мүмкін. Алайда біздің билік жүйесінде адал болып қалу өте қиын. Не әлдебір жаламен күйдіріп жібереді не амалсыз иілесің яғни солармен бірге былғанасың. Қулар мен сұмдарды қойшы, кейде басқа күйіп кетіп жатқан адал азаматтарды аяйсың. Абылайды да солардың қатарында ма деген күдігім бар. Ал екінші жағынан анау Храп секілді ар-ұяттан безген адаммен бірге жұмыс істегенде солардан да бірдеңе жұғуы да мүмкін-ау.

Кімнен: Құбылай
02.10.2009 10:27
Абылайдың ұлтшыл азамат болғаны рас. Оны сол кездегі "Жас Алаштағы" мақалаларынан-ақ көруге болады. Өзі жетім өскен, намысшыл жігіт болатын. Ай, біздің билік жүйесінде таза адамдарға орын жоқ қой...

Кімнен: Оқырман Қайдан: Астана
02.10.2009 12:48
Абылайдың креслосы біреудің көзіне түскен ғой, осындай іскер азаматтарды темір тордың артына апарып тығу да жоспарланған шара ғой.
Тілші ханым Храпуновпен әріптес болса болған шығар, алайда мақалаңыздың екінші бөлігіндегі 3-ші азат жолдағы Храпуновтың әйелі екеуінің Швейцарияға қашқандығы туралы ақпаратыңыз бұл жерге еш қатысы жоқ деп ойлаймын, жалпы тақырыптан аутқымасаңызшы. Ал Храпуновтай шенеуніктің билік эшалонында болғанын, қазір оның ұмытылғандығы туралы өз алдына басқа мақала жазылса, оның да өз оқырмандары табылады деп ойлаймын.

Кімнен: Шал
02.10.2009 12:49
еее Абылай Абылай

Журттын Ыбырайы Ыбырай біздің Ыбырай сумырай деген тура келмесе канекей. Киели аттын киеси урган ба деп каласын.

Кімнен: Купец
02.10.2009 15:39
Абылайдың босаған креслосына отыруға үміткерлерді анықтауды таза,адал жүргізу үшін, тендр (конкурс) жарияланыпты. Үміткерлер, дайындалыңдар!

Кімнен: Әке
02.10.2009 15:53
Нұртөре Жүсіп! Сен әлі бала екенсің, ештеңе етпейді, көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың, өскенде бәріне сенетін боласың.

Кімнен: Erkix Қайдан: Jarkent
02.10.2009 22:36
Виктор Храпунов әйелі екеуі Швейцарияның азаматтығын алып, сонда біржолата қоныс аударды .......Қазақстанды
әбден сүліктей сорып кетіпті де.басқа ұлттан басшы қойсаң барлығы сол. ҚАЗАҚТАРДЫ ақымақ қылады да қарны тойған соң тайып тұрады.олар қазақты мандытпайтындар,негізі орыс қа,басқада ұлттарға бйлік бермеу керек.бәрі бір жейді екен ҚАЗАҚ жесін,ел жегеннен қазақ жеген жақсы ғой!

Кімнен: Мәнду Қайдан: Астана
03.10.2009 15:19
Қазір 2009 жыл емес 1937 жылға айналған секілді. Көзі ашық оқыған қазақтарды жаппай қырып-жойып, түрмеге отырғызу біз үшін "етіміз үйренген" үрдіске айналып бара жатыр ма деп қорқамын? Оған мысал, біздің ҰҚК Хропуновтың, Савицскаяның қашуына неге жол береді, ал Нұрлан ағамыздың, Әлжан Бралиевті неге жазықсыз тұтқындап отыр, олардың орнына "меркурий плюстің" бұрынғы басшысы Меркерді неге айыптамасқа. Жәкішевтің орнына неге Мәсімов пен Школьник отырмайды - оларға қарасы айғақтарды ашуға біздің ҰҚК қорқа ма? Сонда Қазақстанда қазақтар ғана парақор ма? билік басындағы басқа ұлттар түйені түгімен ішіп-жесе де неге олар сүттен ақ, судан таза. Сонда қазақ ата-бабамның өз ұрпағы үшін қанымен қорғап қалған жері, қазір кімдікі? біз қайда барып паналаймыз, бізді кім қорғайды?
Біз өз ұрпағымыздың қауіпсіз келешегіне күмәнмен қарайтын болдық!

Кімнен: Аль-Джаз Қайдан: астана
08.10.2009 17:58
Абылайдың оте сауатты азамат екені рас. Оның ақылдылығы мен парасаттылығына дау жоқ. кезінде Жас Алаштың белді тілшілерінің бірі болды. Жұрт оның материалдарын іздеп жүріп оқитын. Мына хабарға сенерімді-сенбесімді білмей отырмын. Божко дұрыс айтады, ол кісіден бірден қылмыскер жасауға болмайды.

Кімнен: А Қайдан: Астана
11.10.2009 06:25
Мен, М. А-ның құдасымын, ол маған көп ақша береді, мен министрліктен бір орынтағын сатып аламын, өсемін. Содан соң, әрбір облысқа бөлінген қаражаттан бір-бір миллярд теңгеден қалтама саламын. Сонда да маған ешкімнің тиісуіне, менен қылмыскер жасауына, жала жабуын, күйдіруіне құқы жоқ. Себебі, мен М.А-ның туған құдасымын, жетім өскенмін, жұрт мені есіркеуге міндетті, еліме де қызмет еткенмін, еңбегім сіңген, ұлтым болса қазақ және қазір 1937 жыл емес, Сталин жоқ. Бүкіл қазақ жастары менен үлгі алса, олар қор болмас еді. Қазақты тонауға қазақтың ғана құқысы бар,басқаларға тонатпаймыз.
     
Мәтін көлемі - +