Accessibility links

Зейнетақы қоры қызметіне сын айтылды


БЖЗҚ-дағы кезек
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:51 0:00

БЖЗҚ-дағы кезек. Алматы, 15 қаңтар 2014 жыл.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Алматыдағы бөлімшелерінде жұрт ұзақ-сонар кезекте тұруға мәжбүр. Қор басшылығы кінәні «компьютер жүйесіндегі ақауға» аударады.

Қазақстанның бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) салымшылары жаңа жыл басталғалы бері қордың Алматыдағы бөлімшелерінде қызмет көрсету сапасы нашарлап кеткені туралы шағымдана бастады. Кейбір салымшылар бірнеше күн бойы сағаттап күтсе де, тиісті құжатқа қол жеткізе алмай жүргенін айтады.

«Күнде жұмыстан үш-төрт сағатқа сұранып келсем де, шаруамды бітіре алмай жүргеніме үш күн болды. Бүгін, міне, тағы кезекте отырмын» деді Азаттыққа Алматы қалалық филиалында кезек күтіп отырған, өз аты-жөнін айтқысы келмеген әйел.

Филиал басшысы Жамал Ерекешева компьютерлік жүйе істемей қалғанын айтып, қолайсыздық үшін салымшылардан кешірім сұрады. Бірақ кезекте тұрғандар бұл проблема бүгін ғана емес, жаңа жыл басталғалы бері қайталанып келе жатқанын алға тартты. Кейбір салымшылар қордың қаладағы өзге бөлімшерлеріне де барғандарын, оларда да жағдай осындай екенін айтады.

Азаттық тілшісі сәрсенбі, қаңтардың 15-і күні БЖЗҚ-ның Алматыдағы Әуезов көшесінің бойында орналасқан бөлімшесіне барғанда жұрттың ұзақ-сонар кезекте тұрғанын көрді. Өз аты-жөнін атамауды өтінген қор қызметкері Қазақстанда жеке зейнетақы жинақтаушы қорлары біртұтас қорға бірігіп, қайта құрылғалы осындай проблема пайда болғанын айтты.

Азаттық бұл мәселені шешу жолдарына байланысты Қазақстанның бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры басшылығына сауал жолдаған еді. Қордың баспасөз орталығының өкілі жақын күндері жауап беруге уәде етті.

Қазақстанда бірыңғай зейнетақы жинақтау қорын құру туралы ұсынысты 2013 жылы қаңтарда президент Нұрсұлтан Назарбаев жасаған еді. Былтыр шілдеде Қазақстан үкіметі елдегі жинақтаушы зейнетақы қорларын біріктіріп, БЖЗҚ құру туралы қаулысы шықты. Жаңа біртұтас қор 1997 жылы жұмысын бастаған Қазақстан мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры негізінде құрылды. Үкімет қаулысына сәйкес, елдегі жеке жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтері мен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттары бойынша міндеттемелері БЖЗҚ-ға берілетін болды.

2013 жылғы 1 желтоқсандағы мәлімет бойынша Қазақстан мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорының 4 миллион 156 мыңнан астам салымшысы бар.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG