Accessibility links

Қазақстанда жаппай улану көбейіп барады


Астанадағы асханалардың бірі. Көрнекі сурет. Zhannat Nur есімді Facebook қолданушысы түсірген фото.
Астанадағы асханалардың бірі. Көрнекі сурет. Zhannat Nur есімді Facebook қолданушысы түсірген фото.

Биылғы сәуір айында елде үш жаппай улану оқиғасы тіркеліп, 70-тен астам адам зардап шекті. Сарапшылар улануды азайту үшін санэпидемиологиялық тексеру жүйесін жетілдіру керектігін айтады.

Алматылық студент Әли С. досы екеуі былтыр жазда астан уланып, аурухана он бес күн жатып шыққан. Ол аялдамадағы шағын асханалардың бірінен тамақ ішкесін ауруханадан бір-ақ шыққан.

«Түскі асқа дөнер жегенбіз. Кешкісін екеуміздің де басымыз айналып, асқазанымыз ауырды. Кейін ыстығымыз көтерілген соң жедел жәрдем шақырдық. Бірден «ішек инфекциясы» деп ауруханаға алып кетті. Асқазанымызды тазалап, дөнерден уланғанымызды айтты. Біз дөнер жеген асхананы тексеруге арыз жаздық. СЭС тексеріс кезінде ол жерде тазалық сақталмағанын және еттердің бұзылғанын анықтады» дейді Әли.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, Қазақстан қазір жазатайым оқиғалардан, жарақат алудан және уланудан азаматтардың қайтыс болуы бойынша әлемде үшінші орында тұр. Бұл туралы жуырда Қазақстан денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова мәлімдеді.

«МОРАТОРИЙ ТАЗАЛЫҚ ТЕКСЕРУГЕ САЛЫНБАУЫ ТИІС»

«Аман-саулық» қоғамдық қорының төрайымы Бақыт Түменованың пайымдауынша, жеке бизнеске салынған мораторий тазалықты тексеруге мүмкіндік бермей отыр.

«Қазақстанда шағын және орта бизнеске мораторий жарияланған. Яғни бизнес өкілдерін тексеруге болмайды. Бұл – дұрыс. Салыққа, мемлекеттік басқа да тексерістерге шектеу қойылсын. Бірақ бұл мораторий тазалық тексеруге қойылмауы тиіс. СЭС тарапынан тексерістерді жиі өткізіп тұрған дұрыс» дейді маман.
Жұқпалы ішек инфекциясын жұқтырған астаналық баланы тексеріп жатқан дәрігер. Көрнекі сурет
Жұқпалы ішек инфекциясын жұқтырған астаналық баланы тексеріп жатқан дәрігер. Көрнекі сурет

Қазақстанда жаппай улану факторларының жиілеуіне тексерістің жүйелі түрде жүргізілмеуі себеп болады деп санайтындар тек Бақыт Түменова емес. Биолог-магистр Асхан Бейсебеков:

«Қазақстанда СЭС мамандары кез-келген уақытта тексеріс жүргізе алмайды. Тексеріске баратын жағдайда СЭС тексеріс жүргізетін мекемеге бірнеше күн бұрын алдын ала ескертуі тиіс. Одан қандай қорытынды шығады? Сондықтан СЭС мамандары мекемеге бір реттік тексерістерін алдын-ала ескертусіз барып тексергені жөн. Және көптеген мекемелерде тексеріске келген СЭС мамандарын қонақ ретінде күтіп, есіктен қайтарып жіберетінін де білеміз. Бұл да тексерістің дұрыс жүргізілмейтінін көрсетеді» деді ол Азаттық тілшісіне.

«ТҰТЫНУШЫЛАР ТАЛАП ЕТУІ ТИІС»

СЭС мамандары тексерісті заңға сай жүргізетіндерін айтады. Ал санитарлық нормаларды бұзу фактілерін анықтауға «көп жағдайда арыз жаза бермейтін» тұрғындардың селқостығы да кедергі болатынын еске салады.
Тазалық мәселесін сақтауды кәсіпкерлер басты міндетіміз деп ойлауы керек.

«Қазақстанда кафе, дүкен, асхана сияқты орындар шағын және орта бизнес ретінде саналғандықтан СЭС ол орындарды жылына бір рет тексереді. Егер адам уланып, арыз жазған жағдайда ғана екінші рет тексеруге мүмкіндік бар. Уланғандардың көбі арыз жаза бермейді. Егер тамақтану орындары мен дүкендерде тазалық бұзылса, ескерту жасалып, айыппұл салынады. Оларды жеке бизнесті дамыту жобасына байланысты жауып тастауға тағы болмайды. Жалпы тазалық мәселесін сақтауды кәсіп иелері басты міндетіміз деп ойлауы керек. Ал тұтынушылар тазалықты талап етіп, тазалық болмаған жерден тамақ алмағаны жөн» дейді қазақстандық СЭС маманы Қарлыға С. (толық атын жарияламауды өтінді – ред.)

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі санэпидемиологиялық комитетінің тексеріс қорытындысы бойынша, 2013 жылы елде 713 тонна тағам жарамсыз деп табылып, тазалық сақтамаған мекемелерге барлығы 108 миллион теңге айыппұл салынған.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Қазақстанда 2011 жылы алты жаппай улану факторі тіркеліп, 91 адам зардап шексе, 2012 жылы 11 жаппай улану оқиғасында 296 адам уланған.

Қазақстанда биыл сәуір айының өзінде үш жаппай улану оқиғасы болып, барлығы жетпістен астам адам зардап шеккен.

Қазақстандағы 2013 жылдың сәуірі мен 2014 жылдың сәуірі арасында болған жаппай улану оқиғаларын төмендегі хронологиялық инфографикадан көре аласыз.
We are sorry, but this feature is currently not available
XS
SM
MD
LG