Accessibility links

ЕҚЫҰ төрағасы Қырғызстандағы дағдарыста ештеңе тындырмады


Оштан ауған әйел баласымен бірге. 23 маусым 2010 жыл.
Оштан ауған әйел баласымен бірге. 23 маусым 2010 жыл.

ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Қазақстан Қырғызстандағы жанжалды реттеуде ешқандай белсенділік танытқан жоқ және ЕҚЫҰ төрағасы болысымен Астананың ұйымға деген қызығушылығы жоғалды дейді Азаттық радиосының дөңгелек үстеліне қатысушылар.

Уақытша үкімет басшыларының бірі Өмірбек Текебаев референдум қарсаңында Қырғызстандағы жағдай жақсарудың орнына күн санап ушығып бара жатқандығын мойындады. Сыншылардың пікіріне қарағанда, жарты жылдан бері Қазақстан төрағалық жасап келе жатқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Қырғызстан оңтүстігіндегі гуманитарлық дағдарысқа қатысты енжарлық танытып отыр.

Азаттық радиосының кезекті дөңгелек үстелінің тақырыбы Қырғызстандағы оқиғалар контексіндегі Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен алғашқы жарты жылының қорытындысына арналады.

Пікірталасқа қатысатындар: Толғанай Үмбетәлиева – саясаттанушы, Демократияны дамытудың Орталық Азиялық қорының директоры, Алматы; Кубан Абдымен – Zpress.kz ақпарат агенттігінің директоры, тәуелсіз саясаттанушы, Бішкек; Андрей Грозин – Мәскеудегі ТМД институтының Орталық Азия бойынша бөлімінің директоры;

Дөңгелек үстелді Азаттық радиосының қызметкері Сұлтан Хан Аққұлұлы жүргізеді.

ҚАЗАҚ САЯСАТЫНЫҢ СӘТСІЗДІГІ

Жүргізуші:


– Қырғызстандағы оқиғалар контексіндегі Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының алғашқы жартыжылдығының қорытындысы қалай болды? Бұл ұйымға Қазақстан төрағалық жасап отырған кезде Қырғызстандағы сәуір оқиғаларынан соң осы елдің оңтүстігінде 10 маусымда орын алған ұлтаралық жанжалдардың алдын алуда ЕҚЫҰ-ның қандай рөл атқаруы керек еді және атқара алатын еді?
Грозин мырза, бұл мәселеге қатысты сіз не айтар едіңіз?

Андрей Грозин:

– ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Қырғызстандағы жанжалды реттеуге Қазақстанның қатысуы, жұмсартып айтқанда, еш байқалған жоқ десе болады. Осыған байланысты қырғыздың Уақытша үкіметінің өкілдері, мемлекеттік емес сектор өкілдері Қазақстанға кінә артып отыр. Иә, әзірге дипломатиялық сыпайылықты сақтап айтуда.

Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Қырғызстандағы проблемаларды шешумен емес, мүлдем өзге мәселелермен айналысып жатқандай әсер қалдырады. Яғни, Астанада ЕҚЫҰ-ның үлкен саммитін өткізуге байланысты батыстың саяси элитасының өкілдерімен болар құпия әңгімелерге көбірек көңіл бөлінеді.

Қазақстан сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев үшін Қырғызстанның оңтүстігіндегі ұлтаралық қақтығыстар соншалық маңызды емес шығар бәлкім. Қалай болғанда да сырттан бақылаушыларға осындай әсер қалатындығы даусыз. Мүмкін Астана мен Алматыда барлығы өзгеше көрінер. Бірақ, менің пайымдауымша, қырғыз дағдарысына қатысты ЕҚЫҰ төрағасы не істерін білмей сасып қалғандай.
Қазақстан сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев.
Вена, 14 маусым 2010 жыл.

Мүмкін бұл жанжалды реттеуге қатысқысы келмеген де болар деп түсінгеннен басқа лаж жоқ. Қырғызстанға қатысты Қазақстан әлдебір елеулі әрекетке барған жоқ. Және ЕҚЫҰ-ны еске алып жатқан да ешкім жоқ. ҰҚШҰ, Ресей, Қытай, АҚШ жайында айтады. Қырғыз оқиғаларына байланысты кейде НАТО, БҰҰ, халықаралық ірі қаржылық және экономикалық құрылымдар әңгіме болып қалады. Ал ЕҚЫҰ жайында ең соңында еске алады. Мен бұны ұйымның дәл қазіргі төрағасының «еңбегі» деп ойлаймын.

Толғанай Үмбетәлиева:

– Мен ресейлік әріптесімнің пікірімен келісетін шығармын. ЕҚЫҰ төрағасы болысымен Қазақстанның оған деген қызығушылығы жоғалды. Қазақстан ішкі саяси мүддесін сыртқы мүддеден жоғары қояды. ЕҚЫҰ төрағалығына қол жеткізуді Қазақстан билігі әлдебір биікті бағындырғандай қабылдады деп есептеймін. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымды Қазақстан өзінің жеке амбициясын қанағаттандыру үшін пайдаланып отыр. Қазіргі уақытта Ақорданы Қырғызстандағы трагедияға қарағанда ЕҚЫҰ саммитін қалай өткізу мәселесі көбірек толғандыруда.

Ақорданың бұл қылығын екі жағдаймен түсіндіруге болады: біріншіден, Қазақстан көршілес қырғыз еліндегі оқиға өзінде де қайталанып қала ма деп қауіптенеді.

Екінші жағынан, ЕҚЫҰ осыған дейін болған оқиғалардан, атап айтқанда постсоветтік кеңістіктегі «түрлі-түсті төңкерістердің» сәтсіздігінен соң белгілі бір сабақ алды. Қазір біз Еуропаның бұл аймақтан іргесін аулақ салып, оны Ресейдің ықпалына беріп қойғанын байқап отырмыз. Қазіргі уақытта Ресей Қырғызстанда болып жатқан оқиғалардың басты ойыншысы болып қалғандай. Ол тіпті Еуропаға қарағанда да үлкен рөл ойнап отыр деп айтар едім мен. Бұны ЕҚЫҰ-дағы қазақ саясатының сәтсіздігі деп атауға болады.

Кубан Абдымен:

– Қырғыз оқиғаларына қатысты Қазақстаннның осыншама ұстамды бола қалғаны түсініксіз, ешқандай логикаға сыймайды. Қазақстан тек ЕҚЫҰ төрағасы ғана емес, Қырғызстанға бауырлас мемлекет емес пе?! ЕҚЫҰ-на төрағалық жасап отырған Қазақстан көршісіне үлкен қолдау көрсете алар еді деп есептеймін.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы
Еуразиялық медиафорумда. 27 сәуір 2010 жыл.

Бір ғана атап өтер жай – қазақ ұшқыштарының Бакиевті елден алып шығуы. Қырғызстандағы саяси процеске Қазақстанның араласқаны дәл осы тұс. Бірақ Қазақстанның екпіні осымен басылып қалды. Әйтпесе, Қырғызстанды осынау дағдарысты жағдайдан шығаруға Қазақстан көп көмек көрсете алар еді.

Мысалы, Ауғанстан сияқты тынышсыз аймақпен шектесіп жатқан ТМД-ның оңтүстігіндегі жағдайды тұрақтандыра алар еді. Өйткені ЕҚЫҰ дегеніміздің өзі қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз ететін ұйым емес пе? Сол себепті, жанжалдарды шешуге барынша күш салу - ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Қазақстанның тікелей міндеті.

Жүргізуші:

– Толғанай ханым, енді Қазақстанның ішіне ойыссақ. Елдің ресми баспасөзінде ЕҚЫҰ төрағасы ретіндегі Қазақстанның рөлі жайында не айтылуда? Елдің ресми тұлғалары не дейді?

Толғанай Үмбетәлиева:

– Ресми баспасөзде осы күнге дейін Қазақстанның Бакиевті елден алып шығып, осы арқылы Қырғызстандағы азамат соғысының алдын алғандығы жайында жарыса жазылуда. Бірақ бұл азматтық соғыс емес, шындап келгенде Қырғызстанның Уақытша үкіметі мен Бакиев жақтастарының арасындағы есеп айырысулар. Сондықтан Бакиевті елден алыпшығуды үлкен міндет ретінде айтудың қажеті жоқ. Тіпті Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Қырғызстандағы жағдайға байланысты өз міндетін атқарған жоқ деп айтар едім.

Әрине, Қазақстан қырғыз оқиғаларына бұған қарағанда белсендірек араласа алар еді. Бірақ дәл қазіргі санасыз әрекет жасау жағдайы Қазақстан билігіне бұрыннан тән болатын. Бұл осы елдің саяси элитасы арасында бұрыннан басым болып келе жатқан стратегиямен байланысты болып отыр. Дағдарыс жайында әңгіме болғанда Қазақстанның ресми билігі үнемі бейтарап ұстанымда болады. Қазір де солай болып отыр. Содан соң ел, халық өз күшімен осы дағдарыстан шыға бастағанда шенеуніктер де орындарынан қозғалып, өз ұстанымдары жайында мәлімдей бастайды. Қазір де сол көрініске куә болып отырмыз. Бұл ақыры не болады екен деп аңысын аңдау ұстанымы болып табылады.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ НЕГАТИВТІ РӨЛІ

Жүргізуші:


– Толғанай ханым, көрші елдегі сәуір оқиғаларынан соң Қазақстанның Қырғызстанмен арадағы шекарасын бір айдан астам уақытқа жауып тастауын қалай түсіндіруге болады және бұл жай Қырғызстанға қалай әсер етті деп ойлайсыз?

Толғанай Үмбетәлиева:

– Сөз жоқ, Қазақстанның бұл қадамы онсыз да шатқаяқтап тұрған Қырғызстан экономикасына ауыр соққы болды. Әрине, Қазақстан бұл оқиғалардың өз еліне ауып кету қаупінен қорқады. Оның үстіне жыл басынан бері елде солшыл блок, «Социалистік қарсыласу» дейтіндер белсендірек бола түсті. Түрлі қозғалыстар халықты ереуілге шақырып, елдегі жағдайды күрделендіргісі келеді.

Осыдан соң Қазақстан шекараны жауып тастау жөнінде жылдам шешім қабылдады. Екінші жағынан, 2005 жылы постсоветтік аумақты шарпып өткен «түрлі-түсті төңкерістер» жалыны Қазақстан билігіне қатты әсер етті. Енді ол қандай тәсілмен болса да елдегі тұрақтылықты сақтап қалуға тырысады. Оның ішінде халықтың енжарлығын да пайдаланады.

Жүргізуші:

– Грозин мырза, әзірге беделді болып тұрған халықаралық ұйымның көршілес және бауырлас қырғыз еліндегі оқиғалараға байланысты сәтсіз қадам жасауында ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы ретінде Қазақстанның рөлі қандай? Және бұл сәтсіздіктің негізгі себебі не деп ойлайсыз?

Андрей Грозин:

– Барлығы оп-оңай түсінікті және көзге көрініп тұр. Ал, Қазақстандық әріптесім өз ойын сәл жұмсартыңқырап айтуға мәжбүр болды деп ойлаймын. Егер дипломатияны былай ысырып қойсақ, онда Қырғызстанда болған және болып жатқан оқиғаларға байланысты Қазақстанның ерікті де, еріксіз де негативті рөл атқаруына тура келді.

Кішкентай ғана бауырлас мемлекет Қырғызстанмен салыстырғанда Қазақстан - экономикалық жағынан аяғына нық тұрған ел. Қырғызстанның күш құрылымдарына жедел көмек беруге және бірінші кезекте Қырғызстанның тұрғын халқына гуманитарлық, экономикалық көмек беруге Қазақстанның қауқары жетер еді деп есептеймін.

Қазақстанның арнаулы қызметтері Қырғызстан аумағында өте белсенді әрекет жасайды. Көптеген жылдардан бері Қырғызстанда қазақ арнаулы қызметтерінің тыңшылық желісі жұмыс істейді. Өзінің тиімділігі жағынан оны өзбек арнаулы қызметтерінің тыңшылық желісімен салыстыруға болады.

«Ұлт көшбасшысы» Қырғызстанда болғалы жатқан қанды қақтығыстар жайында білді деп ойлаймын. Бұл ақпараттың оның үстелінде жатқандығы сөзсіз. Бірақ оның алдын алу үшін жедел шаралар не үшін қабылданбады деген сұраққа қазір жауап беру қиындау.

Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасауын Ақорда негізінен ішкі саясат тұрғысында қарастырды. Бұл халыққа ел президентін насихаттау мақсатында жасалды. Биліктің барлық күш-жігері осыған бағытталды.

Батыстағы әріптестерінің шамадан тыс жұмсақтығының және дипломатиялық ұстамдылығының арқасында Қазақстан төрағалыққа қол жеткізді. Қалай төрағалыққа қол жеткізді, солай аптығы басылып қалды. Сөйтіп барлық жобалар жайына қалды. «Еуропаға жол», тағысын тағылар деп айдар тағып қағаз шимайлау бір бөлек те, өмірдегі өте күрделі, қаржыны талап ететін мәселелерді шешу бір бөлек мәселе.

Мұндай салмақты өзіне артуға қазақстандық элитаның да, сонымен бірге, өзбек, ресей т.б. элиталарының да шамалары келмейді. Олардың барлығы жағдай өз-өзінен қалпына келеді деп ойлайды. Қазір Қазақстан үшін «ұлт көшбасшысының» 70 жылдығына орай саммитті жақсылап өткізіп, есеп беріп, жыл соңында орден алу маңызды болып отыр.

Кубан Абдымен:

– Қырғызстанда болған жағдай «түрлі-түсті төңкеріс» деп аталатын оқиғалардың салдары болғандықтан, Қазақстан қырғыз оқиғаларының түйінін шешуге толық көлемде қатыса алмады.

Қырғызстанға қатысты Қазақстан өзін ЕҚЫҰ төрағасы емес одақтас ретінде ұстап отыр. Ол жетекші рөлді Мәскеуге өз еркімен берді. Біз Қырғызстандағы болып жатқан оқиғалар ең алдымен Ресейді, содан соң ғана Астана мен Ташкенетті алаңдататындығын байқап отырмыз. Осы тұрғыдан келгенде қырғызстандықтар алдында Қазақстанның ұта қоймағандығы анық.

Шекараны қырық күн бойы жауып тастау бауырлас екі мемлекет арасындағы тату көршілік қарым-қатынасын бұзды. Экономикалық жағынан бұл дұрыс болмады. Өйткені, Қырғызстанның экономикасы осыдан соң тәлтіректеп қалды. Қазақстан билігінің қауіптену себебі түсінікті. Алайда, қолға алынған шаралар елдің қауіпсіздігін жақсарта қойған жоқ, керісінше Қырғызстандағы жағдайды нашарлатып жіберді деп ойлаймын.

Референдумнан соң Қырғызстан парламенттік ел болады. Осыдан кейін Қырғызстанның Қазақстанмен және Өзбекстанмен арадағы қарым-қатынасы шиеленісіп кетсе, онда бұған таңданудың қажеті жоқ. Қырғызстандағы жағдайдың бақылаудан шығатындығы соншалық, осыдан соң Қазақстанға өз қауіпсіздігін сақтау күннен-күнге қиындай түседі. Осылайша екі ел арасында сенімсіздік пайда болады.

НАЗАРБАЕВ ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ ПАРЛАМЕНТТІК БИЛІКТЕН ҚОРҚАДЫ

Жүргізуші:


– Орталық Азия елдері мен Ресей Қырғызстанның суперпрезиденттік биліктен парламенттік билікке өтуіне мүдделі болған жоқ. Олардың көзқарасынша бұл өзгеріс олардың режимдері үшін тиімсіз болуы мүмкін бе?

Андрей Грозин:

– Қырғызстандағы бұл өзгеріс Өзбекстанның да, Ақорданың да, тәжік президентінің де мазасын алады. Түркменстан жайында айтудың өзі артық. Орталық Азия жағдайындағы парламенттік республика жақсы әлде жаман жұмыс істей ме, бұл бір басқа. Қалай болғанда да ол осы аймақта ондаған жылдар бойы қалыптасқан автократияға қауіп төндіретіндігі сөзсіз.
Референдумға дайындық. Ош, 25 маусым 2010 жыл.

Сәтімен қалыптасқан парламенттік республиканы Каримовтың та, Назарбаевтың да көргісі келмейді. Бұл дегеніңіз олар Қырғызстандағы жаңа билікке зиян тигізіп, әдейілеп қастық істейді деген сөз емес. Бірақ солай бола тұра жаңа билікке іштерінің жыли қоймайтындығы анық. Сондықтан да автократ басшылар Қырғызстанға әлдебір көмек көрсетеді деп күтудің қажеті жоқ шығар.

Кубан Абдымен:

– Қырғызстанның үлгісін оның ТМД және ШЫҰ бойынша одақтастары соншалықты мақұлдап отырған жоқ. Алайда, енді онымен санасуға тура келеді. Ішкі реттеу тұрғысынан келгенде Ресей де, Қазақстан да, Өзбекстан да белгілі бір ішкі механизмдердің есебінен Қырғызстандағы жағдайға ықпал ете алар еді.

Егер қажет деп тапса, Қазақстан Қырғызстаннан өз жақтастарын тауып, референдумды кейінге қалдыруға, тіпті мүлдем болдырмауға қол жеткізе алар еді. Осы уақыттың ішінде ол қырғыздың болашақ президенттігіне әлдебір тұлғаны тапқан болар еді. Яғни, өздеріне жақын басқару жүйесін қамтамасыз еткен болар еді.

Алайда, осыны қалағанымен аталған елдердің ешқайсысы белсенділік көрсетпей отыр. Мұндағы белсенділік көрсетіп отырған тек Мәскеу ғана. Бірақ оған Қырғызстандағы жағдай толығымен түсінікті емес. Өйткені, ондағы оқиғалардың шапшаң өзгеретіндігі соншалық, бұларды мұқият талдауға да уақыт қалмайды. Әрине, Қырғызстанда президенттік биліктің орнағаны Қазақстанға да, Өзбекстанға да тиімді.

Толғанай Үмбетәлиева:

– Меніңше, Қазақстан бейтарап ұстанымда болатын сияқты. Өйткені Қырғызстандағы референдумнан соң орнайтын парламенттік билік жүйесінің ғұмыры ұзаққа бармайды деп есептейді. Қазақстан тұрғысынан қарағанда, Қырғызстанда жүздеген партия бар, сондықтан коалициялық үкімет құру өте күрделі.

Қазақстан Қырғызстандағы жаңа үкіметтің әр қадамын аңдумен болады. Және қырғыз билігінің әрбір сәтсіз қадамын Қазақстан өз пайдасы тұрғысынан түсіндіретін болады. "Міне, көрдіңіздер ме көршілес Қырғызстанның қандай жаңсақ жолға түскенін, ал Қазақстан дұрыс жолмен келе жатыр" дейтін болады. Қырғызстанда болатын парламенттік билік біздегі авторитарлық билікті бұрынғыдан да күшейтетін болады.

Жүргізуші:

– Құрметті қонақтар, Азаттық радиосы Қырғызстандағы оқиғалар контексіндегі Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен алғашқы жарты жылының қорытындысына арналған кезекті дөңглек үстелін осымен аяқтайды.
XS
SM
MD
LG