Accessibility links

Жастардың IT идеялары қолдау таба бастады


Абайдың қара сөздері қосымшасы. Алматы, 20 қыркүйек 2012 жыл.
Абайдың қара сөздері қосымшасы. Алматы, 20 қыркүйек 2012 жыл.

Қазақстанда жаңа технология саласында жастар жасап шығарған жобалар қатары көбейіп келеді. Бұл бастамаға қаржылай көмек көрсетушілер де табылып жатыр.

Қазіргі кезде қазақ жастары ойлап тапқан телефон қосымшаларының арасында iMakal, isozdik, қазақ ертегілерінің жинағы - Kazakh Folk Tales, 100 қазақ әні, Абайдың қара сөздері, қазақша сандарды жаттауға арналған «Бір, екі, үш», т.б. қосымшалар бар.

Ақпарат бойынша, жаз айында қазақстандық Mobile creators программистер тобы жазған Leonardo қосымшасын Apple компаниясы үш үздік қосымша (эпликейшн) қатарына енгізген.

АҚША БАҒАМЫ ТУРАЛЫ ҚОСЫМША

Халықаралық ІТ (интернет технология) университетінің 4-курс студенті Нұрсұлтан Дүйсебаев валюталардың бағамын біліп отыратын, iPad пен iPhone-ға арналған қосымша жазып шықты.
Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

- Бұл шағын жобам «Конвертор валют» деп аталады. Қарапайым телефондардағы конвертор қосымшасында тек бір уақытта екі валюта бағамын көре аласыз. Ал біздікінде бірден 16 валютаны көре аламыз. Болашақта олардың санын 32-ге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл құнды қағаз нарығында істеп жүрген азаматтарға, сонымен бірге брокерлерге, т.б. адамдарға ыңғайлы. Қолданушы өзіне керек валюталарды жүктей алады. Қосымшаны қазір AppStore-ға жөнелттім, - дейді Нұрсұлтан Дүйсебаев.

Ол бірнеше студентпен бірлесе отырып, қолданушыларға кез-келген уақытта жақын жердегі ресторандар мен кафе туралы ақпараттар беретін қосымша жазып жатқандарын да айтты.

- Біз бір базада жұмыс істейтін қосымшалар желісін жасауды жоспарлап отырмыз. Онда әрбір ресторан немесе ұйымның парақшалары болады. Парақшада ресторан туралы ақпараттар, менюі, акциялары, тамақ жеткізуі, т.б. мәліметтер орналастырылады. Бұл жобаны қазір жетілдіріп жатырмыз. Әзірге Алматы қаласындағы бір ресторан желісімен келістік, - деді Нұрсұлтан Дүйсебаев.

КӨЛІККЕ КЕРЕК ҚОСЫМША

Қыркүйек айында халықаралық ІТ университетінің 1-курс студенттері Дінмұхаммед Құрбанқожаев пен Рахым Мұратов көлікті тұраққа қолайлы түрде қоюға септесетін «Еasy parking» деген қосымша ойлап тапқан еді.

Студенттер жуықта бұл жобаға екі кәсіпкер қызығып, қаржыландыру жағынан көмектесетінін хабарлады.
Құрылғыны көлікке орнату құны 300-400 доллар болады. Егер Қазақстан нарығын игерсек, одан кейін көрші мемлекеттерге де шығармыз.

- Негізі идеясының өзін сатпаймыз. Кәсіпкерлер сондай құрылғыны көліктерге орнату бойынша қызмет көрсететін нүктелер ашуға көмектеседі. Сосын кейін біз оларға кеткен қаржыны шығарып беруге тиіспіз. Бұл құрылғыны бір көлікке орнату құны 300-400 доллар болады. Осы жобаны дамытып, нүктелер ашсақ деп отырмыз. Егер Қазақстан нарығын игерсек, одан кейін көрші мемлекеттерге де шығармыз, - деді Дінмұхаммед Құрбанқожаев Азаттық тілшісіне.

«Еasy parking» - көліктің айналасын төрт метрлік радиуста көрсетіп тұратын планшет немесе кез-келген монитордың көмегімен жұмыс істейтін қосымша.

ҚАЗАҚ ӘРІПТЕРІ

Қазақстандық студенттер Диас Жеңісбеков және Ерғали Адамбаев «Ұлттық клавиатура» жобасы бойынша қазір Қытайда «қазақша клавиатуралар» өндіріліп жатқанын айтты.
Студенттер жасаған қазақша клавиатура.
Студенттер жасаған қазақша клавиатура.

Бұл туралы Азаттық тілшісіне хабарлаған Диас Жеңісбековтің сөзіне қарағанда, алдағы уақытта бұл жобаны мемлекеттің өзі сатып алуды жоспарлап отыр екен.

- Негізі, қазақ әріптері клавиатураның шеткі жағында орналасқан ғой. Біз қазақ әріптерін орталық блокқа әкеліп орналастырдық. Қазір Genius, Logycon сияқты ірі компаниялармен жұмыс жасайтын қытай компаниясымен келісім-шартқа қол қойдық. Екі айдан кейін клавиатуралар елге әкелінеді. Болашақта бұл жобамызды мемлекеттік өзі сатып алып, «Зерде» ұйымы қазақша клавиатураларды өзімізде шығаруды жоспарлап отыр, - дейді Диас Жеңісбеков.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG