Accessibility links

Павлодар түрмесіне «ішкі әскер кіргені» айтылды


Павлодар түрмесінің алдында тұрған ішкі әскер деп сипатталған адамдар. 15 қыркүйек 2014 жыл. Суретті тұтқындардың туысы жіберді.
Павлодар түрмесінің алдында тұрған ішкі әскер деп сипатталған адамдар. 15 қыркүйек 2014 жыл. Суретті тұтқындардың туысы жіберді.

Павлодар колониясындағы сотталушылардың туыстары түрмеге ішкі әскер енгізіліп, сотталушыларға қысым көрсете бастағанын хабарлап жатыр. Колония алдына ондаған адам жиналып тұр.

Азаттыққа хабарласқан сотталушылардың туыстарының айтуынша, қыркүйектің 15-і күні таңертең Павлодар қаласындағы АП 162/4 колониясына ішкі әскер жасақтары енгізіліп, сотталушыларды ұрып-соға бастаған. Оқиғаға куә болған Анастасия Якушева оқ атылғанын естігенін айтады. Ол мұнда күйеуімен кездесу үшін ертерек келген. Алайда кездесу басталмай жатып түрме қызметкерлері кездесу бөлмесінен сотталушыларды қуа бастаған.

- Сотталушыларға келіп «сапқа тұрыңдар» деп оларды футболка мен тәпішке киген күйінде алып кетпек болды. Алайда біз олармен ұрсысып, алып кетулеріне мүмкіндік бермедік. Бұл кезде сағат шамамен таңғы 10.00 болатын. Сосын колония бастығы келіп «оларға ештеңе болмайды деп уәде берем, бұл жәй ғана оқу-жаттығу» деп айтты. Егер адамдарды айыппұл камерасына қамап жатса, қайдағы жаттығу? - дейді Анастасия Якушева.

Ол іштегі сотталушыларды маска киген жасақтардың айыппұл камерасына қамап жатқанын терезесі түрме жаққа қараған өзі қонған пәтерден де көрген.

Есімін айтпаған сотталушылардың бірінің туысы таңертең түрме жақтан қысымға шыдамаған сотталушылардың қиналған айғайлары да естілгенін айтады. Ол күйеуімен заң бойынша белгіленген кездесуді ала алмай отырғанын, түрме әкімшілігінің ұзақ мерзімді кездесулерге тыйым салғанын айтады.

Бұл жақтан кетпеңіздер, қазір жараланғандарды шығарады.

- Бұл адам құқығын бұзу емес пе? Қазір мұндағы азаматтар жақындарымен қысқа мерзімді кездесуді талап етіп отыр. Іштегі сотталушылардың кейбірі осындағы жақындарына «бұл жақтан кетпеңіздер, қазір жараланғандарды шығарады» деп айтқан. Адамдар күтіп тұр, - дейді ол.

Оның айтуынша, қыркүйектің 15-і күні кешке таман колония алдына шамамен қырық-елу шақты адам жиналып қалған. Бәрі де іштегі жақындарының өміріне алаңдап отырғанын жеткізеді.

- Маған күйеуімді көрсеткен жоқ. Оны СИЗО-ға алып кеткен дейді. Бұған дейін ол жаққа тек екі адамды ғана алып кеткенін айтқан еді. Фамилиясын атап тұрып. Маған «күйеуіңізді қайтарып әкеледі, алаңдамаңыз» деп қояды. Оны ұрып-соғып тастаған, әйтпесе көрсететін еді ғой - дейді колония алдында тұрған Люба есімді әйел Азаттық тілшісіне телефон арқылы.

Сотталушылардың туыстарының айтуынша, өткен аптада түрмеге республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитетінен комиссия келіп, тексере бастаған. Олардың кейбірі «бүгінгі жағдай сол тексерумен байланысты болуы мүмкін» деген болжам айтады. Туыстары колония алдында жедел жәрдем көліктері де келгенін хабарлады.

Колония алдында жедел жәрдем көліктері келгені хабарланды.

Іште комиссия жүргенін Азаттық тілшісіне колония қызметкерлері де растады. Алайда олар комиссияның мақсаты мен түрмеге ішкі әскердің енгізілу себептеріне қатысты сұрақтарға жауап берген жоқ. Колония бастығы Руслан Қайыргелдіұлына хабароласқанымызда ол сұрағымызды естіген соң үндеместен телефон тұтқасын қоя салды.

Ал мән-жайды анықтау үшін республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитетіне телефон соққанымызды комитеттің баспасөз қызметінің өкілі Ақерке Жаубасарова төраға атына арнайы сауал жолдауды өтінді.

Қазақстан колонияларындағы өзін жарақаттау актілері туралы «түрмеде заңсыздық көп, колония басшылығы тұтқындарды қорлап, кемсітеді, ұрып-соғады» деп мәлімдейтін тұтқындардың туыстары жиі хабарлайды. ҚАЖК колониялардағы наразылықты көбіне "түрме әкімшілігінің тәртіп орнату мен «режимді» бұзуды тоқтатуға тырысу әрекеті" деп сипаттайды.

Тұтқындарды азаптау және қатыгез әрекеттерге байланысты Қазақстан халықаралық ұйымдардың сынына жиі ұшырайды. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары «елдегі түрмелерде азаптаулар мен тұтқындардың ауыр жағдайы үйреншікті құбылысқа айналған» деп Қазақстан билігін сынайды.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG