Accessibility links

«Хрусталді бала» атанған Уәлиханның әкесі бар болғаны 5 минут ішінде үш бөлмелі пәтерге ие болды


Семей полигонының зардабынан сырқат болып туған Уәлхан Серікқалиев. Семей, қазан, 2009 жыл.
Семей полигонының зардабынан сырқат болып туған Уәлхан Серікқалиев. Семей, қазан, 2009 жыл.

Семей полигонының зардабынан дүние есігін ауру болып ашқан Уәлихан Серікқалиевтің отбасына Семей қаласының әкімі жалдамалы тұрғын үйден үш бөлмелі пәтер берді. Уәлиханның әкесі үй мәселесімен Семей қаласы әкімінің қабылдауына екі жыл кіре алмай жүрген.

Отағасы Саржанқали Торғайбеков 7 қазан күні Семей қаласы әкіміне үй мәселесі жөнінде өтінішін айтқан. Іле-шала 11 қазан күні Уәлиханның отбасы жаңа үйде қоныс тойын тойлады.

Қазақстанға «Хрусталь бала» деген атпен мәлім болған мүгедек жеткіншектің әкесі Саржанқали Торғайбековті қала әкімінің хатшысы мен әкімнің атқосшылары екі жыл бойы әкімнің қабылдауына кіргізбей келген. Сөйтіп, ақыры мүгедек баланың әкесі қала әкімінің жолын торуылдаған. Үй алу жолындағы хикаяның трагикомедиялық тұсы да осы.

Азаттық радиосы Торғайбековтер отбасы туралы Семей ядролық полигоны жайлы репортажда жазған болатын. Жеті жасар жеткіншек Уәлиханды «хрусталь бала» деп атайды. Оның сүйектерінің нәзіктігі мен бостығы соншалықты, баланың сүйектері жиі сынады. Уәлиханға «остеогенез» деген диагноз қойылған. Бұл аурудан айығу үшін Еуропа мен Американың озық емханаларына барып емделу керек. Ол үшін он мыңдаған доллар қажет. Ал, ондай ақша бұл отбасында жоқ. Қол ұшын созатын атымтай жомарттар да жоқ.

Уәлиханның әкесі тамыз айында Азаттық радиосына берген сұхбатында былай деген еді:

- Оның сүйектері тым нәзік. Кез-келген оқыс қозғалыс сүйектің сынуына алып келуі мүмкін. Сынық Уәлихан үшін тағы аурухана төсегіне таңылу, жан шыдатпас ауру. Біз оны арнайы торда суға түсіреміз. Әр қимылын бағып отырамыз. Балаңның аурудан қиналғанын көріп отырып, оған көмектесе алмағаннан асқан азап жоқ, - деген болатын Саржанқали Торғайбеков.

Уәлихан үшін отыруға, жатуға, еркін қозғалуға арналған арнайы мүгедектер арбасы жоқ. Ондай арбаның біреуін бұл отбасыға береміз деп уәде еткен. Алайда, уәде сөз жүзінде қалған. Бірақ та, бүгінгі күні ең бастысы, Семей ядролық полигонынан ауыр зардап тартып отырған мүгедек баланың отбасы әлеуметтік пәтер алды.

Уәлихан туа сала туу туралы куәлігіне басқа фамилиямен тіркелген. Отбасының барлық мүшелері Торғайбеков болса, Уәлиханның фамилиясы Серікқалиев. Осылайша, бюрократия баланың тағдырына туа сала терең із салып кеткен. Күні кешеге дейін Уәлиханның ауруы ядролық жарылыс салдарынан пайда болған аурулар тізіміне кірмей келген. Өйткені, Уәлихан ядролық полигон жабылғаннан кейін он жылдан соң дүниеге келген. Сондықтан да, арнайы комиссия оның ауруының полигонға қатысы жоқ деп шешкен.

Ал, Уәлиханның әкесі Саржанқали Торғайбеков болса, жоғары қан қысымы мен жүрек талмасымен ауырады. Ол бұл ауру Семей полигонында сыналған ядролық жарылыстың зардабы деп есептейді. Саржанқали Торғайбеков кезінде Абай ауданында яғни ядролық жарылыс нүктесінің іргесінде тұрған.

«КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ КЕЛІҢІЗ»

Бес адамдық отбасы осы күнге дейін пәтер жалдап тұруға мәжбүр болды. Отбасы қаржысының үлкен бөлігі пәтерақыға кетіп отырды. Өйткені, үйде жалғыз адам — Уәлиханның үлкен әпкесі ғана жұмыс істейді. Айлықтан-айлыққа дейін ақшаны әзер жеткізіп отырған.

Табаны күректей екі жыл бойы Саржанқали мен әйелі қалалық әкімшіліктің табалдырығын тоздырғанмен, билік өкілдерінен «жоқ» деген жалғыз жауап естіп келген. Отағасының айтуынша, оларды «әкімнің уақыты жоқ» деп, қабылдауына кіргізбей қойған. Тіпті, жұмыс кестесі бойынша, тұрғындарды қабылдау күні де әкімді орнынан табу мүмкін болмаған. Саржанқали Торғайбеков талай адамның үй мәселесін шешіп береміз деп уәде еткенін айтады.

- Уәлиханды 31 арнадан көрсеткен соң, үйге денсаулық сақтау министрі телефон соқты. Астанаға емделуге баруға ұсыныс жасады. Содан кейін үйге тележурналистерді ертіп, әкімшілік қызметкерлері мен «Нұр Отан» партиясының өкілдері келді. Олар бізге үй мәселесін шешуге көмектесетіндерін айтты. Мен телеарналарға «партия отандастарын далаға тастамайды, Міне, пәтер алып береміз деді» деп сұхбат бердім. Содан қайтіп партия өкілдерін де, әкімшілік қызметкерлерін де көрмедім. Пәтер әрине, берілген жоқ, - деді Саржанқали Торғайбеков.

Бірнеше күн бұрын жергілікті телеарнадан семейлік бірнеше отбасыларға мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында жалдамалы пәтер беріліп жатқанын көрген Саржанқали қалалық әкімшілікке тағы бір барып қайтуды ойлайды.

- Мен әкімшілікке барғанымда маған пәтерлердің бітіп қалғанын анықтап тұрып айтты. Ал, телевизорға қарасам елге үйді үлестіріп жатыр. Ертесінде таңертең әйелім екеуіміз әкімшілікке бардық. Бәрі баяғыдай болды. Хатшы: «әкімнің уақыты жоқ әрі бүгін қабылдау күні емес» деді. Әкімге қабылдау күні барсам да, әкімге кіргізбейді ғой мені. Хатшы маған «күтпей-ақ, қойыңыз, бос пәтер жоқ»деп шығарып салды, - дейді Саржанқали Торғайбеков.

ӘКІМНІҢ ЖОЛЫН КҮТУ


Саржанқали Торғайбеков сол күні әкімшіліктен әдеттегідей бас шұлғып кетпеуге бел буыпты. Әкімнің хатшысының «жоқ» деген жауабынан соң, Саржанқали оған өтінішіне қол қойып, пәтер жоқ деген анықтама беруін сұраған. Ал, хатшы болса, ешнәрсеге қол қоймайтынын айтып, ат-тонын ала қашқан.

- Сол кезде мен ашуға мініп, ертең президент Назарбаевқа хат жазам, жалдамалы пәтер депутаттар мен әкімшілік қызметкерлерінің таныстары мен туыстарына таратылып жатқанын жеткізем деп айқайға бастым. Осыдан кейін ол біреулерді шақырды. Олар маған «әзір бос пәтер жоқ әрі жуырда болмайды, келесі жылы келіңіз» деді. Сол жерде қаным басыма шауып қаһарландым да, екі жыл бойы ішіме жиналған бар өкпе-назымды, ренішімді түгел айтып салдым, - деді Саржанқали Торғайбеков.

Сөйтіп, сыртқа шығып әкімнің жолын торуылдаған Саржанқали ақыры әкімшілік ғимаратынан шығып, көлігіне кетіп бара жатқан әкімді тоқтатып, ауру баласы мен пәтер жалдап жүрген ауыр жағдайын жайып салған. Басқалар сияқты тұрғын үй басқармасына сілтей салар деп ойлаған Саржанқали әкімнен: «мен қазір асығыспын. Сағат үште әкімшіліктің кіреберісінде күтіңіз» деген жауап алған. Әкім айтқанында тұрып, сағат үште өз кабинетіне алып кіріп, айналасы бес-он минуттың ішінде Торғайбековтердің отбасына үш бөлмелі пәтер берген. Сөйтіп, Саржанқалидың әкімге айтар алғысында шек болмай қалды.

Саржанқали үлкен қызы Айгүл Торғайбекова жалдамалы пәтерге төленетін 5700 теңгені өзі де төлей алатынын, тілектерін Жаратқан қабыл еткеніне шүкіршілік айта келіп, Уәлиханды емдеуге қаражатты енді өздері жинақтайтындарын да жеткізді. Оның айтуынша, жаңа үйге электр жарығы қосылмаған, су жіберілмеген. Бұл мәселені 12 қазан күні әкімшілік шешуге уәде еткен екен. Алайда, соған қарамастан 11 қазан күні Торғайбековтер жаңа үйге көшіп алған.

Бұрында айына 30 мың теңге төлеп, бес адам екі бөлмелі үйде сығылып тұрып жатса, қазір 91 шаршы метр жаңа үйде Уәлиханның жеке бөлмесі бар. Ал, Уәлихан болса, Азаттық радиосына ата-анасының жүзінен күлкі кетпей жүргенін көргеніне бақытты екенін айтады. Оның сөзіне қарағанда, өзінің жеке бөлмесінде ешкімге кедергі жасамай бір өзі компьютермен ойнайтын болады.

Отағасы Саржанқали Торғайбековтің айтуынша, президентке жазған хатқа баланың сырқаты жергілікті жердің деңгейінде шешілуі тиіс деген жауап келген. Ал, үй туралы бір ауыз сөз болмаған. Ал, Денсаулық сақтау министрлігінен келген жауап хат отбасын аса қуанта қоймаған. Уәлибектің анасы Жәннат Торғайбекова жауап хатта министрліктің Астанаға келіп емделу туралы бірқатар ұсынысынан Торғайбековтар отбасы бірнеше мәрте бас тартқан деп жазылғанын, алайда, мұның жалған екенін айтады.

- Бізге бір рет қана сондай ұсыныс жасалған. Алайда, күйеуім қатты ауырып оның үстіне ақша болмай бара алмадық. Бізге бұрын кезекке тұрыңдар дейтін. Біздің жағдайымызды БАҚ айта бастағаннан бері бізге Астанаға өздеріңізге ыңғайлы уақытта барып емделулеріңізге болады. Жолақысы мемлекет қаржысынан төленеді деп отыр, - деді Жәннат Торғайбекова.

Интернеттен Уәлихан секілді балаларды емдейтін Мәскеуде орналасқан америкалық емхана табылған. Бірақ, сүйектерді қатайту операциясының бір сеансы Ресейде 10 мың доллар шамасында тұрады. Ал, Уәлиханға бірнеше сеанстық ем қабылдау керек. Қазір Уәлиханның ата-анасы балаларын Мәскеуге апарып емдетуге бар күштерін салуда.
XS
SM
MD
LG