Accessibility links

Адам өлімінен соң су қоймасы қауіпсіздігі сөз болды


Қазақстандағы су бөгеттерінің бірі. Шығыс Қазақстан облысы, Көкпекті ауданы, 30 сәуір 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстандағы су бөгеттерінің бірі. Шығыс Қазақстан облысы, Көкпекті ауданы, 30 сәуір 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Министр су қоймаларын мемлекет қарауына алу туралы айтты. Ал Азаттыққа сұхбат берген маманның сөзінше, жергілікті су қоймаларының көбінің тозығы жеткен.

Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров 1 сәуірде – Қарағандыдағы бөгет апатынан бір күннен кейін – «меншік түріне қарамастан барлық су қоймаларын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін» заң жобасы сенат қарауында жатқанын хабарлады.

Наурыздың 31-іне қараған түні Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданындағы Көкпекті су қоймасы бөгеті бүлініп, сол маңдағы Көкпекті ауылының 100-ге жуық үйін су басып, 5 адам қаза тапқан еді. Төтенше жағдайлар жөніндегі министр Владимир Божко «күн кенет жылынып, жоғарыдан бір сәтте келген мол су қоймадағы мұздың үстіне шығып кетуі апатқа себеп болғанын» мәлімдеген.

Елдегі су қоймаларының жайын «Қазақ су шаруашылығы» ғылыми зерттеу институтының су ресурстарын басқару бөлімінің меңгерушісі, техника ғылымдарының докторы Оразхан Қарлыханов Азаттыққа берген сұхбатында баяндап берді.

Оразхан Қарлыханов: – Біздің институттағы деректерге қарағанда, Қазақстандағы гидротехникалық құрылымдардың саны 643-ке жетеді. Бірақ оның өзі іштей су қоймалары, су тоспалары, су тораптары болып, атқаратын қызметіне сай әрі қарай бөлінеді. Олардың қатарында Шардара және Бұқтырма сияқты су қоймалары, Көксарай су тоспасы, Қазалы және Әйтек су тораптары бар. Бұлардан басқа шағын өзендерге арналған су бөгеттері, тоғандар да бар.
Көксарай су қоймасы. Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданы, 19 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Көксарай су қоймасы. Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданы, 19 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
​Нақты су қоймасының саны – 270. Оның 62-сі – республикалық маңызы бар су қоймалары. Олардың жарамды-жарамсыздығы қаншалықты екенін осы статусынан да аңғаруға болады. Өйткені республикалық маңыздағы су қоймаларының қауіпсіздігі ұдайы қадағаланады.

Ал жергілікті су қоймалары туралы олай айту қиын. Мүлде жарамсыз деуге болмайды, көбін жөндеу керек. Мысалы, 2012 жылы Жамбыл облысындағы су бөгеттерінің жағдайын тексеруге қатыстым. Көкпекті, Қызылағаш сияқты, одан да кіші 30-ға жуық су бөгеттерін көрдік. Сондағы қорытынды бойынша 60-70 пайызға жуығының тозығы жеткені мәлім болды.

Қазақстандағы гидроқұрылымдардың басым көпшілігі 1950-1975 жылдары салынған. Ол кезде, Совет Одағы уақытында мұндай құрылымдарға қатаң жауапкершілікпен қарайтын. Гидротехникалық талаптарға сай салынған бөгеттер кез-келген табиғи тасқындарға бұзыла салмайды, тіпті, 150-200 жылға дейін жарайды. Бірақ уақытылы жөндеу жасамаса, бәрі де табиғи түрде тоза береді.

Азаттық: – Министр Нұрлан Қапаров «меншік түріне қарамастан су қоймаларына мемлекеттік бақылау орнату» туралы заң жобасын ұсынғанын айтты. Су қоймаларын мемлекет меншігіне алу жайы 2010 жылы 45 адамның қазасына себеп болған Қызылағаш су бөгеті апатынан кейін де айтылған. Су қоймаларының қаншасы жеке адамдар иелігінде?

Оразхан Қарлыханов: – Қазір 643 гидротехникалық құрылымның 50 пайыздан астамы жеке кәсіпкерлердің қолында. Олардың көбі – су бөгеттері. Бұрын колхоз-совхоз жекешелендірілгенде түрлі жолдармен олар да жекеге өткен. Кеше бұзылған Көкпекті бөгеті де, Қызылағаш бөгеті де жеке кәсіпкерлерге тиесілі. Бірақ оны қайтарып алғанда экономикалық тұрғыда қаншалықты тиімді болатынын айта алмаймын. Өйткені көпшілігі – жеке кәсіпкердің шаруашылығын сумен қамтамасыз ететін құрылымдар. Оны алса, кәсіпкерлікке зиянды салдары болуы да мүмкін. Бірақ жеке меншіктегі және жергілікті басқару органдарына қарасты су қоймаларының қауіпсіздігі нашар қадағаланатыны рас.
Бұзылған Қызылағаш су бөгетінің орны. Алматы облысы, 23 сәуір 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Бұзылған Қызылағаш су бөгетінің орны. Алматы облысы, 23 сәуір 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Азаттық: – 2012 жылы «Су шаруашылығы жүйелері мен су құрылыстары қауіпсіздігінің критерийлерін бекіту туралы» үкімет қаулысы шыққан. Мұндай нысандар қауіпсіздігі осындай құжаттар негізінде қадағаланбай ма?

Оразхан Қарлыханов: – Бұл қаулыдан өзге 2004 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Гидротехникалық құрылғылардың қауіпсіздігін жетілдіру, уақытылы жөндеуден өткізу» жөнінде жарлығы да шыққан. Яғни қаулы-қарар аз емес, бірақ барлық гәп оның орындалмайтынында болып тұр. Әр облыста су қоймаларын тексеретін арнайы комиссиялар бар. Алайда олардың ұсынысынан нәтиже шамалы – кейде қағаз жүзінде орындалса, кейде сол бойы аяқсыз қалады. Қазіргі төтенше жағдайлардың көпшілігі қауіпсіздік шараларын жасамағаннан болып отыр.

Азаттық: – Сұхбат бергеніңізге рақмет!
XS
SM
MD
LG