Accessibility links

ШЫҰ: Бішкек декларациясы қабылданды


ШЫҰ саммитіне қатысқан ұйымға мүше мемлекет басшылары Бішкек декларациясына қол қойып жатыр. 13 қыркүйек 2013 жыл.
ШЫҰ саммитіне қатысқан ұйымға мүше мемлекет басшылары Бішкек декларациясына қол қойып жатыр. 13 қыркүйек 2013 жыл.
Жұма күні Қырғызстан астанасында аяқталған Шанхай ынтымақтастығы ұйымы (ШЫҰ) саммитінің қортындысы бойынша бірлескен декларация қабылданды.

Құжатта ШЫҰ-на мүше мемлекеттер халықаралық және аймақтық жанжалдарды реттеу ісі тек қана бейбіт саяси-дипломатиялық құралдардың көмегімен, тең құқылық, мемлекеттердің егемендігі мен жерінің біртұтастығын құрметтеу және мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау принциптеріне, сондай-ақ күш қолданудан немесе күш қолданатыны туралы қорқытып-үркітуден бас тартуға негізделуі тиіс екендігін атап өткен.

ШЫҰ-на мүше мемлекеттер Сириядағы дағдарысты бұл елдің егемендігін сақтай отырып сириялықтардың өздері шешуі тиіс деген ұстаным білдірген. Олар Сириядағы зорлық-зомбылықты тезірек тоқтату қажеттігін айта отырып, 2012 жылы 30 маусымда қабылданған Женева коммюникесі негізінде билік пен оппозиция арасындағы кең көлемді саяси диалог ешқандай алғышартсыз басталуы керек деп санайды.

ШЫҰ-на мүше мемлекеттер Сириядағы ахуалды қалпына келтіру және татулық орнату үшін халықаралық конференция шақыру жөніндегі күш-жігерді қолдайтынын білдірген.

Сонымен бірге ШЫҰ-ның бейбіт тұрғындарға қарсы терроризм мен зорлық-зомбылықтың кез келген түрін, әсіресе діни және ұлттық негіздегі күш көрсетуді табанды түрде айыптайтыны, Сириядағы ішкі дағдарыстан соғыс отын өршітуге бағытталған заңсыз іс-әрекеттерге қарсы екендігі айтылған.

ШЫҰ-на мүше мемлекеттер Сирияның химиялық қару-жарағын халықаралық қауымдастықтың бақылауына беру және содан кейін жою, сондай-ақ бұл елдің химиялық қаруды әзірлеуге, өндіруге, жинауға және қолдануға тыйым салу конвенциясына қосылуы туралы бастамаға қолдау танытқан.

Бішкек саммитіне ШЫҰ-на мүше алты мемлекет – Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанның президенттері, сонымен бірге ұйымға бақылаушы мәртебесі бар Ауғанстан, Иран, Пәкістан, Моңғолия мен Үндістан, диалог бойынша серіктес елдер – Түркия, Беларусь және Шри-Ланка, «арнайы шақырылған тарап» ретінде Түркіменстан өкілдері қатысты.

ШЫҰ-на мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің келесі отырысы 2014 жылы Тәжікстан астанасында өтеді.
XS
SM
MD
LG