Accessibility links

Өзбек президенті еңбек мигранттарын айыптады


Өзбекстан президенті Ислам Каримов. Мәскеу, 15 сәуір 2013 жыл.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов. Мәскеу, 15 сәуір 2013 жыл.

Ислам Каримовтың сыртта жүрген еңбек мигранттарын «жалқау» деп күстаналап, «Өзбекстанда қайыршылар қалмады» деген мәлімдемесін естіген халық не жыларын, не күлерін білмеді.

Елдің экономикасы Ресейде еңбек ететін мигранттарға қатты тәуелді болып тұрған шақта Өзбекстан президентінің шетелге барып еңбек ететіндер мен көше қайыршыларын сынаған пікіріне халқы таң қалды.

«МИГРАНТТАРЫ ЖАЛҚАУ, ҚАЙЫРШЫСЫ ЖОҚ ЕЛ»

20 маусымда Жизақ және Сырдария облыстарын аралаған Ислам Каримов жергілікті фермерлермен, шенеуніктермен кездесіп, Өзбекстанның экономикалық жетістігін мақтады. Бірақ басқа елде еңбек етіп, ел экономикасына қомақты үлес қосып жүрген мигранттар туралы жақсы пікір айтпады.

Алдымен мигранттарды сөккен президент оларды «жалқау» деп атады. Біраздан соң елдегі қайыршыларға шүйлігіп, олардың «жоғалып кеткенін» айтты. Мемлекеттік телеарна түсірген бейне көріністе жергілікті шенеуніктердің Ислам Каримовтың дәлелсіз мәлімдемесін салтанатты түрде тыңдап отырғаны көрсетіледі.

ВИДЕО: Ислам Каримов: Мәскеуде көше сыпыратын өзбек - жалқау
Ислам Каримов: Мәскеуде көше сыпыратын өзбек - жалқау
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:11 0:00

– Қазіргі Өзбекстанда жалқаулар да кездеседі. Жалқау деп Мәскеудің көшесін сыпырып жүргендерді атап тұрмын. Бір тілім нан үшін сол жаққа кеткен өзбекті көргенде жиіркеніп кетесің, – дейді өзбек басшысы.
Бір тілім нан үшін сол жаққа кеткен өзбекті көргенде жиіркеніп кетесің.

Өзбекстан президенті мұнымен де тоқтамады. Ташкентте еңбек етіп жүргенде демалыс күндері Ески Жува маңындағы қайыршыларды тамақтандыратынын еске алды.

– Бірде соларды тексеруге бардым. Қазір шам алып іздесеңіз де, ол жерден бір тіленші таппайсыз, – деді ол.

Президент Каримовтың айтуынша, «адамгершілік қасиет олардың тілемсектенуіне жол бермейді». Алайда президент келер алдында жергілікті билік өкілдері облыстың түкпір-түкпірін ондай жандардан тазалап қоятыны бесенеден белгілі.

Ислам Каримовтың мәлімдемесінен бірнеше күн өткен соң, 25 маусым күні Азаттықтың Өзбек қызметінің тілшісі полицейлердің Ташкент базары маңындағы
Әлеуметтік желілерде жарияланған сурет. Өзбекстанда қайыр сұрап отырған бала. 25 маусым 2013 жыл.
Әлеуметтік желілерде жарияланған сурет. Өзбекстанда қайыр сұрап отырған бала. 25 маусым 2013 жыл.
қайыршыларды қудалап жүргеніне куә болды. Президенттің дәйексіз пікіріне күйінген кей өзбектер Facebook пен Twitter-ге қайыршылардың суретін салып қойды. Басқалары оның сөзін күлкіге айналдырды. «Каримов дұрыс айтады. Бізде қайыршылар қалмады. Ешкім садақа бермегендіктен олар Ресейге кетіп қалды» деп жазады бір тұрғын».

ЖҰМЫССЫЗДЫҚ, КЕДЕЙШІЛІК ЖӘНЕ ...ТӘКАППАР ПРЕЗИДЕНТ

Өзбекстанның экономикасының біраз бөлігі мигранттардың Ресейден аударатын қаржысына тәуелді. Тек ресми банк аударымдарын ғана тіркейтін Ресей орталық банкінің дерегі бойынша, 2012 жылы мигранттар Өзбекстанға 5,7 миллиард АҚШ доллары шамасында қаржы аударған. Бұл – Өзбекстан экономикасының 16,3 пайызын құрайтын сома. Бұған еңбек мигранттарының өздерімен бірге апаратын сомасы кірмейді, сондықтан нақты көрсеткіш әлдеқайда жоғары болса керек. Ресейде еңбек ететін 10-12 миллион мигранттың (оның дені Орталық Азиядан) көбі заңсыз жолмен ақша тауып жүр. Мигранттарды пайдалану, кемсіту, тіпті нәсілдік тұрғыда шабуылдау оқиғалары да кездеседі.

Өзбекстан мен Ресейдің қарым-қатынасы шиеленісіп тұрған шақта президент Каримов ел экономикасының Ресейге тәуелді екенін жақтырмайтынын талай рет байқатты.
Ресейде жүрген өзбек мигранттары. Нижний Новгород, 25 шілде 2012 жыл.
Ресейде жүрген өзбек мигранттары. Нижний Новгород, 25 шілде 2012 жыл.
Бірақ жұмыссыздық пен кедейшілік жайлаған ел үшін ауыр мәселе – мигранттар туралы пікірін алғаш рет білдірді. Осы жылдың басында Ислам Каримов өзбектердің шеттен жұмыс іздейтінін «ұлтың абыройын төгу» деп атаған еді. Мәскеуде аула сыпырушы болып жүріп қаза тапқан өзбек мигрантының тағдыры сол пікірге себеп болған.

Билік өкілдері еңбек мигранты ретінде шетелге аттанатын жастарды тоқтатуға тырысып жатыр. Ата-аналар мен аймақ басшылары «оқушылардың орта мектепті бітіруіне жауаптымыз» деген құжатқа мәжбүрлі түрде қол қойғандарын Азаттықтың Өзбек қызметіне айтты. Олар қой қоймаған жағдайда «жақсы білім мен тәрбие бере алмады» деген айыппен әкімшілік кодекстің 47-бабы бойынша жауапқа тартылады.

ВИДЕО: "Өзбек "жалқауларының" президенттеріне арнауы" - Ислам Каримовтың сөзіне орай айтылған мысқыл
(видеоны Азаттық оқырмандары жолдаған)

Өзбек "жалқауларының" президенттеріне арнауы
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:12 0:00

Азаттық тілшілері Әлішер Сыдықов пен Диана Кьюканың мақаласын аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG