Accessibility links

Олимпиада тарихындағы оғаш оқиғалар


Олимпиада талисмандары Венлок пен Мандевиль Хитроу әуежайында қонақтарды қарсы алып тұр. Лондон, 23 шілде 2012 жыл
Олимпиада талисмандары Венлок пен Мандевиль Хитроу әуежайында қонақтарды қарсы алып тұр. Лондон, 23 шілде 2012 жыл
Олимпиада ойындарында спортшылардың кейбірі допинг дауына ілігіп, жүлделерінен айырылса, енді бірі төрешілерге наразылығын білдіріп, дүйім жұрттың көзінше медалін жерге атып ұрған.

Дүрілдеген мастар, қылыш сермескен, анайы қылықтар жасап, даурыққан жұрт. Қазіргі олимпиаданы бұлай елестете алмасақ та, заманында олимпиаданың ұмытылмас қызығы осында еді.

Бірақ әлі де әлдеқайдан құйылып жатқан арақтың дыбысы шықса, Ресей командасы еске түседі.

РЕСЕЙ СПОРТШЫЛАРЫНА АРАҚ ІШУГЕ БОЛМАЙДЫ

Мамыр айында Ресей үкіметі өз команда мүшелеріне, спортшыларға, бапкерлерге Лондон олимпиадасы кезінде алкогольдік ішімдік ішуге тыйым салды.

Ванкувер олимпиадасында Ресей құрамасына бар болғаны 14 медаль бұйырған еді. Кейін командадағы кей спортшылар Канадаға барғанда алкогольді сусындарды ішкені белгілі болды. Команда бензин құятын екі бөшкеге виски мен арақ құйып апарған.
Ресейдегі ішімдікке қарсы акция. Көрнекі сурет
Ресейдегі ішімдікке қарсы акция. Көрнекі сурет

Осы жайттан кейін Ресей үкіметі спортшылардың арақ ішуіне тыйым салған.

Ал Австралия командасындағы екі жүзгіш Ник Д'Арси мен Кенрик Монкты жарыс біткен күні-ақ елдеріне қайтарды. Оған спортшылардың Facebook желісінде жарияланған суреттері себеп болған. Екі атлет әлеуметтік желіге қару ұстап тұрған фотоларын жариялаған. Осы жайттан кейін Австралия үкіметі «спортшылар өз жарыстарын аяқтаған күні елге оралсын» деген шешім шығарыпты.

ИЗРАИЛЬГЕ ҚАРСЫЛЫҚ

Олимпиада ойындарының тарихында оғаш оқиғалар көп кездеседі. Мәселен, 2004 жылғы Афина олимпиадасында ирандық дзюдошы Араш Миресмэйли жарыс алдында тәбетін тыя алмай, артық салмақ қосып алған. Салмағы ауырлап кеткен спортшы кейін жарыстан шеттетілді. Ал Миресмэйлидің өзі бұл әрекетін «қарсылық шарасы» ретінде бағалап, Израиль елінің дзюдошысымен кездеспеу үшін жасағанын айтты.

1980 жылы Мәскеу олимпиадасында чемпион атанған польшалық сырықпен секіруші Владислав Козакиевич стадионға жиналған жанкүйерлердің наразылығына ұшыраған. Ол СССР спортшысы Константин Волковты қолдауға келген жанкүйерлерге сұқ саусағын көрсеткен. Кейін осы қылығы үшін СССР үкіметі спортшының алтынын тартып алуға әрекеттенгенімен, нәтиже шықпады.
Совет спортшысы Борис Онищенко. Монреаль, 19 шілде 1976 жыл
Совет спортшысы Борис Онищенко. Монреаль, 19 шілде 1976 жыл

1976 жылы Монреаль олимпиадасында совет спортшысы Борис Онищенко жарыстан шеттетілді. Қазіргі бессайыс спорты бойынша сынға түскен спортшы «алаяқ» деп айыпталды. Бессайыстың бағдарламасына енетін семсерлесу бағдарламасында Онищенко барлық қарсыластарын ұтып, соңғы кездесуде британдық Джереми Фокспен кездесуге шыққан еді. Оның қолындағы қылышы қарсыласына тимей жатып, ағылшын спортшысының үстінде орналасқан лампа жанған. Бұл лампа қылыш спортшыға тиген де ғана жануы тиіс. Кейін төрешілер Онищенконың қолында лампаны жандыратын арнайы құрылғының бар екенін анықтаған. Спортшының бұл қылығы үшін СССР бессайыс құрамасы толық жарыстан шығарылды.

АТЫШУЛЫ ДОПИНГ ДАУЫ

Кейбір олимпиадашылар допинг дауына ұшырап, жүлделерінен айырылды. 1988 жылғы Сеул олимпиадасында канадалық спринтер Бен Джонсон алтын жүлдесін қайтарып берді. Оның қанынан рұқсат етілмеген дәрі табылды.

1998 жылы Нагано олимпиадасында сноубордтан олимпиада чемпионы атанған канадалық Росс Ребэглиати де алтынынан айырылды. Спортшы жарысқа шығар алдында марихуана шегіп алып ұсталды. Алайда кейін чемпион өз алтынын қайтарып алды. Себебі қолдануға тыйым салынған допингтердің тізімінде марихуана болмаған. Бұл жағдайдан кейін халықаралық допинг орталығы марихуананы «қолдануға болмайтын препараттардың» қатарына қосты.

ТӨРЕШІЛЕРГЕ ҚАРСЫЛЫҚ

2008 жылы Бейжің олимпиадасында қола жүлде алған швециялық балуан Ара Абрахамян марапаттау кезінде медалін еденге атып жіберіп, жүлдеден бас тартты. Ол осылайша «жартылай финалда төрешілер италиялық Андреа Мигуцциге көмектесті» деген наразылығын білдірді.
Қола жүлдеден бас тартып кетіп бара жатқан швед балуаны Ара Абрахамян. Бейжің, 14 тамыз 2008 жыл
Қола жүлдеден бас тартып кетіп бара жатқан швед балуаны Ара Абрахамян. Бейжің, 14 тамыз 2008 жыл

Кейін Халықаралық олимпиада комитеті спортшыны осы қылығы үшін олимпиададан шеттетіп, жүлдесінен айырды. Ал балуан бұл әрекетіне еш өкінбейтінін айтты.

1998 жылы Нагано олимпиадасында АҚШ хоккейшілерін қылмыстық топ тонап, соққыға жыққан. Осы оқиғадан кейін америкалық біраз хоккейші жарақаттанып, жарысқа қатысудан бас тартты.

Бұлар - олимпиада тарихында болған күтпеген оқиғалар. Лондон олимпиадасында алдымыздан қандай қызықтар шығады екен?
XS
SM
MD
LG