Accessibility links

"Алматы облысы Шеңгелді елді мекенінде жер дауы ушығып тұр" дейді депутат Уәлихан Қалижанұлы


Маусым айының 4-күні өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Уәлихан Қалижанұлы өзі сайланған Алматы облысы Шеңгелді елді мекенінде жер үлестерін бөлу кезінде заңсыздықтарға жол берілгенін айтып, Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Рашид Түсіпбековке депутаттық сауал жолдады.

Жер дауы, ұлт дауына айналып барады, деп еліндегі әкімдердің қолымен істелініп отырған заңсыздықтарды айтып, Шеңгелді ауылының бір топ ақсақалдары депутат Уәлихан Қалижанға хат жолдайды.

Шеңгелді ауылының 4 мыңға жуық суармалы жері бар екен. Оның 1487 гектарын 2001 жылы ауыл еңбеккерлерінің игеруге күші жетпейді деп, жергілікті басқару органы “Тұмар” деген фирмаға жалға береді. Осы жерді алған Ли Олег деген азамат ешкімнің келісімінсіз 49 жылға пайдалануға мемлекеттік акт жасатып алып, енді ол жерді “Матай” деген фирмаға жалға беріп, белгілі процентін өзі алып, пайдаланып келеді екен.

Ал осы ауылдың жаңадан тағайындалған Әміров деген әкімі 2370 гектар жердің 30 пайызын “Наурыз” атты фирмаға 49 жылға жалға берген. Оның ішінде 210 адамның 438 гектар жері, ауыл мұғалімдеріне, дәрігерлерге, басқа қызметкерлерге беріледі деп, резервте сақталған 237 гектар және кезінде үлес қағаздарын ала алмай қалған 120 еңбеккердің 134 гектар жері картаға сызылып түсіріліп “Наурыздың” меншігіне 49 жылға өтіп кеткен дейді Уәлихан Қалижан.

Депутаттың айтуынша, 3855 гектар суармалы жерді игеруге еңбегі сіңген жергілікті халық 2300 гектарынан, яғни 60 пайызынан артық жерінен айрылып қалып отыр. Өз жерлерін қайтаруды талап еткен ауыл ақсақалдарының арыз хатына орай депутат Уәлихан Қалижан Бас прокурор Рашид Түсіпбековтен жер үлестерін әртүрлі фирмаларға жалға берудің заңға сәйкестігін тексеріп, шара қолдануын сұрады.
XS
SM
MD
LG