Accessibility links

Бюджет кодексінің жобасын таныстыруға арналған конференция


Дүйсенбі күні түстен кейін Қазақстан Парламентінде республиканың Бюджет кодексінің жобасын таныстыруға арналған конференция өтті. Бұл жобаны республиканың экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі дайындап, мамыр айының соңында Парламент депутаттарының қарауына ұсынған болатын. Сондай-ақ, осы жобаны әзірлеуге Қазақстанның Ұлттық банкі, республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті мен Әділет және Қаржы министрліктері де қатысқан.

Бюджет кодексінің жобасында бұған дейін заңмен реттелмеген бірқатар тың өзгерістер бар. Атап айтқанда, бюджеттік қарым-қатынастарды және республикалық бюджеттен бастап ең төменгі аудандық деңгейге дейін елдегі бюджет жүйесінің барлық деңгейлері арасындағы түсімдер мен шығыстарды бөлудің нақты қағидалары белгіленген.

Жиында сөйлеген сөзінде Қазақстанның экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Қайрат Келімбетов алдағы жылға арналған Қазақстанның республикалық бюджеті қолданыста жүрген «Бюджет жүйесі туралы» заңның негізінде жасалатынын айтты. Ал, одан кейінгі, яғни 2005 жылдың республикалық бюджетінің жоспары осы қаралып отырған Бюджет кодексінің жобасы негізінде әзірленбекші.

Министрліктің бюджеттік саясат және жоспарлау департаментінің бастығы Бақыт Сұлтановтың айтуынша жобаны дайындау барысында басқа елдердің осы тәріздес заңдамалары назарға алыныпты. «Кодексті жазғанда Ресейдің заңдарын ескердік, себебі бізде олармен ұқсас жақтар бар. Барылқ баптар бойынша жергілікті жерлерден, мемлекеттік органдарынан әлі де ұсыныстар түсіп жатыр. Жыл аяғына дейін басқадай толықтырулар енгізілуі мүмкін» дейді Б.Сұлтанов

Парламент Мәжілісінің қаржы және бюджет жөніндегі комитет төрағасы Қаратай Тұрысовтың пікірінше, бұл жоба Қазақстан қоғамын демократияландырудың жарқын мысалы болмақ.

«Біз ең алдымен саяси емес, экономикалық реформаларды жүзеге асыруымыз керек. Осындай маңызды реформалардың бірі бюджет саласына қатысты жүргізілмек. Тек сонан кейін ғана саяси реформаларды қарастыруға болады» дейді Қ.Тұрысов.

Қазақстанның Бюджет кодексінің жобасына сараптама жүргізген халықаралық ЮСАИД қорының мамандары болса жобада бірқатар мәселелердің айқындалмай отырғанын атап көрсетеді. Олардың қатарында Ұлттық қордағы қаржының бюджеттен тыс мақсаттарға жұмсалуы мүмкін екендігі, Қордың жұмысы сыртқы аудиторлардың сарабына жатпайтындығы, бюджетаралық қатынастарда ауылдық деңгей қарастырылмағаны және бюджеттік саясатта жариялылықтың әлі де болса жеткіліксіздігі айтылған. Бюджет кодексінің жобасы биылғы жылдың аяғына дейін Парламентте қаралатын болады.

Таңертеңгілік хабарымызды мәдениет жаңалықтарымен жалғастырамыз. Қостанайдың Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармониясының өнерпаздары жақында көршілес Ресей елінде өткен өнер сайысынан жүлделі оралды. Енді бұл жайлы толығырақ Қостанайлық тілшіміз Ақылбек Қожаұлынан естисіздер.
XS
SM
MD
LG