Accessibility links

Соңғы кездері ауа райы неге сонша құбылмалы боп кетті?

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Ғаламдық жылымық жөнінде әлем ғалымдарының әлі күнге дейін бір тоқтамға келе алмай отырғаны белгілі. Алайда соңғы әзірде ауа райында күрт өзгерістердің болып жатқаны туралы екінің бірі әңгімелей бастады.

Мұндай құбылыстар жөнінде халықаралық зерттеу ұйымдары не дейді?

БҰҰ жанындағы Әлемдік метеорология ұйымының айтуынша, өткен апталарда жер шары бойынша ауа райының үлкен жылдамдықпен құбылмалылыққа душар болуы климаттың күрт өзгерістерге ұшырағанына дәлел болып отыр. Женева қаласында орналасқан осы ұйымның мәліметтеріне қарағанда, өткен маусым айы аса жоғары және тым төмен температуралы ауа райының өзгеруі бойынша нағыз рекордты мезгіл болған екен.

Алдағы айларда да мұндай оқыс өзгерістер жиі байқалуы мүмкін-, дейді ғалымдар. Сол мәліметтерге қарағанда, ауа райының құбылмалылығы бұған дейін де, әр жылда дерлік орын алып отырған екен. Алайда оның ең биік шыңы соңғы жылдарда ғана байқалса керек. Әлемдік метеорология ұйымы 185 елден ауа райының оқыс өзгерістері жөнінде мәлімет жинақтаған екен.

Соның қорытындысында ең құбылмалы ай ретінде өткен маусым айы анықталған. Осы аталған ұйым жанындағы Әлемдік Климат бағдарламасының директоры Кен Девидсон Азаттық радиосы тілшісіне берген сұхбатында былай деген еді. “Маусым айы барысында оңтүстік Франция және шығыс Францияда ауа райы Целси өлшемі бойынша 40 градус ыстықтан да жоғары деңгейге көтеріліп кетті. Бұл- өте жоғары көрсеткіш.

Мұндай жағдай Швейцария мен Италияда да орын алды. Швейцариядағы маусым айының шамадан тыс ыстық болуы соңғы 250 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш болып отыр-, деді Девидсон мырза өз сөзінде. Егер ауа райының құбылмалылығы осы күйінде сақтала берсе, онда 2003-ші жыл әлемде орын алған ең рекордты жыл болмақшы-, дейді ғалым.

Бұдан бұрынғы 1998, 2001 және 2002-ші жылдар да дәл осындай аса ыстық мезгілдер болған екен. 20-шы ғасырда температураның өзгерісі бар болғаны 0,6 градус деңгейінде ғана болған. Ал, 1990-шы жылдан кейінгі кезеңде аса ыстық 10 жыл белгіленіп отыр. Осы сипатталған өзгерістер ғалымдар арасындағы дау-дамайды одан әрі өрістете түскендей.

Бұдан бұрынғы осындай айтыс-тартыстар көптеген економикалық және саяси келісімдерге қол қоюлар барысында саябырсып қалатын. Әлемдік жылымық өнеркәсіптерден бөлінетін улы газдардың кесірінен болуда,- деген тұжырыммен 1997-ші жылы Киота қаттамасына қол қойылған болатын.

Дей тұрғанмен, БҰҰ-ның бастамасымен қабылданған осы қаттамаға қазірге дейін бірнеше елдер ғана қол қойып отыр. Ал, кейбір ғалымдардың пікірінше, ауа райының бұлайша өзгеруі климаттағы қалыпты құбылыстарға байланысты болса керек-, дейді Азаттық радиосы жаңалықтар бөлімінің тілшісі Чарлз Рекнейгл өз мақаласында.

Қалай болғанда да, мұндай аса қатты жылдамдықпен орын алып отырған өзгерістер адамдар денсаулығы мен өміріне кері әсерін тигізуде. Ондай өзгерістер, яғни су тасқындары мен дауылдар мыңдаған адамдар өмірі мен миллиардтаған доллар қаржыларды алып кетуде. Девидсон мырзаның айтуынша, соңғы 15 жыл көлемінде орын алған өзгерістер алдағы уақытта да аса жоғары жылыну мен тым төменгі суықтыққа дейін оқыс өзгерістердің болуы мүмкіндігіне мегзеп отырғандай.

“Осы себепті де,- дейді ғалым-,Әлемдік Метеорология ұйымы және оның әр түрлі елдердегі бөлімшелері халықты қауіпті апаттардан және қолайсыз ауа райларынан сақтандыру үшін зерттеулерін одан әрі жалғастыруда”.
XS
SM
MD
LG