Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылымдарда “Солдат” газетінің тағдыры, Ғалымжан Жақиянов пен белгілі журналист Гүлжан Ерғаливаның сұхбаты және тағы да басқа рухани, мәдени мәселелерге қатысты мақалалар жарық көрген.

Қазақстанда жиырма беттен тұратын “Дала мен қала” деп аталатын жаңа басылым дүниеге келді. Газетті шығаруға “Отан” партиясы мұрындық болып отыр. Таралымы он мың дана.

“Дала мен қала” газетінің бірінші санында Айдос Серікбайдың “Сеңге соғылған ауыл: кеше және бүгін”, Әлішер Дулатидың “Ұлттық элиталар”, Құралай Жұмаділованың “Арал теңізі қайта жандана ма?” және тағы да басқа танымдық мақалалар жарық көрген.

Газеттің алтыншы бетінде Әсия Ақышеваның “Кедейліктен қашан құтыламыз” деп аталатын проблемал ық мақаласы жарық көрген. Мақала авторы келтірген деректерге сүйенсек, Қазақстандағы кедейлік деңгейі 2001 жылы 30 процентті құраған.

“Республикада соңғы жылдары кедейлік деңгейі белгілі дәрежеде төмендегенімен, әлеуметтік сектордағы жан басына шаққандағы шығындар көлемі төмен күйде қалып отыр. Қазақстан халқы, әсіресе оның кедей бөлігі, әлеуметтік қызметтерді өзгелермен тең дәрежеде пайдалана алмайды” дейді мақала авторы.

Ал, осы газетте жарық көрген Әлішер Дулатидың “Қажылық: харам ой қамындағылар оны қалай пайдаланады” деп аталатын мақаласында, соңғы жылдары коммерсант қажылардың көбейіп кеткендігі тілге тиек етілген. Мақала авторының айтуынша, Ирак шекарашылары Сауд Аравиясымен шекара үстінде дағыстандықтар әкеле жатқан үш тонна бал, бірнеше мың қой терісі мен басқа да тауарларды ұстаған. Меккеден әкелінген қасиетті зәмзәм суын оның шипалық қасиетіне шүбәсіз сенетін науқас адамдарға тамшылып сатқан жағдайлар да кездескен.

“Ана тілі” апталығының кезекті №27 (656) санында Нұрлыбек Саматұлының “Прокурлар тілдің жайын ойлай ма екен” деп аталатын бас мақаласы жарық көрді. Мақала авторы өз мақаласында мемлекеттік тілдің өз дәрежесінде орындалу сыңайын тексеру мақсатында, облыс прокурорларына екі сауал қойған. Ал, газеттің бесінші бетінде Қызылорда облысы прокуроры, аға әділет кеңесшісі Зарлық Лақпаев, Қостанай облысының прокуроры, аға әділет кеңесшісі Әмірхан Аманбаев, Атырау облысының прокуроры Рахымбет Мамырбаев, Алматы облысы прокурорының міндетін атқарушы, аға заң кеңесші Серік Тұрсынов газет тарапынан қойылған сауалдарға жауап берген.

“Саясаттар тоғысында” айдарымен, газеттің үшінші бетінде белгілі журналист Мырзан Кенжебайдың “Үнқағаздар кімдікі” деп аталатын мақаласы жарық көрді. Мақала авторы соңғы жылдары орыс тілді бұқаралық ақпарат құралдарының “ислам террористері” деген сөзді желеу етіп, ашықтан-ашық исламға қарсы шабуылға көшкендігіне тоқталған.

Сонымен қатар осы аптада “Жұлдыз” журналының алтыншы саны оқырмандардың қолына тиді. Журналда жазушылар Қадыр Әлімқұловтың “Қарғатайым” атты хикаяты мен Тұрысбек Сәукетайдың “Желқайық” романының жалғасы, ақындар Ғалым Жайлыбайдың, Оразақын Асқардың, Қорғанбек Аманжоловтың өлеңдері және тағы да басқа қаламгерлердің рухани-мәдени тақырыпқа арналған мақалалары жарық көрген. “Әдеби мұра” айдарымен жазушы Бегділдә Алдамжаровтың “Балқы Базар” атты мақаласы берілген.

“Экспресс К” газетінің 12 шілде күнгі санында Алексей Баницкиннің “Теңіз мұнайы», Сергей Туниктің “Екі жерде екі секілді”, Әсем Тоқаеваның “Ұстау және залалсыздандыру” және тағы да басқа редакция қызметкерлері мен авторлардың мақаласы жарық көрген.

Газеттің бесінші бетінде “Саясаттан өзгенің бәрі” деп аталатын Болат Асқарбековтың көлемді мақаласы орын алған. Мақалада оппозиция өкілі Әміржан Қосанов пен “Солдат” газетінің бас редакторы Ермұрат Бапидың мәселесіне байланысты тергеу жұмысы жөніндегі Алматы қалалық қаржы полициясы департаментінің бастығы Қайрат Қожамжаров түсініктеме берген.

“Ермұрат Бапи мен Әміржан Қосановқа қатысты расында да қылмыстық іс қозғалды. Бірақ қылмыстық іс олардың партияға қатыстылығына байланысты қозғалып отырған жоқ. Аты аталған екі азамат та салық төлуге және бухгалтерлік есеп-қисап жүргізуде көптеген заң бұзушылықтарға жол берген. Бұл азаматтар аталмыш оқиғаны “саяси тапсырыс” деп, неше түрлі жолмен қорғануға әрекет жасап жүр. Менің білуімше біздің елімізде Қазақстан Республикалық Халық Партиясы деген партия атымен жоқ. Бұл партия мемлекеттік тіркеуден өткен жоқ” дейді Қайрат Қожамжаров.

Ал, бұл мәселеге байланысты орыс тілінде шығатын “Сөз” тәуелсіз апталығының кезекті санында “Солдат” газетінің бас редакторы Ермұрат Бапимен жүргізілген сұхбат жарық көрді.

Ермұрат Бапидың айтуынша, “Солдат” газетін қудалауда саяси мақсаттан өзге ештеңе жоқ.

“Солдат” шыққанан бері құқық қорғау орындарының қызметкерлері газетімізді себептен-себепсіз талай рет тәркіледі. Басылымдарды тарататын “Қазбаспасөз” бен “Дауыс” акционерлік қоғамдарына бізбен қызмет етуге жоғарғы жақтан тиым салынғандықтан, олар бізден ат-тонын ала қашты. Біздің газетімізді екі рет белгісіз біреулер тонап кетті, қызметкерлеріміз соққыға жығылды. Түрлі-түрлі кедергілердің кесірінен, біз 2000 жылы газеттің бар-жоғы он сегіз санын ғана шығардық. Осы он сегіз саны үшін ғана біз мемлекеттің бюджетіне 11 миллион теңге төлеуге тиіс екенбіз. Ең қызықтысы біздің газет шыға бастағаннан бері ешқандай пайда тауып отырған жоқ, қайта шығынға белшесінен батып келеді” дейді Ермұрат Бапи.

Газеттің үшінші бетінде белгілі журналист Гүлжан Ерғалиева мен бүгінгі таңда түрмеде жазасын өтеп жатқан Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысының басшысы Ғалымжан Жақияновтың сұхбаты жарық көрген.

“Мен Мұхтар Әблязовтың бостандыққа шыққаны үшін өте қуаныштымын. Оппозицияны тезірек түрмеге отырғызуға асыққан билік, енді жолын тауып оны қалай түрмеден шығарарын білмей басы қатып жатыр. Күндердің-күнінде саяси партиялар туралы биліктің заңы да өзіне қарсы жұмыс жасауы ықтимал. Қалай болған күнде де билікке Еуропарламенттің талабын орындауға тура келеді. Егер де билік ол талапты орындаудан қашқалақтаса, Еуропамен қарым-қатынас үзіледі” дейді Ғалымжан Жақиянов. Ғалымжан Жақияновтың пайымдауынша, алдағы уақытта Қазақстан мемлекетінің саяси өмірінде елеулі өзгерістер болады, және оны ешқандай да саяси репрессиялар тоқтата алмайды.

“Новое поколение” апталығының кезекті №27 (267) санында Ольга Медведьеваның “Империяның ақыры”, Талғат Қалиев пен Сергей Обломовтың “Кезекті демалысты тоқтата тұруға тура келеді” және тағы да басқа саяси, рухани, танымдық мақалалар жарық көрген.

Газеттің бірінші бетінде Қазақстан журналистер конгресінің, Қазақстан Журналистер Одағының, Қазақстан телерадиотарату ассоциациясының Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдаған ашық хаты берілген.

Ашық хатты жазушылар, қаржылық тұрғыдан тәуелсіз болу кез-келген бұқаралық ақпарат құралының негізі екендігін тілге тиек етіп, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан бұрынғы заң нормаларының сақталып қалуын өтінген.
XS
SM
MD
LG