Accessibility links

Қазақстанның сыртқы істер министрі мен АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі терроризммен күрес мәселесін талқылады


Қазақстанның сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев қыркүйектің 3-і күні кешкісін Алматыда АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Ларри Нэпперді қабылдады.

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ақпарат және талдама басқармасынан қыркүйектің 4-і күні хабарлады. Американың елшісі терроризммен күрес саласындағы, атап айтқанда, Ирактағы Наджаф қаласында орын алған террорлық әрекетке байланысты АҚШ-тың ұстанымы туралы хабардар етті. Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы өз сөзінде, бұл террорлық іс әрекетті Қазақстан Республикасы айыптайтынын мәлімдеді. Қ.Тоқаев бұл террорлық әрекеттің “Ирактағы бейбіт құрылыс үрдісіне үлкен кедергі болуы мүмкін екендігіне” алаңдаушылығын білдірді.

Қ.Тоқаев пен Л.Нэппер қазақстан-американың ынтымақтастығының ағымдағы мәселелерін талқылап, келелі халықаралық проблемалар жөнінде пікір алысты.

Қ.Тоқаев сол күні сондай-ақ, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының Алматыдағы орталығының басшысы Антон Рупникті қабылдады. Кездесу барысында сайлау заңнамасын, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнамаларды жетілдіруге бағытталған диалогтың пайдалылығы мен тиімділігі ерекше атап көрсетілді. Кездесуге қатысушылар Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы ынтымақтастық, оның ішінде қауіпсіздік саласындағы, Орталық Азия аймағының проблемаларын шешудегі және аймақтық жобаларды жүзеге асырудағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілік білдірді.
XS
SM
MD
LG