Accessibility links

Германия Ирақты қайта қалыпқа келтіру ісінде жариялылық болғанын қалайды.


АҚШ президенті Джордж Буштың Ираққа бітімгерлік жасақ беру жәйлі үндеуіне Германия селқос үн қатты. Германия Ираққа ізгіниет жәрдемін беруге даяр, алайда әскер жіберуге әзір емес.

Оппозиция болса Германия БҰҰ-ның Ирақ жөніндегі жаңа қаулысы нені шешсе соған бағынуы керек деп біледі. Енді С.Е. дайындаған хабардан бұ жәйлі толығырақ мағлұмат аласыздар.

Дүйсенбі күні Берлинде сөйлеген сөзінде Германия сыртқы істер министрі Йошка Фишер Германия Ираққа ізгниет жәрдемін беруге даяр, алайда Ираққа бітімгершілік жасағын аттандырмақ жоспары жоқ деді. Содан кейін Иошка Фишер Ирақта БҰҰ негізгі рөлді ойнауы керек деген Германия көз-қарасын білдірді:

"Біз Ирақтағы құрылыс жобаларына қатысуға әзірміз. Алайда бізде Ираққа әскер енгізу жәйлі жоспар мүлдем жоқ".

Дүйсенбі күнгі мәлімдемесінде Йошка Фишер Ираққа Германия қандай ізгіниет жәрдемін жасағалы отырғанын тәптіштеп айтпады. Алайда, Ирақ сыртқы істер министрлігі қызметкерлерінің айтуынша Германия Ирақ полициясы мен әскерін Германияға алдыртып жаттықтырып беруді қалап отырса керек. Германия бұрын Балкан, мен Ауғанстанның жергілікті күштерін жаттықтыруда тәжрибе жинағаны бар. Белгілі болғанындай Германияның Ираққа бітімгершілік жасақтарын жібере алмай отыруы Германия халқының басым көпшілігінің Ираққа қарсы соғысты қолдамағандығынан көрінеді. Оппозициялық Христиан Демократиялық партиясы болса үкіметтің Ираққа әскер жібермеуін сынға алды. Аталмыш партияның бір өкілі Волфганг Шойбле:

"Канцлердің бұл істегені қателік деп білемін. Өйткені біз БҰҰ-ның Ирақтағы рөлін күшейтеміз де оған жәрдем бергіміз келмейді."

Тағы бір оппозиция өкілі Фридберт Пфлюгер "егер БҰҰ-ның мандатымен НАТО Ираққа әскер кіргізер болса онда біз ыңғайсыз жағдайда қалмаймыз ба" дейді. "Осыған дейін НАТО – ның бір негізгі мүшесі болып келген Германияның Ираққа барудан бас тартуы саяси тұрғыдан келеңсіздік тудырар еді" дейді бұл оппозиция өкілі. Өткен аптада Германия канцлері Герхард Шредермен Франция президенті Жақ Ширақ АҚШ –ның Ирақ бойынша БҰҰ-на ұсынған қаулысын теріске шығарды. Олар Ирақта негізгі рөлді БҰҰ ойнауы керек деді. Дегенмен, қаулы жобасы үстінде жұмыстар тоқтаған жоқ. БҰҰ-ның Нию-Йорктегі штаб пәтерінде жүріп жатыр. Оның ішінде Германия дипломаттары да бар. Буштың Ираққа халықаралық бітімгершілік жасақтарын көбірек тарту туралы үндеуіне деген немістердің жалпы көз-қарасын Социял-демократтар өкілі Гернот Ерлердің мына пікірінен де аңғаруға болады:

"Бұл сөзде нақты деректер жоқ. БҰҰ-ның Ирақты қалыпқа келтіруде қандай рөл ойнайтыны туралы да айқын ешнәрсе айтылмаған."

Германия сыртқы істер министрлігінің айтуынша Германия ҚШ ұсынысына сын көзбен қарағанымен ол қаулыны жетілдіру жұмысына БҰҰ-да герман дипломаттары да ат салысуда. Жаңа қаулы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 22 қыркүйек күнгі ашылуына дайын болуға тиіс.
XS
SM
MD
LG