Accessibility links

Мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту амалы

  • Әселім ҚАЛКЕНҚЫЗЫ

Мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту үшін мемлекеттік тілді міндетті түрде білуді талап ететін қызметтер мен лауазымдардың тізімін қалыптастыру қажет.

Қыркүйектің 30-ы күні Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Иманғали Тасмағанбетовтің төрағалығымен Мемлекеттік тілді дамыту мәселесіне арналған Кеңес болып өтті.

Кеңес барысында сөз алған Білім және ғылым министрілігі, Мәдениет, Ақпарат, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің басшылары мемлекеттік тілдің қолдану барысы жайында баяндады.

Мемлекеттік тіл мәселесі әлі күнге дейін өз деңгейіне жете алмай отырғандығы, соның ішінде қазақ тілін қазақтардың өздері үйренуге ынта білдірмейтіні айтылды.

Қазақстандағы министрлік басшылығында отырғандардың жартысынан көбі сәлемдесуін ғана қазақша айтып, қалған сөзін орысша оқуды кәдімгі дәстүрге айналдырып алғалы қашан. Солардың бірі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсова бұл жолы тілін бұрап тұрып қазақ тілінде жазылған баяндамасын оқып берді.

“Іс қағаздар жүргізуде мемлекттік тілдегі үлгілері, салалық терминологиялық сөздік қолданылады. Басқа да шаралар қолданылады. Нәтижесінде орталық аппараттың 30 пайызы мемлкеттік тілді қызмет бабында қолданып жүр. 40 пайызы үйрену үстінде. Бәріміз жұмылсақ ғана мақсатымызға жетеміз. Назарларыңызға рахмет”.

Кеңес барысында Мелекеттік тілді үйренуді міндеттеу керек деген ұсыныс айтылды. Мектептерде қазақ тіліндегі бағдарламалардың сапасын жақсарту керектігі де сөз болды.

Кеңес соңында Мемлекеттік хатшы Иманғали Тасмағанбетов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минстрлігіне мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту үшін мемлекттік тілді міндетті түрде білуді талап ететін қызметтер мен лауазымдардың тізімін қалыптастыруды тапсырды.

Қазақстанның мемлекеттік хатшысы Иманғали Тасмағанбетов:

“Мемлекеттік тіл- кеңсе тілі болмай оның бағы жанбайды ешқашанда. Тілдің қолдану аясын одан әрі кеңейтудің бірден –бір жолы - мемлекеттік тілді міндетті түрде білуді талап ететін қызметтер мен лауазымдардың тізімін қалыптастыру. Сондықтан осы тізімді дереу жасақтап, заң түрінде бекітіп, биыл дайын болатын болса Парламентке тапсыру керек. Келесі жылдың басында бұл тізім бізде болуы керек. Әсіресе әлеуметтік қызмет көрсету органдарында мемлекеттік тілді білетін мамандар аз”.

Ал Білім және ғылым министрлігіне Мемлкеттік тілдің білім және ғылым саласындағы дәрежесін көтеру мәселесі тапсырылды.

Қазақстанның мемлекеттік хатшысы Иманғали Тасмағанбетов:

“Студенттердің басым көпшілігінң мемлекттік тілде білім алуға деген ынтасы төмен. Әсіресе экономика, математика салаларында. Оның бір себебі – оқулықтар орысша, ғылыми әдебиет орысша, мемлкеттік тілде ғылыми әдебиеттер мен оқулықтар жоқтың қасы. Бар болса сапасы сын көтермейді. Бұл жұмысты Білім және ғылым министрі шұғыл түрде қолға алуы тиіс. Физика, химия, биология, экономика тағыда басқа ғылым салалары бойынша әлемдік классикаға айналған ғылыми еңбектер мен оқулықтардың қазақша аудармасын жасау бағдарламасын қалыптастыру қажет. Онсыз біз қазақ тілінде білім беру сапасын да, қазақ тілді ғылымды да дамыта алмаймыз”.

Мәдениет министрлігі облыстар мен қалаларда тіл саясатын жүргізетін органдар қалыптастыру жайында және БАҚ –ғы және көшелердегі сауатсыз жарнамаларға жол бермеу мәселесі туралы тапсырыс алды.

БАҚ-да мемлекеттік тілдің қолдану аясы дұрыс жүргізілмей жатқаны айтылып, түнгі сағат 12-ден кейін ғана қазақ концерттерді күн сайын қайталап беретін телеарналарға сын айтылды. Соған байланысты Ақпарат министрлігіне “БАҚ-ры туралы” заңға өзгеріс енгізу барысында осы мәселені реттеу тапсырылды.

Сөзінің соңында Мемлекеттік хатшы Иманғали Тасмағанбетов барлық облыстарда іс-қағаздармен жұмыс істеуді мемлкеттік тілге толығымен көшіру алдағы 5 жылда аяқталуы керек деді.
XS
SM
MD
LG