Accessibility links

Ауған министрлері солтүстіктегі дала қолбасшыларымен кең тұрғыдағы жоспарды талқылауда.

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Ауған министрлері солтүстіктегі дала қолбасшыларымен кең тұрғыдағы жоспарды талқылауда. Осындай қадамдары арқылы Қарзай өкіметі солтүстіктегі жауығушы топтар арсындағы қантөгіске нүкте қоюды көздеп отыр.

Атыстарды тоқтауға байланысты Мазари-Шарифтегі бақылаушыларға көмектесу үшін ел өкіметі 300-дей полиция офицерлерін жіберген болатын. Ал, Өзбек генералы Рашид Достум мен Тәжік дала қолбасшысы Атта Мұхаммедтің әрқайсысын қолдаушы жасақтар саны бірнеше он мыңдап саналады. Бұл қадам Қарзай өкіметінің халықаралық қолдаушыларының көмегімен, өз билігін елдің барлық шалғайларына дерлік жүргізу үшін күш сала бастағандығының белгісіндей болып отыр. Сенбі күні Ауған İшкі істер министрі Әли Ахмед Жалали мен Британия ресми өкілдері жоғарыда аталған дала қолбасшыларымен кездескен болатын. Бұл жөнінде Азаттық радиосының Ауғанстандағы тілшісі Зохра Сафи ханым былай деп хабарлауда.

- Бұл жерде Жалали, Достум, Атта Мұхаммед және Британияның Ауғанстандағы елшісі мен Британияның Мазари Шарифте орналасқан Аймақтық қайта құру жасағының өкілдері арасында кездесу болды. Ол кездесулер жабық есік жағдайында өткізілді, - дейді тілші.

Сафидың хабарына қарағанда, кездесу барысында министр Жалали жиналғандар арасында Қарзай өкіметі алға тартып отырған кең тұрғыдағы жоспардың талқыланғандығын айтқан. Ол жоспар бойынша, елдің солтүстігіндегі әскери және әкімшілік салаларда түбірлі өзгерістердің жүзеге асырылуы көзделуде. Сафи ханым сондай-ақ сенбі күні Достум мен Мұхаммедтің өзара атыстарды тоқтату жөніндегі келісімге қол қойғандығын да хабарлап отыр. Мұндай келісім қадамдарын елдің басқа да атыс жүріп жатқан жерлеріне жаю басты мақсат болуда. Ол аймақтар- Балх, Саманган, Иоузиан, Сари-Пул және Фаряб өңірлері. Ал, бейсенбі күні қос қолбасшы алғашқы келісімге қол қойған еді. Кейбір хабарларға қарағанда, соңғы шайқастар барысында 60-тай жауынгер қаза болса керек. Ал, БҰҰ-ның Ауғанстандағы өкілдігі мұндай көрсеткіштерді растай қойған жоқ. Батыс журналистерінің хабарлауынша, сенбі күні қол қойылған келісімнің өміршеңдігіне қазірдің өзінде қауіп төніп тұрғандай. Себебі, Сари-Пул провинциясында шайқастар сенбіден бергі аралықта қайталанған екен. Солтүстік Ауғанстанға арналған БҰҰ-ның қарусыздандыру жөніндегі арнайы бағдарламасы алдағы 10 күн ішінде осылайша жүзеге асырыла бастайтын сыңайлы. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше кейбір өкілдердің айтуынша, Ауғанстанға байланысты жаңа қарар ең тез дегенде осы айдың соңына қарай қабылдануы мүмкін. Ол бойынша Халықаралық қауіпсіздік көмек күштері Ауған астанасы Қабылдан тыс аймақтарға жайғастырыла бастайтын болады. Ресми Берлин болса Құндыз қаласында орналасқан Аймақтық қайта құру жасағы құрамын германиялық қосымша жасақтармен толықтыру жөнінде ұсыныс жасап келеді. БҰҰ бұл ұсынысты да мақұлдайтын сыңайлы.
XS
SM
MD
LG