Accessibility links

Сейілдеп жүріп шұңқырға құлап қалған атақты боксшы Геннадий Головкин ширек финалдық жекпе-жекке шыға алмай қалды.


Астанадағы «Алатау» спорт кешенінде бокстан өтіп жатқан Қазақстан чемпионаты ақтық айқастар жақындаған сайын қыза түсуде. Бір өкінерлігі, спорт әуесқойлары тағатсыздана күткен, қарсыластарының бәрін есеңгірете жеңіп келе жатқан қарағандылық спортшы Геннадий Головкиннің жекпе-жегі болмай қалды. Ол рингке шыққан жоқ. Бапкерлерінің айтуынша, спорт сарайының маңында сейілдеп жүрген кезінде байқамай ашық тұрған құдыққа құлап жарақаттанып қалған көрінеді. Оның қарсыласы, Оңтүстік Қазақстан облысынан келген Данабек Жаманқұлов тер төкпей-ақ жартылай финалдан бір-ақ төбе көрсетті. 51- киләға дейін салмақ дәрежесінде жартылай финалға астаналықтар Қанат Әбутәліпов пен Нұржан Кәрімжанов шықты. 48 киләда астаналық Асхат Сыздықовтың , шымкенттен келген Жандос Жұмабеков пен Серік Сиқымбаевтың және ақтөбелік Рыскелді Алмановтардың жолы болды. Ал 54 килә салмақ дәрежесінде Әлем кубогының күміс жүлдегерлері Берік Серікбаев пен Төлен Қанатов және елордалық Ринат Жаңдыбаев пен алматылық Мижан Жақсылықовтар қарсыластарын айқын басымдылықпен ұтты. Сондай-ақ, 60 киләда жастар арасындағы әлем чемпионы, Серік Елеуов, Павел Никитин, Қанат Орақбаев және Абзал Адамбаевтар жартылай финалға ентікпей жетті. Ал, 69 килә салмақта астаналық боксшы Артем Лаштабега Ақтау қаласы командасының мүшесі Руслан Андақұловтан басым түсті. Осы салмақ дәрежесінде Артемның командалас серігі Руслан Мыржықбаев семейлік Әлібек Қасымовты тізе бүктірді. Қалған салмақ дәрежелері бойынша да жекпе-жектер аса тартысты өтуде. Бүгін сағат 16- 00-де сағатта жартылай финалдық жекпе-жектер өтеді, ал жұма күні 12 сағаттан бастап 11 салмақ дәрежесі бойынша финалдық жарыстар басталады.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG