Accessibility links

Демократиялық таңдауы халық партиясы туралы РХП мәлімдемесі


Сәрсенбі күні Қазақстанның әр аймағынан келген РХП мүшелері Алматыда бас қосып, демократиялық таңдауы қозғалысы негізінде құрылып жатқан жаңа саяси ұйым жөнінде пікірлерін ортаға салды. Осыған орай РХП атқару комитетінің төрағасы Әміржан Қосанов мәлімдеме жасады.

- Таяуда құрылғанына бес жыл толатын РХП-сы осы уақыт аралығында оппозициялық күрестің үлкен мектебінен өтті. Қазір Қазақстанда демократпын, бүгінгі биліктің келеңсіз әрекеттеріне қарсымын деген азаматтар көбейіп жатыр. ДТҚ-ның партияға ұласуы сол заңды құбылыстың көрінісі. Біз мұны қолдаймыз, - дейді Әміржан Қосанов.

Бұл мәселеге орай өткен мәжілісте РХП мүшелері бірауыздан мәлімдеме қабылдады. Онда көтерілген негізгі екі ой бар. Алғашқысы, республикалық халықтық партия Қазақстандағы кез-келген демократиялық сипаттағы ойды қолдайтындығы. Мәселен, Коммунистік, Ақ жол, Патриоттар партияларының демократия, сайлау, сөз бостандығы секілді өзекті мәселелерде мүдделес екендігі айтылады. Сондай-ақ, осы партияның мүшелері қазір таңдау алдында екендігі сөз болды. Бұрын олар толып жатқан қозғалысқа кіруіне болатын. Ал бір партияға ғана мүше болa алады. Сондықтан РХП өкілдері жаңа саяси ұйымға көмек, қолдауларын білдіріп, атсалысатындықтарын айтуда.
XS
SM
MD
LG