Accessibility links

Шілде айынан бастап облыс әкімдері Үкіметте индустриялдық-инновациялық стратегияны іске асыру барысы жайында есеп бере бастайды


Ақпанның 5-і күні кешкісін өткен үкімет отырысында индустриялдық-инновациялық даму стратегиясының орындалу барысы облыс әкімдерінің қатысуымен қаралды.

Өткен жылдың қазақ айының 21-інде болған үкімет отырысында аталғандай стратегияның аймақтық бағдарламаларын облыстық әкімдіктердің дайындап, қабылдауы туралы тапсырма берілген.

Алайда, Үкімет басшысы Даниал Ахметовтің айтуынша, аймақтық биліктермен бір ғана жоба іске асырылған.

Әлеуметтік проблемаларды шешуде де көп мәселелер бар болып отыр.

- Жергілікті жерде қандайма болмасын әлеуметтік міндеттерді шешуде сіздер Мемлекет басшысы анықтаған басымдылықтарды ұмытып кетесіздер. Ауыл мектептеріне жөндеу жасауға көңіл бөлу керек. Көптеген қарапайым қадамдарды жасауға болады, өкінішке орай жасалмай жатыр, - деді Премьер-министр.

Индустрия және сауда министрі Әділбек Жақсыбеков, Индустриялды-инновациялық стратегияны жүзеге асырудағы аймақтық бағдарламаларға тоқталды.

Министрдің айтуынша, әкімдіктер жоғары технологиялы өнімдерді қарастырмайтын бір тұрпаттағы жобалар тапсырған.

Енді шілде айынан бастап облыс әкімдері Үкіметте индустриялдық-инновациялық стратегияны іске асыру барысы жайында есеп бере бастайтын болады. Даниал Ахметов осы мәселені Үкімет кеңсесінің жетекшісі Алтай Тілеубердинге тапсырды.
XS
SM
MD
LG