Accessibility links

Ауғанстандағы елбасы сайлаулары кезінде қауіпсіздіктің сақталуына бірнеше күштер жұмылдырылмақшы


Ауғанстанда қазанның 9-да өтетін елбасылық сайлаулар кезінде халықаралық және ұлттық жасақтардың, сондай-ақ тайпа басшыларының біріккен ұмтылыстары қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етпекші. БҰҰ бас хатшысының Бейбітшілік сақтау күштері бойынша орынбасары жергілікті жерлердегі қауіпсіздік шаралары үшін Ауған полициясы мен армиясының жауапты екендігін айтқан болатын. Оларға халықаралық күштер тек қолдау көрсетіп отыратын болады.

Бейбітшілік сақтау күштері бойынша БҰҰ бас хатшысының орынбасары Жан Мари Гайуноның сөзіне қарағанда, Ауған сайлаушыларының, сайлау бекеттері қызметкерлерінің, сондай-ақ келесі айда болатын сайлаушылар дауысын есептеу үдерісінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірнеше салалардан біріккен күштер қызмет ететін болады. Дей тұрғанмен БҰҰ-ның ресми өкілдері қазанның 9-да болатын елбасылық сайлаулар барысында, сол сайлауларға кедергі жасағысы келетін топтар тарапынан біраз күш қолданулар жүзеге асуы мүмкін деп болжам жасауда. “Ел бойынша немесе сайлау болатын күннің айналасында күш қолданулардың көбейіп кету мүмкіндігі жоққа шығарылмауда. Әсіресе сайлау бөлімшелері мен сайлаушылар бюллетендерін таситын көліктерге және сайлаушылар дауысын санау орталықтарына жасалуы мүмкін шабуылдарға толық түрде тойтарыс беру үшін барлық шаралар қарастырылуы тиіс”,- деген еді Гайуно мырза. Оның айтуынша, Ауған Ұлттық полициясы кем дегенде 25 мыңдай сайлау бөлімшелерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ететін болады. Ал, ұлттық армия өз тарапынан дауыс беру аймақтарын, сондай-ақ халықаралық күштер болса сайлау бюллетендерін тасушы көліктердің, соған қосымша дауыстарды санайтын сегіз орталықтың қауіпсіздігін қадағалайтын болады. НАТО-ның бастауындағы халықаралық қауіпсіздік жасағы қатарында 8 мыңдай солдат, ал АҚШ күштері қатарында 18 мыңдай әскерилер бар екен. Алайда бұл көрсеткіш аса жеткіліксіз, дейді бас хатшы орынбасары. Гайуно мырза сонымен бірге елдің оңтүстігі мен шығысында сайлау үдерісінің қалыпты жағдайда өтуіне жергілікті қауымдастық пен тайпа басшылары көмектеседі, деп есептеуде. Себебі олар сайлаушыларды тіркеу барысында көп көмектескен болатын.

Ал, Адам хұқықтарын қорғау тобының бақылаушылары болса жергілікті командирлер мен дала қолбасшылары сайлаушыларды қорқытып-үркіту арқылы сайлаудың барысына әсер етуге тырыспақшы,-дейді. Мұндай құбылысты Гайуно мырза да мойындап отыр. Алайда ол қоқан-лоққылар тұтас сайлау үдерісіне әсер ете қоймас, деген сенім білдіруде ол. БҰҰ-ның Исламабадтағы өкілдерінің айтуынша, елбасылық сайлауларға дауыс берушілердің көп дегенде 10 пайызын Ауған босқындары құрауы мүмкін.

Пәкістан мен Ирандағы сайлау үдерістеріне БҰҰ тарапынан жауапты директор Петер Ербеннің сөзіне қарағанда елдің сыртындағы сайлаушылар дауысы аса маңызды. Алайда, шеттегі ол сайлаушыларға қарулы топтар айбат шегуде екен. Мысалы, өткен аптада Талибан жақтастары Пәкістандағы босқындар лагерінде үнпарақтар таратқан болатын. Ол қағаздарда: “егер кімде-кім сайлау науқанын ұйымдастырушы қызметкерді өлтіретін болса, онда оған керемет сыйлақ бар. Ал, сайлаушыны тіркеу құжатын қабылдаған адам жазаланатын болады”, делінген.
XS
SM
MD
LG