Accessibility links

Алматыда қатты жер сілкінісі болуы мүмкін бе?


Қазақстандық тәуелсіз ақпарат көздері таяу болашақта сейсмикалық жағынан апатты аймақ саналатын Алматы қаласында күші 7-8 баллдық жер сілкінісі болуы мүмкін деген ақпарат таратты. Бұл болжам мамандар мен қарапайым халықтың алаңдатушылығын тудырып отыр. Сейсмология институтының мамандары бұл деректі жоққа шығарғанымен, олар алдағы он жыл ішінде Алматы қаласы аумағының күшті жер сілкіну мүмкіндігі жоғары дегенді айтып отыр. Ақпарат көздерінің келтірген деректеріне қарағанда, Алматы қаласындағы ғимараттар мен бүгінде салынып жатқан құрылыстар сейсмикалық жағынан қауіпті. Жер сілкінісі орын ала қалған жағдайда қалада 500 мыңға жуық адам зардап шегіп, олардың 350 мыңға жуығы көз жұмуы мүмкін. Осы мәселеге байланысты біздер жақын уақытта Алматы қаласында жер сілкінуі мүмкін бе? деген сауалмен Сейсмология институтына қоңырау шалған едік. Сейсмология институты директорының орынбасары Асқар Оспанов мырза жоғарыдағы мәліметті жоққа шығарды. Оның айтуынша, аталған институттың мамандары жер сілкіну жағдайына байланысты қысқа мерзімді, орта және ұзақ мерзімді болжамдар жасайды. Асқар Оспанов мырза 2004 жылдың аяғына дейін Алматыда күшті жер сілкінісі бола қоймайды дейді:

- Ұзақ мерзімді болжау бойынша, Алматы қатты жер сілкіну жағдайы жоғары. Ал Үстіміздегі 2004 жылдың аяғына дейін ешқандай жер сілкінісі болмайды. Алматы қаласы аумағының сейсмикалық белсенділігі өте жоғары. Тұрғын үйлер мен ғимараттардың да сейсимикалық шыдамдылығын туралы айту қиын.

Нақты деректерге қарағанда, Алматы қаласының өзінде соңғы тоғыз айда 2415 төтенше оқиға тіркеліп, оның салдарынан 1937 адам жапа шегіп, 170-і мерт болған. Келтірілген шығынның жалпы құны 71,8 млн. теңгені құрапты.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарманың төрағасы Бауыржан Ысқақов: - Орын алуы мүмкін әр төтенше жағдайға басқарманың құтқарушылар қызметі дайындық үстінде. Бәлен күні жер сілкінеді, біз оған 100 пайыз дайынбыз деп кесіп айту қиын.

Ал Алматы қаласының тұрғындары тосын жағдай орын алған жағдайда Төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма дәрменсіз дегенді айтуда.

Бірінші азамат: - Алматы қаласында қатты жер сілкінісі болады дегенді естіп жатырмыз. Ол қаншылықты шындыққа жанасады ол жағын білмеймін. Кейбір азаматтар осындай қиыншылықтан бастарын ала қашып, Астанаға кетіп жатыр. Құдайдың басқа салғанын көреміз. Ал Төтенше жағдай жөніндегі басқарманың қызметкерлері бірінші көмекке келеді дегенге сенбеймін.

Екінші азамат: - Табиғат - тілсіз жау ғой. Табиғатқа сабырлық берсін. Егер де бір жағдай бола қалса, ешкім бізді сақтап қала алмайды. Төтенше жағдайлар жөнінде комитет бар. Олардың не істеп отырғандарын біз білмейміз. Отырған олар жәй отыр ма, ақша алып отыр. Менің естуім бойынша олар ештеңе де істеп отырған жоқ.
XS
SM
MD
LG