Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10-28-2003

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Мерзімді және тәуелсіз басылымдар Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Швеция Корольдігіне сапарына әр түрлі баға беріпті. Сондай-ақ бейсенбі күні жарық көрген баспасөз бетінде Мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбайдың “Сайлау әділ өтпеді” деп жасаған мәлімдемесін талқылау жалғасын тауып отыр.

Бейсенбі күні жарық көрген “Казахстанская правда”, “Түркістан” және “Сөз” басылымында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Швеция Корольдігіне ресми сапарының аяқталғандығына орай мақалалар жарық көріпті. “Түркістан” басылымының хабарлауынша, үстіміздегі жылғы бес айдың ішінде екі ел арасындағы тауар айналымы 35 миллион 600 мың долларды құрайды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Швеция премьер-министрімен кездескен кезде, оны Қазақстанға ресми сапармен келіп-кетуге шақырған.

“Казахстанская правда” басылымы да бұл тақырыпқа айрықша назар аударыпты. Газеттің бірінші және екінші бетінде жарық көрген Алевтина Донскихтың арнайы репортажында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Швеция корольдігіне жасаған ресми сапарының мән-жайысы егжей-тегжейлі баяндалыпты.

“Сөз” басылымы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Швецияға сапары туралы “Еуразия” интернет-парақшасында жарық көрген мақаланы көшіріп басыпты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Нұрсұлтан Назарбаевтың Швецияға баруы ресми емес, Швециядағы Қазақстан елшілігі ұйымдастырып жатқан сауда және инвестиция мәселеріне байланысты конференцияға барған жеке сапары болып табылады. “Сөз” газетінің хабарлауынша, Швецияның құқық қорғаушылары коррупцияға қатысы бар басшы неге шақырылған деген сауалға, Швеция мемлекетінің ресми орындары осындай мағынадағы жауап берген. “Орталық Азиядағы демократияны қолдау қоғамы” Мемлекет басшысының сапары барысында Швецияның премьер-министрі Герон Пирсонға Қазақстандағы жағдай және Нұрсұлтан Назарбаевтың осы елдегі демократияны құдалауға ұшыратып отырғандығына орай меморандум тапсырған. Аталмыш меморандумда Нұрсұлтан Назарбаев басқарып келе жатқан уақыттың ішінде президенттік және парламенттік сайлау қорытындыларының ылғи да бұрмаланатындығына баса назар аударылған. Мақала авторының айтуынша, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Швецияға сапарынан кейін Хелсинскі комитеті осы елдің “Дагес нюхитер”, Афтонбладает” секілді беделді басылымдары арқылы Солтүстік Еуропаның саяси өкілдеріне Қазақстан, Түркіменістан, Белорусия секілді елдердің шенеуніктері мен басшыларымен байланысты үзу және осы аты аталған елдің басшылары мен шенеуніктерінің демократиялық елдерге деген сапарларына шектеу қою керектігі туралы үндеу жариялағалы отыр. Мақалада “Дагес Нюхитер” басылымы мен STV телеарнасының журналистерін Қазақстандағы барлық ақпарат құралдарын Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасы мүшелерінің жекшелендіріп алғаны алаңдатып отырғандығы да айтылыпты.

Мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбайдың “Сайлау әділ өтпеді” деп жасаған мәлімдемесін талқылау мерзімді басылымдардың басты тақырыбына айналды десе де болады. “Азат” газетінің соңғы санында Қазақстан демократиялық күштері Үйлестіру Кеңесінің Жармахан Тұяқбайдың 2004 жылдың 18 қазанында жасаған саяси мәлімдемесіне орай саяси мәлімдемесі жарық көріпті.

Бұл мәлімдемеде “Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы, “Отан” партиясы ұсынған партиялық тізімнің жетекшісі Жармахан Тұяқбайдың жаңадан сайланған Парламенттің заңсыздығы туралы мәлімдемесі бұл сайлауға шығарылған соңғы үкім. Біз бұл қалыптасқан жағдайдан өркениетті түрде шығу үшін сайлаудың ресми нәтижелерін жоққа шығарып, жаңа әділ де әділетті сайлау өткізу қажет деп есептейміз. Ел президенті Қазақстан Конституцияның кепілі ретінде Қазақстан азаматтарының бұзылған құқығын қалпына келтіру үшін жедел шара қолдануға міндетті” деп жазылған.

“Мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбайдың бұған дейін “сайлау әділ өтті, заң бұзушылықтар болған жоқ” деп келген отандықтарды жерге қаратып ақиқаттың бетін ашқанына қырдағы ел де, ойдағы ел де дән риза” деп жазыпты “Жас алаш” басылымы. Мақала авторының айтуынша, “Отанның” қатарынан шығып, депутаттық мандаттан бас тартқан спикерді қазір қоғам болып ел, болып жұрт болып қолдап отыр.

Ал, “Аргументы и факты” газетінің “Қазақстан” қосымшасы мәжіліс спикері Жармахан Тұяқбайдың мұндай мәлімдеме жасауының екі түрлі себебі болуы мүмкін деп санайды. Оның біріншісі Жармахан Тұяқбай келешекте мәжіліс спикері қызметінен айрылып қалатындығын білгендіктен әдейі жасалып отырған қадам. Ал, екіншісі осындай мәлімдеме жасауы арқылы Жармахан Тұяқбай атқарушы биліктегі жақсы қызметке қол жеткізуді көздеп отыр.

“Сөз” газетінің редакторы Шәріп Құрақбаев та бұл мәселеге айрықша тоқталып, Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің төрағасы Жармахан Тұяқбайдың мәлімдемесі елдің саяси өмірінде бомба жарылғандай әсер етіп, “Отан” партиясы мен президенттің имидждерін қатты шайқап кетті деп жазыпты. Мақала авторының айтуынша, Қазақстан Президенті Әкімшілігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетов ең сенімді журналистерін шақырып алып, олармен жабық есік жағдайында құпия кеңес өткізіп, журналистерге Жармахан Тұқябайдың мәлімдемесін жоққа шығару туралы тапсырма берген.

Ал, “Время” газетінің тілшісі Виктор Верктің айтуынша, мәжіліс спикері Жармахан Тұяқбайдың аты-шулы мәлімдемесі мен “Отан” партиясының қатарынан шығуын көптеген саясаткерлер Иманғали Тасмағамбетовке бағышталған қарсы қадам ретінде бағалап отыр. Алайда газет тілшісінің айтуынша, Қазақстан Президенті әкімшілігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетовтың өзі бұл мәселеге байланысты “Время” газетіне түсініктеме беруден бас тартыпты.
XS
SM
MD
LG