Accessibility links

Қазақ саясаткерлері Палестина мемлекетін құру үлкен төзімділік, қажыр-қайратты талап ететінін айтады


АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райстың «Палестина мемлекетін құру - таяу шығыста бейбітшілік орнатудың кілті» деген мәлімдемесін оң баға берген қазақстандық саясаткерлер бұл мәселе Израиль мен Палестина арасында бейбіт жолмен айқындалуы тиіс деген пікір білдіреді.

Алдағы күндері таяу шығысқа жасағалы отырған сапары алдында АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс палестина-израиль кикілжіңін шешуге бағытталған АҚШ-тың жаңа саяси ұстанымын мәлімдеді.

«Палестина мемлекетін құру - бұл таяу шығыста бейбітшілік орнатудың кілті, сондықтан да Израиль Палестина халқының тілегін қанағаттандыратын Палестина мемлекетінің құрылуына жағдай жасауы керек» деген Кондолиза Райс.

АҚШ мемлекеттік хатшысы таяу шығыс елдеріне алдағы сапары барысында Израиль және Палестина автономиясы басшыларымен кездесуді жоспарлап отыр. АҚШ сыртқы саясаты басшысының ауызынан шыққан бұл мәлімдемеге байланысты қазақстандық бірқатар саясаткер, сарапшылар өз ой пікірлерімен бөлісті.

Мысыр, Малайзия елдерінде ұзақ жылдар Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған, қазірде президенттік "Отан" партиясының саяси кеңесінің мүшесі Болатхан Тайжан Палестина халқы өзінің мемлекетін құруға қашаннан бері құқылы екендігін айтып, "АҚШ Палестина мемлекетін құру жөніндегі бұл ұсыныс жоспарын бұдан да ертерек айтуы керек еді" деген пікірде.

- Алайда «ештен кеш жақсы» демекші, АҚШ мемлекеттік хатшысының бұл жөніндегі мәлімдемесі жақсылықтың нышаны болмақ, - дейді ол.

Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметін атқарған, «Ақ жол» демократиялық партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлының пікірінше, "ең алдымен Палестина мен Израиль екеуінің арасындағы шекараны және Иерусалим қаласын қалай бөлісу мәселесін түбегейлі шешкен жөн".

- Бұл мәселелер шешілмесе қақтығыс, дау үнемі болып тұрады. Палестина жағы террорлық іс-әрекеттерге барудан бойын аулақ салғаны жөн және де екі жақта өз араларында бұрын келіскен келіссөздердің толық орындалуы үшін үлкен төзімділік, қажыр-қайрат танытулары керек, сонда ғана АҚШ мемлекеттік хатшысының бұл айтқандары іске аса алады, - дейді Алтынбек Сәрсенбайұлы.

Израиль елінің Қазақстандағы елшілігінің баспасөз өкілі Мирза Узавиттың айтуынша, "Израиль Палестина мемлекетінің құрылуына қарсы емес, бұнымен келіседі, бірақ ол үшін алдымен палестина жағы бірқатар мәселелерді шешу керек" көрінеді.

- Ең алдымен террорлық іс-әрекеттерді біржолата тоқтатуы керек, - дейді израиль елшілігінің өкілі.

Азаттық тілшісі бұл мәселеге байланысты Қазақстандағы Палестина елшілігімен де хабарласқан еді. Алайда ондағы тәртіп бойынша журналисті алдымен өз сұрақтарын жазбаша түрде күні бұрын елшілікке жолдауы тиіс екен. Соған сай елшілік бұған қатысты асықпай жауап беретінін айтып шығарып салды. Сондықтан бұл жолғы хабарымызда Палестина елшілігі өкілінің пікірін берудің сәті түспеді.
XS
SM
MD
LG