Accessibility links

Баспасөзге шолу. 16 ақпан 2005 жыл.

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Сәрсенбідегі басылымдар Көкшетау, Шымкент, Орал мен Талдықорғанда "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясының жабылғандығына наразылық білдірген шерулердің өткендігін, ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы, Словенияның сыртқы істер министрі Димитрий Рупель оппозициялық партияның жабылуына Батыстың алаңдаушылығын білдіргенін хабарлапты.

“Сөз” газетінің шұғыл жарық көрген санында “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясын” жабу туралы шешімді қалалық соттың өз қалпында қалдырғандығына байланысты мақалалар топтамасы беріліпті.

Газеттің бірінші бетінде жарияланған “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының” өздерінің жақтастарына арналған үндеуінде "Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың режимі заңсыздық пен мемлекеттік экстремизимге шейін барды" деген сөздер айтылыпты. Үндеуді жазушылардың айтуынша, президентке бағынышты соттар оппозициялық партияны жабу арқылы демократиялық құрылымға, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық беделіне нұқсан келтіріп отыр. “Сөз” газеті арқылы өз ойын білдірген экс-спикер Жармахан Тұяқбай "биліктің бастапты кезден-ақ саяси партияны жабуға қатысты ниетінің анық аңғарылғандығын" айта келіп, "құқық қорғаушы ұйымдардың күн өткен сайын режим қорғаушы ұйымға айналып бара жатқандығын" атап өтіпті.

Қазақстан коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин “Сөз” газетіне берген сұхбатында “егер де мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тарапынан бұйрық түспесе, Қазақстандағы соттардың ешқайсысының да саяси партияны жабуға батылы жетпес еді” деген пікірін білдіріпті. Серікболсын Әбділдиннің айтуынша, "сот тек биліктің тапсырысын ғана орындап отыр".

Сондай-ақ “Сөз” газетінде Көкшетау, Шымкент, Орал және Талдықорғанда “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының” жабылып қалғандығына байланысты, аталмыш партияның жақтастарының наразылық шеруін өткізгендігі хабарланыпты. Газет келтірген деректерге сүйенсек, бұл шерулерге мыңдаған адамдар қатысып, “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының” жабылуына өз қарсылықтарын білдірген.

“Экспресс К” басылымында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы, Словенияның сыртқы істер министрі Димитрий Рупельдің Қазақстанға келгендігі хабарланыпты. Газет тілшісінің айтуынша, Қазақстан парламенті санатының депутаттарымен кездескен Димитрий Рупель оппозициялық партияның жабылуы "Батыстың алаңдаушылығын туғызып отырғандығын" мәлімдепті.

Қазақстан президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев “Литер” және “Айқын” басылымдары арқылы соңғы саяси оқиғаларға баға бере отырып, “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының” жабылуына қатысты өз ойын білдіріпті. Ермұхамет Ертісбаевтың айтуынша, "қазір қазақстандық оппозицияда өзінің большевиктері мен меншевиктері бар".

"Сондықтан президент әкімшілігі Қазақстанда өтіп жатқан саяси процестерді қадағалап отырады, әсіресе оппозициялық ортаны. Алайда болып жатқан оқиғаларға президент әкімшілігінің қатысы бар деу қисынсыз" дейді Ермұхамет Ертісбаев. Оның пікірінше, "соттың шешімімен банк емес, акционерлік қоғам емес, мемлекет басшысын мойындамауға және азаматтық мойынсұнбауға шақырған саяси партия жабылғандықтан, бұл саяси партияның жағымсыз іс-әрекеттерін ешкім де жоққа шығара алмайды". Сондай-ақ Ермұхамет Ертісбаев “Литер” және “Айқын” басылымдары арқылы "Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының" басшылығындағы қарама-қайшылықтың жасырын түрде жүргендігін және бұл жайттың аз ғана адамдарға белгілі болғандығынан хабардар етіпті.

"Қожахметовтың басшылық стиліне қарсы тұрған Своик пен Ерғалиеваның әрекеті бұл қадамның шегі емес. Бұл – “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының” құрылтайшылары мен басты демеушілері арасындағы терең және дағдарысты қарама-қайшылық. “Ақ жолда” да сондай жағдай, біреулері Қазақстанды эволюциялық жолмен дамығанын көргісі келеді, екіншілері берекесіз тәртіпсіздіктер мен азаматтық мойынсұнбауға шақыратын митингілер арқылы революциялық кезеңге өткісі келеді" дейді Қазақстан президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев “Литер” және “Айқын” басылымдарына берген сұхбатында.

“Мегаполис” апталығында “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясы” туралы материалдар жиі жарық көретін “Сөз” газетін сотқа берген Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің мүддесін қорғаған адвокат Анатолий Гинзбургтан алған сұхбат жарияланыпты. Анатолий Гинзбургтың айтуынша, 27 қаңтар күнгі “Сөз” басылымында жарық көрген мақаладағы “Ақ жол” партиясының адамдарын ҰҚК қызметкерлері торауылдап, бақылап жүр деген деректер шындыққа үйлеспейді. Интернет басылымдары мен “Ақ жол” партиясының басшылары өткізген баспасөз-мәслихаттарында, оқиға болған мейманхананың жанында ішкі істер министрлігінің қызметкерлерінің болғандығы айтылған. Ал, қлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ол жерде болмаған.

Адвокат Анатолий Гинзбургтың айтуынша, “Сөз” газетінің басшылары "осы оқиғаның онан сайын ушығуына жол беріп отыр". Сот процесі барысында жауап беруші жақ өзінің жазығы жоқ екендігін дәлелдеудің орнына, ұлттық қауіпсіздік комитетін қаралайтын материалдарды басуды жалғастыра берген дейді адвокат.
XS
SM
MD
LG