Accessibility links

Қазақ онкология және радиология институтына бөлінген ақша қайда кетті?

  • Дәнеш ҰЗАҚ

Қазақстан тұтынушылары ұлттық лигасының президенті Светлана Савченко Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басшылығынан мемлекеттен бөлінген қаржыны қайда және қалай жұмсалғаны туралы сұрайды.

Қазақстан тұтынушылары ұлттық лигасының президенті Светлана Савченко Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басшылығы ісік ауруларын емдеуге қажет құны 3,5 миллион АҚШ доллары тұратын “Клинак 2100” және “Селектрон” аппартаттарын жөндеуге бөлінген қаржыны қайда жібергендері жөнінде есеп бере алмайды дейді.

Мамандар аталған аппараттар Орталық Азия елдерінің ішінде тек Қазақстанда ғана барын айтады. Қазақстан тұтынушылары ұлттық лигасының президенті Светлана Савченконың сөзінше, мемлекеттен арнайы қаржы бөлінгеніне қарамастан, сондай құралдардың алды 7 ай, арты 2 жыл бойы жұмыс істемей тұр.

- Мен “Селектрон” аппаратының қашан жөнделетіндігін және оны жөндеуге арнайы бюджеттен бөлінген қаржының қайда кеткендігін білгім келеді, - дейді Светлана Савченко.

Ал Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Ғазиз Қанапиянов институтта тұрған құралдар жұмыс істейді деп сендіруге тырысты.

- Біздің институтта бір аппарат профилактикалық жөндеуде тұр, екінші “Селектрон” деген аппараттың тек сәуле беретін көзі тозған, былай алғанда аппарат жұмыс істейді, - деді Ғазиз Қанапиянов Азаттық тілшісіне.

Қазақстан тұтынушылары ұлттық лигасымен бірігіп осы мәселемен айналысып жатқан әділет полковнигі Есенгелді Мұңғатов, аталған жайтқа қатысты қазір қылмыстық істің қозғалғанын айтады.

- Өткен жылдың қарашасында, Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институты директорының орынбасары Қосанов пен осы мекеменің бухгалтері Батпаевтың үстінен бұл мәселеге байланысты қылмыстық іс қозғалды. Аталған аппараттарды жөндеуге және басқа да құралдар, дәрі-дәрмектер сатып алуға қажет деген желеумен онкология және радиология институтына бөлінген 1,5 миллиард теңгеге жуық ақша қолды болған, - деді Есенгелді Мұңғатов.

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Сурия Есентаева институтта уақытша жұмыс істемей тұрған “Селектрон” аппаратының қызметін алмастыратын өзге құралдар бар деп отыр.

- Бізде “Клинак 600”, “Терагам”, “Сириус” секілді аппараттар жұмыс істеп тұр, олар “Селектрон” құралының қызметін алмастыра алады, - деді Сурия Есентаева.

Ал Қазақстан тұтынушылары ұлттық лигасының президенті Светлана Савченко институтқа бөлінген қаржының мақсатына сай жұмсалмауынан науқастар зардап шегіп отыр дейді.

- Онкология және радиология институты ауруларға берілетін квота қаржысын да ысыраппен пайдаланып отыр, осының кесірінен көптеген аурулар қажетті ем ала алмай отыр, - дейді ол.

Бірақ, Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институты директорының орынбасары Ғазиз Қанапиянов квота мәселесі институтқа еш қатысы жоқ дегенді алға тартады.

- Квотаны біз бермейміз. Квота мәселесі денсаулық министрлігі арқылы шешілетін мәселе, біз тек квота берілуге тиісті аурулардың санын береміз, - деді Ғазиз Қанапиянов.

“Селектрон” аппаратына қажетті бөлшектер тек Голландиядан әкелінеді дейді мамандар. Әзірге белгілі болғаны, осындай бөлшектерді сатып алуға тағы бір тендер жарияланған, ол наурыздың 21-іне белгіленіп отыр.
XS
SM
MD
LG