Accessibility links

Қазақстан оппозициясы Қырғызстан уақытша үкіметі басшылығымен жүздесіп қайтты


Қазақстан оппозициясының өкілдері Бішкек қаласында болып қайтты. Қазақ парламентінің экс-депутаты Төлен Тоқтасыновтың айтуынша, олар жұма күні қырғыз парламенті президенттің міндетін атқарушы етіп сайлаған Құрманбек Бакиевпен, сыртқы істер министрі міндетін атқарушы Роза Отунбаевамен және қырғыз оппозициясының басқа да өкілдерімен кездескен.

Наурыздың 25-і күні Қазақстан оппозициясының өкілдері: коммунист Төлен Тоқтасынов, “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының хатшысы Төлеген Жүкеев, “Ақ жол” демократиялық партиясы тең төрағаларының бірі Болат Әбілов және тәуелсіз журналист Ермұрат Бапи Қырғыз елінің астанасы Бішкекте болып қайтқан. Сенбі күні Азаттық радиосының Алматыдағы тілшісіне берген сұхбатында Ермұрат Бапи өздері куә болған Бішкектегі жағдайды жеткізді:

- Бішкектің көшелері тыныш. Ереуілдер негізінен орталық алаңда болып жатқанын көрдік.

Қазақстан коммунистік партиясының хатшысы Төлен Тоқтасыновтың айтуынша, жұма күні кешкісін алаңға жиналғандырдың дені 18 бен 30 жас аралығындағы жастар болыпты. Журналист Ермұрат Бапи, қырғыз жастарынан ереуілді жалғастыруларының себебін сұрап білген.

- Оппозицияның басындағы адамдар ескі парламент пен жаңа парламентті біріктіріп, жаңа парламент және президент сайлауларын өткізгенге дейін халықтық кеңес ұйымдастырмақ ниетте еді. Жастар, әсіресе оңтүстік Қырғызстаннан келген халық, бұл әрекетке қарсы шығып отыр.

Коммунист Төлен Тоқтасыновтың айтуынша, қазақстандық оппозициядан барған “төрттік”, ең алдымен Қырғызстанда орнаған уақытша үкімет мүшелерімен кездесіп, олардың алдағы жоспарлары туралы әңгіме қозғаған.

- Олар ең алдымен, оппозицияның өз арасында ортақ келісімге келмек. Екіншіден, Қырғызстандағы жағдайды қалпына келтіреді. Кеше Құрманбек Бақиев бізге 3 айдың ішінде президент сайлауын өткізетіндерін, жаңадан сайланған парламент мүшелерімен келіссөздер жүргізетіндерін айтты. Сәуірдің 14-іне дейін бұрынғы парламент өз жұмысын атқаратын болады. Ал президенттік сайлауға оппозициядан түсетін нақты екі адам бар: олардың бірі - қазіргі президент міндетін атқарып жатқан Құрманбек Бақиев болса, екіншісі - елдің бұрынғы вице-президенті Феликс Құлов, - деді Т.Тоқтасынов.

Қырғызстандағы биліктің бұлайша тез ауысуына қырғыз оппозициясының өзі дайын болмай шыққанын олардың өздері де мойындап отыр дейді Төлен Тоқтасынов:

- Оппозиция жетекшілерінің ешқайсысы революция небары 2-3 сағаттың ішінде болады, Асқар Ақаевтың кетуі осыншама қысқа уақытта жүзеге асады деп күтпегендерін айтады. Қырғызстанның сыртқы істер министрі міндетін атқарып жатқан Роза Отунбаева “біз Бішкекке киіз үй, әскери палаткалар әкеліп, үкімет үйінің алдында 2-3 айға дейін ереуілдеп жатамыз” деп ойлағандарын айтты.

Журналист Ермұрат Бапи, Бішкек қаласындағы тоналған дүкендер негізінен бұрынғы билікке жақын болған адамдардың меншігінде болыпты дейді:

- Ақаев үкіметінің халықты тізерлеп қайыр сұрайтын жағдайға дейін жеткізген саясатының салдары бұл. Бішкекке келген жұрттың бәрінде елді тонайын немесе өз халқына қарақшылық жасайын деген ниет болған жоқ. Бішкектегі жағдайды аш-жалаңаш келген адамның бай дастарханның үстінен түсіп, жалап-жұқтап дастарханда түк қалдырмаған күйімен салыстыруға болады. Ия, дүкендердің тоналғаны шын. Алайда, бұл дүкендердің бәрі Ақаев отбасы мен соған жақын адамдарға тиесілі. Қарапайым халықтың мүлкіне ешкім тиген жоқ.

Бұқаралық ақпарат құралдары, жұма күні Қырғыз астанасының көшелерінде атыс болғанын хабарлаған еді. Қырғыздың “Кабар” агенттігінің хабарлауына қарағанда, сенбі күні Бішкекте жағдай сәл саябырсыған. Елдегі басты тәртіп орнатушының міндетін мойнына алған бұрынғы вице-президент, ал соңғы 5 жылдан бері сот үкімімен «жемқор» атанып, түрмеде отырған Феликс Құлов “уақытша үкімет елдегі жағдайды толық бақылауда ұстап отыр” деп мәлімдеген. Бішкек қаласында болып қайтқан “Ақ Жол” демократиялық партиясы тең төрағаларының бірі Болат Әбілов қалада тәртіп орнап келеді дейді:

- 300-400-дей жастар тонаушылықпен айналысты. Менің ойымша, бұлар қылмыскерлер болып табылады. Бішкек қаласындағы оқиғалардың алғашқы күндері полиция жұмыс істемеді, соны пайдаланып бұзақылар бірнеше дүкенді тонап кетті. Тіпті, тапаншамен атысқан жағдайлар да болды. Феликс Құлов елде тәртіп орнайтындығын, тонаушылықпен айналысқандар қатаң жазаланатындығын айтты. Қазір полиция қызметкерлері елде тәртіп орнатып жатыр.

Бұқаралық ақпарат көздерінің хабалауынша, бейсенбі күні Бішкектегі Үкімет үйі алдында наразылық толқуы басталған соң белгісіз жаққа ұшты-күйлі жоғалған президент Асқар Ақаевтың жақтастары сенбі күні Бішкек қаласына қарай бет алған. Ресейлік «Интерфакс» агенттігі Асқар Ақаевтың өзі қазір Ресейде жүр деп хабарлады.
XS
SM
MD
LG